Ақпараттық портал

«Елтану» жобасы аясында кездесулер өтті

Қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау, азаматтардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, этносаралық келісімді нығайту бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі ретінде «Елтану» ағартушылық жобасын іске асырудың 2026 жылға арналған кешенді жоспары аясында ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық топ мүшелері ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар мақсаты – аудан тұрғындарымен ашық пікір алмасу, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімнің маңызын кеңінен насихаттау. Жалпы бұл бастама мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын халыққа жан-жақты түсіндіруге және тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап беруге мүмкіндік берді.

Кездесу барысында ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық топ мүшелері түрлі сала өкілдерімен, жастармен, ауыл ақсақалдарымен, еңбек ұжымдарының қызметкерлерімен жүздесіп, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуал, этносаралық татулық, ұлттық құндылықтарды сақтау, жастар тәрбиесі, діни тұрақтылық, құқықтық мәдениет және азаматтық жауапкершілік секілді маңызды тақырыптарды кеңінен қозғады.Әсіресе, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығы, әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары жөнінде мазмұнды әңгімелер өрбіді. Жиынға қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз пікірлерін еркін білдіріп, ашық диалог алаңында өзара пікір алмасты.
Ақпараттық топтың жұмыс бағдарламасы аясында Төле би, Қонаев, Жаңажол және Ескі Шу ауылдық округтерінде тұрғындармен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «ҚазақмысКорпорациясы» ЖШС-нің «Shatyrkul – JaysanTau-ken» филиалының «Шатыркөл» кешенінде еңбек ұжымымен арнайы кездесу өткізіліп, өндіріс орындарындағы қоғамдық келісім мен еңбек мәдениетін нығайту мәселелері де назардан тыс қалмады. Кездесулер барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс сапары аясында Қазақстандағы этносаралық ахуалдың бірыңғай әлеуметтік мониторингі бағдарламасы негізінде әлеуметтік зерттеулер жүргізу де жоспарланған. Бұл зерттеулер өңірдегі қоғамдық көңіл күйді саралап, тұрғындардың пікірін зерделеуге, этносаралық қатынастардың даму үрдісін бағалауға және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде көпұлтты Қазақстан үшін қоғамдық келісім мен этносаралық татулық – ел дамуының берік негізі. Ал осы құндылықтарды сақтау барша қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан да осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулерінің маңызы да ерекше деп білеміз. Себебі олар халықтың құқықтық және саяси сауаттылығын арттырып, азаматтардың қоғамдық белсенділігін күшейтуге, ел бірлігін бекемдеуге қызмет етеді.
Өңірде өткен бұл іс-шаралар өз мақсатына жетіп, тұрғындар тарапынан оң бағасын да алды. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекет жүргізіп отырған саясатқа деген сенімін нығайтып, ел ішіндегі тұрақтылық пен өзара түсіністікті одан әрі күшейтуге септігін тигізері анық. Татулықты ту еткен тәуелсіз еліміздің басты құндылығы бірлік десек, бірлік бар жерде береке, тұрақтылық және даму болары сөзсіз. Сондықтан елдік мүддені көздеген мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айнала беретініне сенім мол.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.