Бала құқығын қорғау – басты назарда
Күні кеше ғана Жамбыл облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов Шу ауданында жұмыс сапарымен болып, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы өзекті мәселелерді зерделеді.
Сапар барысында уәкіл ауылдық округтердегі мектептердің, мәдениет үйлерінің және спорт алаңдарының жай-күйімен танысып, олардың балалар игілігі үшін тиімді пайдаланылуына назар аударды. Аталған нысандарды аралау кезінде балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға және олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар мен ескертулер берілді. Сонымен қатар, атқарушы органдардың бұл мәселелердің маңыздылығын ескеріп, тиісті шараларды күшейтуі қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ аудан әкімдігінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және құқық қорғау салаларының өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыс-тар туралы есептер тыңдалып, ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
Жиында денсаулық сақтау саласындағы патронаттық қызметтің жұмысын жүйелеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Отбасын қолдау орталығының қызметі талқыланып, «FSM Social» мобильді қосымшасы арқылы келіп түскен сигналдар негізінде әлеуметтік осал топтағы отбасыларға көрсетілген көмектердің тиімділігі қарастырылды. Осы бағыттағы өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылды.
Уәкіл балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін кеңінен талқылау және алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында білім беру ұйымдарында ата-аналар комитеттерімен тұрақты кездесулер өткізуді ұсынды. Сонымен қатар ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту және бала тәрбиесіндегі өзара ынтымақтастықты күшейту қажеттігіне тоқталды.
Жұмыс сапарының қорытынды-сында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру бойынша тиісті ұсыныстар берілді.
Фариза Нұрханқызы,
журналист.