Цифрландыру, тиімді су бөлу және жас мамандарды қолдау – «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының негізгі басымдықтары
«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы 2026 жылдың басынан бері су ресурстарын тиімді басқару, цифрлық технологияларды енгізу, ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.
Филиалда су шаруашылығы саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Су пайдаланушыларға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс бойынша өндірістік бөлімшелерде халыққа арналған 10 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылды. Мұнда азаматтар су пайдалану қызметтерін электрондық форматта алып, биллинг жүйесінде өздігінен тіркелуге және мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге мүмкіндік алды.
Бүгінде су пайдаланушылармен жасалатын келісімшарттар алғаш рет толықтай электрондық форматта рәсімделуде. Бұл жаңашылдық қағаз құжат айналымын қысқартып, қызмет көрсету уақытын едәуір азайтты. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен сапасы артып, су пайдаланушылар мен мекеме арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді.
Су ресурстарын тиімді басқару мақсатында Талас өзенінде, ЛОК-та, «Базарбай» магистральдық каналында және ФОК-та суды автоматтандырылған есепке алу жүйелері енгізілді. Ал Жамбыл облысындағы 86 ирригациялық каналды автоматтандыру жобасы аясында жобалау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Ислам даму банкінің қаржыландыруымен қайта жаңғыртылып жатқан 71 каналға алдағы уақытта автоматтандырылған су есепке алу және мониторинг жүйелерін енгізу үшін техникалық зерделеу жүргізілді.Қазіргі таңда бақылауда.
Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Ақкөл» және «Тасөткел» бөгеттеріне, сондай-ақ «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына бейнебақылау жүйелері орнатылды. Бұл нысандардың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге және тәулік бойы бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
Вегетациялық кезеңде филиал облыстың 10 ауданында су беру жұмыстарын үйлестіріп, су қоймаларының жағдайын күнделікті бақылауда ұстады. Жыл басынан бері 3703 су пайдалану шарты жасалып, 62 435,9 гектар егістік алқабына 457,5 миллион текше метрден астам су жеткізу жоспарланды. Су беру лимиттері бойынша шаруаларға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Ирригациялық желілерді күтіп ұстау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл басында өндірістік бөлімшелердің жоспарларына сәйкес 202,3 шақырым арнаны механикалық тазалау көзделсе, бүгінгі күнге дейін оның 156,5 шақырымы тазартылып, жоспардың орындалуы 77,4 пайызды құрады.
Жамбыл облысындағы филиалға қарасты арналарда халықаралық қаржы институттарының, соның ішінде Ислам даму банкінің қаржысы есебінен суару каналдарын, дренаждық жүйелер мен гидротехникалық құрылымдарды қайта жаңғырту бағытында жалпы 71 жоба іске асырылуда. Оның ішінде Байзақ ауданында – 17, Шу ауданында – 42, Сарысу ауданында – 10 және Талас ауданында – 1 жоба жүзеге асырылуда. Барлық жұмыстар кезең-кезеңімен орындалып, бекітілген мерзімдерге сәйкес жүргізілуде.
Сонымен қатар, Еуропалық Қайта Даму Банкі қаржысы есебінен «Жамбыл облысының суару каналдарын, дренаждық жүйелерін және гидротехникалық құрылымдарын қайта жаңғырту» жобасы аясында 13 жоба қарастырылған. Бұл жобалар Жамбыл, Байзақ, Шу және Сарысу аудандарында жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, аталған жобалар Жамбыл облысының суармалы жерлерін тиімді сумен қамтамасыз етуге және су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Филиалдың кадрлық әлеуетін нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Жас мамандарды жұмысқа тарту тұрақты түрде жүргізілуде. 2025 жылы 7 жоғары оқу орнының түлегі жұмысқа қабылданды. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша филиалда 216 студент өндірістік тәжірибеден өтуде. Сонымен қатар, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің 71 студенті үшін оқу-тәжірибелік экскурсия ұйымдастырылып, олар гидротехникалық нысандарда тәжірибелік сабақтарға қатысты.
«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында екі қызметкер әлеуметтік қолдау шараларын пайдаланып, олардың бірі жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Жалпы, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалында атқарылып жатқан жұмыстар су ресурстарын тиімді басқаруға, су пайдаланушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, цифрлық технологияларды енгізуге және өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, өңірдің аграрлық секторын тұрақты сумен қамтамасыз етуге және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға үлес қоса береді.
Қ.Аманов,
«Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры.