Қарапайым моншақтан басталған шеберлік
Қазіргі уақытта адамдардың көбі күнделікті қарбалас тіршіліктің арасында өзіне қуаныш сыйлайтын іс табуға ұмтылады. Біреу кітап оқиды, біреу ән салады, енді бірі спортпен айналысады. Ал кей адамдар үшін шығармашылық пен қолөнер – өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Қарапайым дүниеден әсемдік жасап, жансыз затқа жан бітіре алатын шебер жандар қашанда құрметке лайық. Осындай еңбекқор, ізденімпаз әрі өнерге жақын жандардың бірі – Мөлдір Ермаханбет. Бүгінде ол бес баланың анасы, тәжірибелі ұстаз әрі жеке кәсібін дөңгелетіп отырған қолөнер шебері. Мөлдір Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласының тумасы. Он екі жасынан бастап Алматы қаласында өсіп, білім алып, қалыптасқан. Кейін тағдыр жолы оны Шу өңіріне алып келіп, бүгінде Күнту елінің келіні атанып отырғанына он төрт жыл болыпты. Негізгі мамандығы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Осы салада он үш жыл еңбек еткен кейіпкеріміз бала тәрбиесі мен білім беру ісін қатар алып жүріп, жас күнінен жанына жақын болған қолөнерден де қол үзбеген.
Әр шебердің өнерге келу жолы болады. Мөлдірдің алғашқы қолөнер туындысы да әлі күнге дейін есінде.
– Қолөнерге деген қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Ең алғашқы жасаған бұйымым әлі күнге дейін көз алдымда. Анамның ескі көйлегіндегі моншақтарды сөгіп алып, өзіме сақина мен білезік жасағанмын. Сақинаны кейін жоғалтып алдым, бірақ сол кезде жасаған білезігім әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Оған қараған сайын бала күнім есіме түседі. Мен қолөнердің барлық түрімен айналысқанды жақсы көремін. Қолыма ине мен жіп алсам болды, жаным тынышталады. Күнделікті күйбең тіршілікті, уайымды ұмытып кетемін. Өз қиялыма ерік беріп, жаңа дүниелер ойлап табамын. Сол кезде өзімді еркін сезінемін. Қолөнер адамды шыдамдылыққа, сабырлылыққа, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Оның денсаулыққа да пайдасы мол. Сары уайымнан арылуға, ойды жинақтауға, ұсақ моториканы дамытуға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, бұл мен үшін медитация, – дейді кейіпкеріміз. Шынында да, қолөнер адамның ішкі жан дүниесін байытатын өнер. Әрбір моншақтың, әрбір тігістің, әрбір өрнектің артында үлкен еңбек пен төзім жатыр.
Бүгінде Мөлдір сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып үлгерген. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп, тапсырыс берушілердің сеніміне ие болып келеді.
– Тапсырыс берушілерімнің көңілінен шығып жүргенім маған ерекше шабыт береді. Сол сенімнің арқасында жеке шеберханамды ашып, оны дамытып келемін. Қазір Шерхан сауда орталығының екінші қабатында жұмыс істейміз. Күн сайын жаңа идеялармен жұмыс жасап, өзімді дамытуға тырысамын, – дейді ол.
Шеберханаға бас сұққан адам мұнда жасалатын бұйымдардың алуан түріне таңғалмай қоймайды. Мұнда ұлттық нақыштағы әшекейлерден бастап, моншақпен кестеленген жұмыстар, киімдерді безендіру мен жаңарту бағытындағы кастомизация және апсайкл жобалары, күміспен көмкерілген бұйымдар, фетрден жасалған стендтер, той себеттері, ұзату үкілері, құрақ көрпелер, гипс пен эпоксидті шайырдан жасалған сәндік бұйымдар секілді түрлі қолөнер туындылары дайындалады. Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларға арналған шығармашылық жұмыстар да жасалады.
Мөлдірдің өнерге деген қызығушылығы балаларына да берілген сияқты. Үлкен ұлы мен қызы анасының жанынан табылып, қолөнерге қызыға бастаған. Айтуынша, үлкен ұлы мен қызы кейде бірге отырып бұйым жасайды. Қызығушылықтары бар. Қазіргі таңда қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс артып отыр. Себебі әр адам өзгеден ерекшеленгісі келеді. Біреуге ұлттық нақыштағы әшекей ұнаса, енді біреуге ерекше кестеленген бұйымдар жақын. Сондықтан қолөнердің әр бағытының өз тұтынушысы бар. Өмірін өнермен өрнектеп жүрген шебердің алдағы жоспары да ауқымды. Оның көптен бергі арманы зергерлік өнерді меңгеру.
– Болашақта зергерлікті үйренгім келеді. Күмістен әшекей бұйымдарды өз қолыммен жасап шығарсам деген үлкен арманым бар. Арманға жету үшін әлі де үйреніп, іздену керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Иә, қарапайым ғана моншақтан басталған қызығушылық бүгінгі күні үлкен шеберханаға ұласқан. Мөлдірдің өмір жолына қарап, сүйікті ісіңе адал болсаң, кез келген арманның орындалатынына көз жеткізуге болады. Себебі оның қолынан шыққан әрбір бұйымға қарап біз шебердің жүрек жылуы мен жан дүниесін көргендей болдық.
Балнұр Жексенбекқызы.