Бала тәрбиесін басты орынға қойған фестиваль
Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тағылымы терең мақалдар бар. Осы бір асыл сөздердің астарына үңілсеңіз, қазақ қоғамында баланың тәрбиесі отбасыдан бастау алатынын аңғарасыз. Кез келген ата-ана перзентін жастайынан еңбекке баулып, өмірдің ыстық-суығына төтеп беруге тәрбиелеген. Себебі еңбекпен өскен бала – төзімді, жауапты, мейірімді болып қалыптасады.
Кешегі кең пейіл қазақтың бір нанды бөліп жеп, бір-біріне сүйеу болған дархан заманы бүгінде сағымдай алыстап бара жатқандай көрінеді. Қазір адамдардың санасын қым-қуыт тіршілік, дүниенің қамы, уақыттың тапшылығы жаулап алған. Технология дамыған сайын адам мен адамның арасы алыстап, ата-ана мен баланың арасындағы шынайы әңгіме азайып бара жатқаны жасырын емес. Бүгінгі балаға ас-ауқат, әдемі киім, ойын-сауық жеткілікті болғанымен, мейірім мен уақыттың жетіспей жатқаны қоғамды алаңдататын мәселеге айналды.
Бұрынғы аналарымыз таңның атысы, күннің батысы дамыл таппай еңбек етті. Табаға нан жауып, күбі пісіп, құрт жайып, жүн түтіп, жыртықты жамап жүріп, қыздарына өмірдің сабағын үйретті. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп, ұрпағына ибалылық пен еңбекқорлықты бойына сіңірді. Ал әкелеріміз жер жыртып, мал бағып, ағаш жарып, темірден түйін түйіп жүріп, ұлдарын жанына ертіп, тіршіліктің қыр-сырын үйретті. Ұл бала әкесінің маңдай терін көріп өсті. Сондықтан да ол кезде еңбек етуден қашатын, үлкенге қарсы келетін ұрпақ аз болатын.
Ал бүгін ше? Қазіргі қоғамда баланың қолынан телефон түспейді. Ата-ана да уақыттың жоқтығын алға тартып, баланың жан дүниесіне үңілуден алыстап барады. Бір дастархан басында отырып, бір-бірімен сырласудың орнына, әркім өз әлеміне кіріп кеткендей. Осындай рухани алшақтық талай жамандықтың бетін ашып жатқаны жасырын емес. Сондықтан бүгінгі таңда балаға уақыт бөлу, оны еңбекке баулу, ұлттық тәрбиемен сусындату – ең өзекті мәселелердің біріне айналды.
Осындай қоғамдағы күрделі мәселелерді қозғап, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы Шу аудандық филиалының жанындағы «Әйелдер қанатының» ұйымдастыруымен өткен «Балаңа уақыт арна» тақырыбындағы отбасылық фестивалі – қоғамға ой салған, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайтуға үндеген тағылымды іс-шаралардың бірі болды.
Оған «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының жанындағы «Әйелдер қанатының» төрағасы Айман Ашимова, Жамбыл облыстық әйелдер қанатының мүшесі Дәмеш Ускумбаева, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, «AMANAT» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, Шу аудандық Әйелдер қанатының төрағасы Айжан Байгисиева, құзырлы орган өкілдері, Шу аудандық Әйелдер қанатының мүшелері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Іс-шараның алғашқы бөлімі ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдауға арналды. Ауданға келген қонақтар Көктөбе ауылындағы «Дастан» тұшпара өндіру цехының жұмысымен танысты. Бұл жерде еңбек етіп жүрген аналардың іскерлігі мен табандылығы көпшілікке үлгі болды. Себебі қазақ әйелі қашанда отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның тірегі бола білген. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың еңбегі – қашанда құрметке лайық.
Фестивальдің екінші бөлімінде ұлттық тәрбие мен шығармашылықты ұштастырған түрлі жобалар таныстырылды. М.Х.Дулати атындағы орта мектептің ата-аналары мен білім алушылары ұйымдастырған қолөнер көрмесі келген қонақтардың қызығушылығын тудырды. Көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы бұйымдар қазақы тәрбиенің тереңдігін айқындап тұрды.
Аталған мектеп ұсынған «Smart bala» жобасы қазіргі заман баласының білім мен технологияға деген қызығушылығын дамытуға бағытталды. Бүгінде заман талабына сай білімді ұрпақ тәрбиелеу маңызды болса, оған ұлттық тәрбиені қатар беру одан да маңызды екені айтылды. Себебі рухани құндылықсыз құр білімнің қоғамға пайдасынан зияны көп болуы мүмкін.
Сонымен қатар, Абай атындағы орта мектебі ұсынған «Кітаппен қанаттан» жобасы көпшілік көңілінен шықты. Қазіргі таңда кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеп бара жатқаны рас. Телефон мен әлеуметтік желіге тәуелділік күшейген сайын кітаптың қадірі азайып бара жатқандай. Алайда кітап – адамды рухани байытатын ең үлкен қазына. «Артық білім кітапта» деген сөз бекер айтылмаған. Жоба барысында балалар кітап оқудың маңызын түсіндіріп, әдеби шығармалардан үзінділер ұсынды. «Оқырмандар» жобасы да тәрбиелік мәнімен ерекшеленді. Бұл жобада балалардың әдебиетке деген қызығушылығы мен көркем сөзге құрметі байқалды. Кітап оқитын ұрпақтың ой-өрісі кең, танымы терең болатыны белгілі.
Балалар және жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған «Шашбау тағу – дәстүрлі рәсім» бөлімі де көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп, оның әдебі мен ибалылығын бірінші орынға қойған. Шашбау тағу дәстүрі арқылы қазақ қызының көркі мен тәрбиесі, инабаттылығы дәріптелді.
Ал, Д.Қонаев атындағы орта мектептің ата-аналары мен білім алушылары ұсынған «Қалдық заттарға екінші өмір сыйла» жобасы экологиялық тәрбиеге арналды. Балалардың түрлі қалдық заттардан пайдалы бұйымдар жасауы олардың шығармашылық қабілетімен қатар табиғатқа деген жанашырлығын көрсетті. Бұл – жас ұрпақты үнемшілдікке, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейтін маңызды бастама болды.
Амангелді атындағы орта мектеп ұйымдастырған «Әжемнің құрағындағы әлемі» жобасы көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Құрақ құрау – қазақтың көнеден келе жатқан қолөнерінің бірі. Әжелердің қолынан шыққан әрбір құрақтың астарында өмірдің мәні, тағдырдың ізі, ұлттық рух жатыр. Бұл жоба арқылы өскелең ұрпаққа ұлттық мұраның қадірі түсіндірілді.
Фестивальдің үшінші бөлімі концерттік бағдарламаға ұласты. «Ай жұлдыз» бишілер тобы орындаған «Көктем» биі көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Әсем әуен мен мың бұралған бишілердің өнері кештің сәнін келтірді. Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков сөз сөйлеп, отбасы құндылығы мен бала тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде қоғамның болашағы тәрбиелі ұрпақтың қолында екенін атап өтті.
Көпшілікке ұсынылған «Қоғам дерті» қойылымы да жүректерге ой салды. Қойылымда бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер – ата-ананың балаға уақыт бөлмеуі, телефонға тәуелділік, мейірімнің азаюы сахналық көрініс арқылы әсерлі жеткізілді. Көрермендердің көңілін толқытқан қойылым қоғамдағы ащы шындықты көрсете білді.
Ахановтар отбасының орындауындағы «Ақ тілек» әні де фестивальдің мазмұнын тереңдете түсті. Ән арқылы отбасындағы жылулық, ата-ананың мейірімі мен балаға деген ақ тілегі көрініс тапты. Шара соңында Жамбыл облысы әйелдер қанатының төрайымы А.Ашимова қорытынды сөз сөйлеп, мұндай тағылымды кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Кезекті бөлімде өткен «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» атты дөңгелек үстелде теміржолшылармен кездесу ұйымдастырылып, отбасы тәрбиесі, әйел-аналардың қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды. Себебі әйел – отбасының жүрегі. Ұлт тәрбиесі де ең алдымен ананың әлдиінен басталады.
Қазақ халқы «Тәрбие – тал бесіктен» дейді. Шынында да, балаға дұрыс тәрбие беру – әр ата-ананың қасиетті парызы. Баланың болашағына алаңдау – елдің болашағына алаңдау деген сөз. Сондықтан ұрпағымыздың саналы, тәрбиелі, еңбекқор болып өсуі үшін оларға уақыт бөліп, жүрек жылуын сыйлауымыз керек.
«Балаңа уақыт арна» фестивалі – жай ғана мерекелік шара емес, қоғамға ой салған, ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеген, ата-ана мен бала арасындағы байланысты бекемдеген тәрбиелік мәні зор тағылым мектебіне айналды. Осындай игі бастамалар көбейсе, ұлттың рухани іргесі де нығая түсері сөзсіз.
Айғаным Асқарбек.