Ақпараттық портал

Сан ғасырлық сарын

«Домбыра – қазақтың жаны, күй – халықтың тілі» дейді дана халқымыз. Расында, қос ішектен төгілген қасиетті күйде тұтас бір халықтың тағдыры, тарихы мен тағылымы жатыр. Ғасырлар қойнауынан жеткен қоңыр үн ешқашан үзілген емес. Өйткені домбыраның үні – ұлттың үні.
Ұлттық домбыра күні – ұлттық рухқа тағзым ететін, ата-баба аманатына құрмет көрсететін күн. Осындай игі мереке аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Сан ғасырлық сарын» атты ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмені аралаған әрбір жан қазақтың қара домбырасына ғана емес, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани әлеміне сапар шеккендей әсер алды. Өйткені әрбір жәдігердің өзіндік тарихы, өзіндік тағдыры бар. Ол – үнсіз тұрғанымен, тұтас бір дәуірдің куәсі.
Көрменің төрінен ауданымыздың мақтанышы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың өзі пайдаланған домбырасы бүгінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы болса, Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясында, атамыздың көзі тірісінде киген ұлттық шапаны, өзі тұтынған «Октава» пианиносы және жеке заттары мен өмір жолынан сыр шертетін құнды жәдігерлер орын алды. Бұл – жай ғана музей бұйымдары емес, қазақ күй өнерінің тарихымен бірге тыныстаған асыл мұра. Осы домбыралардан төгілген күйлер талай жүрекке жол тауып, халқымыздың рухын асқақтатты.
Әбдімомын атамыздың «Ерке сылқым» күйі бүгінде қазақтың рухани қазынасына айналды. Сол күйдің әуені естілген сайын туған жердің самалы есіп, қазақтың кең даласы көз алдыңа келеді. Осындай тұлғаның мұрасын сақтау – музей үшін зор жауапкершілік әрі үлкен мәртебе.
Музей экспозициясының құндылығын арттырып тұрған тағы бір асыл мұра – өз дәуірінде айтыс өнерінің шебері, ауыз әдебиетін жырлаушы әрі жинаушы болған ақын-жырау Жақсыбай Жантөбетовтің тарихтың үнін сақтаған қазақтың қоңыр үнді домбырасы мен қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан белгілі сазгер, мәдениет майталманы Серік Әденовтің көзі тірісінде пайдаланған баяны. Бұл – жай ғана музыкалық аспаптар емес, халқымыздың рухани шежіресін үнмен өрген, өнердің қасиетін ұлықтаған тұлғалардың көзіндей болған қастерлі жәдігерлер. Сол домбыраның шанағынан төгілген жыр мен сол баяннан өрілген әуен – өткен мен бүгінді жалғаған алтын арқау. Осындай асыл мұралардың музей төрінен орын алуы ұлттық өнердің өміршеңдігін айқындап, келушілерді туған елдің тарихы мен мәдениетіне тағзым етуге үндейді.
Көрмеге келген бүлдіршіндердің жәдігерлерге қызыға қарап, әр аспаптың тарихын ықыласпен тыңдағанын көргенде, «Өнер өлмейді, өнеге үзілмейді» деген сөздің шынайылығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бүгінгі бала – ертеңгі елдің иесі. Ұлттық құндылыққа құрмет бала жүрегінде дәл осындай тағылымды кездесулер арқылы қалыптасады.
Қазақта «Өнер – таусылмас қазына, жұтамас байлық» деген нақыл бар. Сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау – музей қызметкерлерінің басты міндеті. «Сан ғасырлық сарын» көрмесі де сол аманаттың жарқын көрінісі болды.
Домбыраның қоңыр үні қазақ даласында мәңгілік күмбірлей берсін! Сан ғасырдан жеткен қасиетті сарын ұлттың рухымен бірге жасай берсін!
Г.Макуева,
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінің
кіші ғылыми қызметкері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.