Ақпараттық портал

Шулық жастар таразда топ жарды

Бүгінгі қоғамда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек адамының мәртебесін көтеру және жастарды кәсіпке баулу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Тараз қаласында ұйымдастырылған «Кәсіби маман – 2026» облыстық байқауы тағылымды әрі тартысты өтті. Байқау барысында облыстың түкпір-түкпірінен жиналған жас мамандар өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. Әр қатысушы өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, жауапкершілігін және шығармашылық қабілетін көрсетіп, үздік атануға бар күш-жігерін жұмсады.

Аталған жауапты додада біздің ауданның намысын қорғаған жастар да ерекше дайындықпен барып, аудан абыройын асқақтатты. Аудандық Жастар ресурстық орталығы байқауға төрт негізгі бағыт бойынша – дәнекерлеу, аспаз, шаштараз және визажист мамандықтары бойынша ауданның ең үздік жас мамандарын қатыстырып, олардың кәсіби әлеуетін облыстық деңгейде танытуға мүмкіндік жасады. Байқау қорытындысы бойынша шулық жастардың еңбегі жоғары бағаланып, жеңіс тұғырынан көрінді. Әсіресе, визажист номинациясында сынға түскен Грищенко Дарья Сергеевна өзгелерден озық шығып, І орынның иегері атанды. Ал шаштараз номинациясында бақ сынаған Ауесхан Бекжан Ержанұлы кәсіби шеберлігімен, жылдамдығымен және заманауи сән үлгілерін дәл орындауымен ерекшеленіп, ІІІ орынға лайық деп танылды.
Сонымен қатар байқауда аспаз және дәнекерлеуші мамандықтары бойынша өнер көрсеткен аудан жастары да жоғары деңгейдегі дайындықтарын паш етті. Олар жүлделі орындарға іліге алмағанымен, кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, мол тәжірибе жинақтады.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.