ДЕБАТ – ой еркіндігі, шешендіктің мектебі
Қазақта сөз құдіреті жоғары бағаланған. «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтылмаса керек. Бүгінде осы сөз өнерінің заманауи көрінісі – дебат. Пікірсайыс – жастарды тапқырлыққа, шешендікке, дәлелді пікір айтуға және өз ойын қорғауға тәрбиелейді. Қазіргі қоғамда өз ойын еркін жеткізе алатын, дәлелмен сөйлейтін жастардың рөлі ерекше.
Осыны негізге ала отырып, жуырда Ақсу ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманының ұйымдастыруымен Жүсіп Баласағұни атындағы орта мектебінде «Білім және жастар» дебат турнирі өткізілді. Турнир 4 айналымнан, 8 фракциядан тұрды. Сөз сайысында Ж.Баласағұни атындағы мектебінің директоры Қайратбек Тәсібеков пен К.Әзірбаев атындағы мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, дебат үйірмесінің жетекшісі Динара Бекназарова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Фракциялар “БП мектепте смартфон қолдануға толық тыйым салу керек деп есептейді”, “БП емтихандар (ҰБТ) білімді шынайы бағалайды деп есептейді”, “БП ғаламтор кітапты алмастыра алмайды деп есептейді”, “БП жоғары білім бәріне керек емес деп есептейді” деген қарарларда ойларын сараптап, қарсы пікірге сауатты жауап бере алды. Үш ауылдың жастары бас қосқан жарыста таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жататынын аңғардық. Бұл тек жарыс емес, оқушылардың өзін дамытуына, сенімді сөйлеуіне және жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік берді.
Ойын қорытындысы бойынша «Шам мен шырақ» тобы бірінші орыннан көрінсе, «Алаш» тобы екінші орынды, ал «Талапты жастар» үшінші орынды иеленді.
Дебат турнирінің жеңімпаздарына аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары, кубок пен медальдары табысталды. Хакім Абайдың сөзімен басталып, жырау Асан қайғының сөзімен жалғасқан бұл мақаланы А.Байтұрсынұлының қанатты сөзімен тәмамдасам деймін, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Ана тілімізді дәріптеп, өз үлесімізді қосайық!
Айжан Оңланбек,
Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің
11 сынып оқушысы.