Ақпараттық портал

Жерлесіміз «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды

Күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Ақордада қалам ұстаған қауыммен кездесіп, тиісті марапаттарын тапсырды. Оның ішінде ауданымыздың тумасы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, қаламгер, тележурналист Чекаев Жұмахан Төлеуұлы 2026 жылғы 23 маусымдағы Президент Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медалімен наградталды.
Жұмахан Төлеуұлы ұзақ жылдар бойы Шу ауданының тыныс-тіршілігі мен жедел ақпараттарды телеарналарға дайындап, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейді. Шу аудандық мәслихатының депутаты ретінде де сайлаушылардың өзекті де өткір мәселелеріне назар аударып, шешімінің табылуына ықпал етті.
Сонымен қатар көрген-түйгендерін кітаптарға түсіріп, көлемді еңбек жазды. Деректі фильмдерді таспалап, редакторлық жасады. Журналистикадан бөлек, жерлесіміз үкіметтік емес ұйымды басқарып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, оның ішінде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану ісіне зор үлес қосып келеді.
Тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденіс нәтижесінде әріптесімізге республикалық, облыстық және аудандық деңгейде марапаттар берілген. Сондай-ақ көпжылғы еңбегі ескеріліп, Шу ауданының Құрметті азаматы атағы тапсырылды.
Қадірлі қанаттасымызды Мемлекет басшысының қолынан алған наградасымен құттықтаймыз! Бұл марапатты аудан журналистикасына берілген баға деп қабылдаймыз. Саланың ардагеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен шығармашылық табыс тілейміз!

«Шу өңірі» ақпараты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.