Ақпараттық портал

Ақ егіске орақ түсті

Ауыл шаруашылығы – тәуекел мен үміт тоғысқан күрделі сала. Себебі диқанның сепкен дәнінің тағдыры өнімді жинап алғанша беймәлім. Биылғы су арналарының жөндеу жұмыстарына байланысты су тапшылығына қарамастан егін бітік шығып, ақ далаға кемедей боп комбайн кіріп отыр.

Көктөбе ауылындағы Мұрат Саурықов басқаратын «Ақ дала» шаруа қожалығы 22 гектар жерге арпа, 10 гектарға бидай еккен. Ауа райының жауынды болуы себебімен егістің бойы биік, дәні бүтін шыққанына шынайы қуандық. Өйткені дәл егіннің жанындағы су арналарына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Марлен Махамадиевтың айтуынша, ауылда 327 шаруа қожалығы бар. Ауыл жерінің 92 мың гектары жайылым болса, 9274 гектары егістік. Ақ егіс пен шабындық жерлерді аралатқан ауыл әкімі бізге біраз мәлімет берді. Сондай-ақ малдың қысқы азығын баулап, жинап жатқан жаңақоғамдықтарды көзіміз шалды.
Компьютермен жабдықталған жаңа комбайнды тізгіндеген Қанат есімді ағамыз екі барып келгенде бункеріне 3 тонна арпа жиналғанын айтты. Комбайнның бүйіріндегі жазуға қарап, бұл «ESSIL 740» комбайны деген байламға келдік. Сонымен қатар үстінде «Қостанай» деген белгі де тұр — бұл Қазақстанда құрастырылатын астық жинайтын комбайн желісіне ұқсайды.
Еске сала кетейік, аталмыш шаруа қожалық иесінің арпа-бидайды алғашқы рет сеуіп-жинауы. Ал нәтижесі көңіл қуантарлық.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өңірде барлығы 136 185 гектар егістік жер бар. Оның ішінде 33 157,7 гектары суармалы алқапқа тиесілі. Бүгінгі таңда өнімі жинауға жататын 42 760 гектар масақты дақылдардың 180 гектары жиналып, 225 тонна өнім алынды. Әр гектардан орташа көлемі 12,5 ц/га құрайды. Егін ору науқанына 80 комбайн тартылған.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.