«Медиакоммуникациялық алаңның сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы рөлі» тақырыбында кездесу өтті
2026 жылғы 30 маусымда Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Медиакоммуникациялық алаңның сайлау процесін даярлау мен өткізу барысындағы рөлі» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қатысуымен кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – сайлау процесін ақпараттық сүйемелдеудің сапасын арттыру, сайлау заңнамасының талаптарын түсіндіру, бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау науқанын жариялаудағы жауапкершілігін талқылау, сондай-ақ ақпараттық кеңістікте ашықтық, объективтілік және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Кездесуге Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, «Шу өңірі»–«Шуская долина» газеті бас редакторының орынбасары Б.Емберді және Шу медиа ақпараттық орталығының тілшілері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар сайлау кезеңіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі, ақпарат таратудағы заңнамалық талаптар, журналистік әдеп қағидалары, жалған ақпараттың алдын алу, сондай-ақ ақпараттың шынайылығы мен нақтылығын тексеру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен сайлау комиссиялары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру, сайлау процесін ашық, бейтарап әрі объективті түрде жариялаудың маңыздылығы кеңінен талқыланды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
Кездесу соңында мұндай іс-шаралардың ақпараттық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамның сайлау процесіне деген сенімін арттыруға және сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге оң ықпал ететіні атап өтілді.
Шу аудандық аумақтық
сайлау комиссиясы.