Ақпараттық портал

«PROFI-2026» кәсіби байқауы өтті

Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен жуырда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге бағытталған “РROFI – 2026» кәсіби байқауы өтті. Аталған байқау сонымен қатар Шу №10 колледжі және Шу теміржол колледжімен бірлесе ұйымдастырылды.
Байқау аспазшы, электромонтер, дәнекерлеуші және тігінші сынды төрт негізгі жұмысшы мамандығы бойынша өтті. Байқау барысы бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар өз мамандықтары бойынша теориялық білімдерін сынақтан өткізіп, кейін практикалық тапсырмаларға кірісті. Бұл кезеңде олардың кәсіби дағдылары, шапшаңдығы, ұқыптылығы мен қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейі қатаң бағаланды. Аспазшылар белгіленген уақыт ішінде тағам дайындап, оның дәмі мен безендірілуіне ерекше мән берсе, электромонтерлер электр желілерін құрастыру мен ақауларды анықтау бойынша тапсырмаларды орындады. Дәнекерлеушілер темірді дәлдікпен біріктіріп, жұмыстың сапасы мен беріктігін көрсетті. Ал тігіншілер берілген үлгі бойынша киім тігіп, өздерінің шеберлігі мен талғамын паш етті. Әр кезеңде әділқазылар алқасы қатысушылардың жұмысына мұқият баға беріп, кәсіби деңгейіне, шығармашылығына және уақытты тиімді пайдалануына ерекше назар аударды. Қатысушылар әр тапсырманы бар ынтасымен орындап, үздік болуға ұмтылды.
Байқау қорытындысы бойынша әр мамандықтың үздіктері анықталып, жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға көрсеткен белсенділігі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіріліп, болашақта да үлкен жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірілді.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.