Мағжан сенген жастың жарқын бейнесі
«Білімді ұлт – сапалы ұлт»… Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір сөзі бүгінгі Қазақстанның басты ұстанымдарының біріне айналды. Өйткені елдің ертеңі де, мемлекет дамуының тағдыры да білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан қай кезеңде де жас буынның сапалы білім алып, жан-жақты дамуына ерекше мән беріліп келеді.
Бұл – жаңа заманның ғана талабы емес. Бір ғасыр бұрын Алаш зиялылары да ұлттың болашағын білімнен іздеді. Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп жастарды ғылымға үндесе, Әлихан Бөкейхан ұлтқа қызмет етудің негізі білім мен парасатта жатқанын айтты. Ал қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев жастарға үлкен үміт артып, «Мен жастарға сенемін!» деп жырлады.
Бүгінде сол сенімнің ақталып жатқанын тәуелсіз Қазақстанның білімді жастары дәлелдеп келеді. Ауданымызда білім мен еңбекті серік еткен, мақсатқа ұмтылған жастар аз емес. Биыл ауданның білім беру ұйымдарынан 45 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанып, ұстаздарының еңбегі мен ата-анасының үмітін ақтады. Солардың қатарында білімдегі үздік көрсеткішімен ғана емес, ғылымдағы ізденісімен, спорттағы белсенділігімен ерекшеленген Төлеуқұл Рауан Нұрланұлы да бар.
Рауан Нұрланұлы ең алғаш Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы орта мектепке қадам басып, қолына әліппесін алып, білімге деген құлшынысын көрсетіп, қаршадайынан көзге түсті. Алғашқы сегіз жылын осы білім ордасында өткізіп, кейін оқуын Шу қаласындағы Төле би атындағы орта мектепте жалғастырды. Жасынан алғырлығымен көзге түскен оқушы мектеп қабырғасында жүріп-ақ білімге деген ерекше ынтасын көрсете білгенін талай рет дәлелдей білді.
Оның жетістіктерінің арқауы күнделікті еңбек, тәртіп пен жауапкершілік арқылы қалыптасты. Рауан сабақ үлгерімінде әрдайым жоғары нәтижелер көрсетіп, ұстаздарының сенімінен шықты. Соның нәтижесінде 2023–2024 оқу жылында Үздік аттестат иегері атанса, 2025–2026 оқу жылында оқушылар үшін ең жоғары марапаттардың бірі саналатын «Алтын белгі» төсбелгісін иеленді.
Рауанның табысы тек үздік бағалармен шектелмейді. Ол мектепте оқып жүрген жылдарында ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді араласып, түрлі жобалар арқылы өзінің ізденімпаздығын дәлелдеді. Аудандық ғылыми жобалар байқауларында бірнеше мәрте І орын мен Бас жүлдені жеңіп алып, облыстық кезеңде ІІ орынға ие болды. Бұл оның ғылымға деген қызығушылығы мен зерттеушілік қабілетінің жоғары екенін көрсетті.
Әсіресе республикалық деңгейдегі жетістігі ерекше атап өтуге тұрарлық. «Kazakhmys» корпорациясы ұйымдастырған экологиялық жобалар байқауында жеңімпаз атанып, І орынды иеленді. Нәтижесінде 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Бұл – тек бір оқушының жетістігі ғана емес, аудан жастарының білім мен ғылымдағы әлеуетін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Рауан бос уақытын да тиімді пайдалана біледі. Ол дзюдо күресімен тұрақты айналысып, аудандық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар футболдан Жамбыл облысының жасөспірімдер арасындағы чемпионатында команда құрамында болып, ІІІ орыннан көрінуге үлесін қоса білді. Сол жарыс қорытындысында «Үздік қорғаушы» атануы оның спорттағы шеберлігін айқындай түсті.
Білім мен ғылымды, спорт пен қоғамдық белсенділікті қатар алып жүрген Рауан – бүгінгі жас буынның жарқын өкілі. Оның бойынан табандылық, еңбекқорлық, жауапкершілік және туған жеріне деген сүйіспеншілік анық байқалады. Осындай жастар барда ел болашағына деген сенім де нығая түседі.
Бүгінгі таңда Төлеуқұл Рауан Нұрланұлының жеткен жетістіктері – ата-анасының тәрбиесі мен ұстаздарының қажырлы еңбегінің, ең бастысы өзінің табанды ізденісінің жемісі. Ол – Мағжан сенген жастардың заманауи бейнесі. Білімге ұмтылған, ғылымға қызыққан, спортта шыңдалған осындай жастар ертең ел дамуының қозғаушы күшіне айналары сөзсіз.
Өз жетістігі туралы Рауанның өзі де ерекше толғаныспен:
– «Алтын белгі» иегері атану – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл жетістік бір күнде келген жоқ. Осы жолда әрдайым қолдау көрсеткен ата-анама, білім берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Мен үшін білім алу – тек жақсы баға емес, болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан өз қатарластарыма білімге ұмтылып, армандарынан бас тартпауға кеңес беремін. Еліміздің болашағы – біздің қолымызда. Сол сенімге лайық болуға тырысуымыз керек, – дейді.
Шу ауданының мерейін асқақтатқан жас түлекке алдағы өмір жолында да толағай табыс тілейміз. Бүгінгі «Алтын белгі» – оның жетістіктерге толы үлкен өмір жолының бастамасы ғана.
Тәуелсіз Қазақстанның болашағы білім мен ғылымға жол салған жастардың қолында. Жастарымыз сол сенімге әрдайым лайық болып, туған еліміздің мерейін үстем етуге еңбек етсін деп тілейміз!
Айғаным Асқарбек.