Есірткісіз өмір – жарқын болашақтың кепілі
Шу қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар кешенінің қорытынды кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамның бұл мәселеге деген жауапкершілігін арттыру.
Іс-шарада алғашқы болып Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз сөйлеп, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, денсаулығын бағалауға және болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Сондай-ақ «Дельта-Долина» ауданаралық есірткіге қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Марат Саулебаев есірткінің адам өмірі мен денсаулығына тигізетін зияны, оның құқықтық салдары және алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Кездесу аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, тақырыпқа байланысты сұрақ-жауап сайысы өткізіліп, белсенділік танытып, дұрыс жауап берген қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Іс-шара соңында нашақорлықпен күрес – бүкіл қоғамның бірлескен әрі үздіксіз атқаратын маңызды міндеті екені ерекше атап өтілді.
Қорытынды кездесуде жастардың есірткісіз өмір салтын қолдайтыны және салауатты өмірді таңдауға дайын екені айқын көрініс тапты.
Балнұр Жексенбекқызы.