Мал баққан машақат, тал баққан бейнет
Дөңгеленген дүниеде мыңдаған мамандық бар. Соның бірі әрі бірегейі – бағбандық. Екінің бірінің тісі батпайтын бұл кәсіп нағыз бейнеттің өзі. Шу ауданындағы Мойынқұм ауылында 40 гектар алма, 3 гектар жүзім мен 1200 түп өрік өсіріп отырған шаруа қожалығы бар. Мир-Ислам Аллахверанов басқаратын «Зәм-зәм» шаруа қожалығы өз кәсібін сонау 2006 жылы бастаған.
Әкесі Мирмамедтен бағбандықты үйренген бала Мир-Ислам жеміс талдарын тігу атадан балаға берілген мұра екенін айтуда. Әрі сөзін екі рет қайталамайтын қатал әке баласын мұқият болуға тәрбиелеген. Бүгінде 65 жастағы мойынқұмдық қария бағбандықты немерелеріне де табыстаған.
Жоғарыда айтқандай, тал баққан нағыз бейнет. Дәл қазіргі уақытта ауданымызда 43 су арнасына жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын ескерсек, 10-нан аса ұңғыма қазып, бақты суғарып отырған бағбанның жанкештілігіне еріксіз таңдай қағуға болады.
Жүзімі жайқалып отырған М.Аллахверанов бұйырса тамыз айында өнім аламыз деп отыр. Бағбан бастапқыда 3 гектар жүзімді 2008 жылы тіккен. Жақсы тұқымдарды көршілес елден әкелген екен. Ал 1200 түп сары өрік қазірдің өзінде жиналып, сауда нүктелеріне жөнелтілуде. Сондай-ақ алмалары екі мәрте суарылған соң жеміс беретін сыңайлы.
-Су тапшылығынан бөлек қарға мен шегірткенің шабуылы, қабанның қастығы мен жемістің аурулары бағбанға әжептеуір салмақ салады. Одан бөлек, шығындар жетерлік. Кейде су моторлары күйіп кетеді. Жанар-жағар майға қыруар қаржы жұмсалады. Жеміс жинайтын уақытта 70-ке жуық адам жұмыспен қамтылады. Былайғы уақытта 10-нан аса адам жұмыс істейді. Биылғы өнім жаман емес,-дейді шаруа қожалық иесі.
Бағбанның 4 гектарға жуық жерінде қара және сары өрігі жиналып жатқанын жоғарыда айтып өттік. Өріктің шырынды тұқымына жабайы шошқа жиі шабуылдайтын көрінеді. Арықтағы ылғалға аунағаннан бөлек қабандар жеміс талын құлатып, өріктің дәнегін теріп жейді екен. Ал қарғаның қылған қулығы тіптен қызық. Мылтыққа оқ салынса үркіп, оқсыз мылтықтан мүлдем қорықпайтын олар алма талдарға кейде ақырындап жер бауырлап жақындайды.
Мир-Ислам Мирмамедұлы өзінің әлеуметтік желідегі «Tik-tok» парақшасында белсенді. Сол парақшасы арқылы Батыс пен Шығыс Қазақстандағы бағбандарға ақыл-кеңес беріп, көпшіліктің сұрағына жауап беріп отырады. Сонымен қатар шаруа қожалық иесі 20 жас бағбанды оқытуымен айналысады. Мансап орталығы арқылы келген жандарды өз бағында тәжірибеден өткізіп, соңында сертификат тапсырады. Кейін оларды өз шаруа қожалығында жұмыспен қамтиды екен.
-Қазір Қазақстанда жеміс талдарын тігу шаруасы жақсы жолға қойылған. Біз оқытқан бағбандар келешекте жұмысты оңай табады. Себебі бақ көп. Бақтың біразы топырағы қолайсыз аймақта орналасқан. Мен оларға ризамын. Кейде кеңесімді беремін. Арасында барып тұрамын. Сондықтан бағбандық жұмыс жеңіл емес деп айтар едім,- дейді М.Аллахверанов.
Алма өсіруде айтарлықтай тәжірибесі бар бағбан кейбір алманың еуропалық сортын 45 мәрте дәрілейтінін, жергілікті жеміске 3 рет дәрі беретінін айтып отыр. Ол құрт пен аурудан сақтау үшін қажет. Сол себепті шулық алмаларды экологиялық таза өнім деп топшылауға әбден болады.
Тәулігінің тең жартысын бақта өткізетін бағбан тәуекелдің нақты үлгісін көрсетіп, еңбектің нәтижесі қандай болатынын дәлелдеп отыр. Бағбанның басты құпиясы өз ісіне деген махаббаты деп ойлаймыз. Өйткені бала кезінде жабайы сыпырғының дәнін егіп, алма бақ өседі деп ойлаған көрінеді.
Қорағаты ауылдық округінің әкімі Әділ Диханбаевтың айтуынша, округте 235 шаруа қожалығы бар. Сонымен қатар ауылда 4 мың гектарға жуық суармалы жер бар. Соның 53 гектары баққа тиесілі.
Байжан Емберді.