Ақпараттық портал

Қырдың қоңыр үнін жырға қосқан ақын

«Поэзия – сөздің емес, жүректің тілі» деген сөз бар. Сол жүректің тілін түсіну үшін өлеңді оқу аздық етеді, оны сезіне білу керек. Ал сезіну үшін сөздің құпиясын тану қажет. Біздің буынның бағы шығар, мектеп қабырғасында әдебиет пәні жай ғана шығарма оқытатын сабақ емес еді. Әр өлеңнің буыны мен бунағын таразылап, қара өлең, шалыс, егіз, кезекті ұйқастарды ажыратып, теңеу мен эпитеттің, метафора мен кейіптеудің, шендестіру мен әсірелеудің қызметін талдап үйрендік. Уақыт өте келе түсіндік, сол әдебиет теориялары – құрғақ анықтамалар жиынтығы емес, поэзияның жүрегіне апаратын жол екенін.

Сол сабақтар бізді ақын етпесе де, поэзияның парқын білетін оқырман етті. Біріміз күнделігіміздің соңғы бетіне, біріміз ақ параққа шимайлай екі-үш шумақ болса да өлең жазып көрдік. Себебі ұйқас табудың өзі сөзге деген жауапкершілікті қалыптастырды. Біз сөздің салмағы бар екенін ұқтық.
Қазір ойласам, бүгінгі оқу бағдарламаларында дәл осы көркемдік талдаудың жүгі жеңілдеп қалғандай. Оқушы шығарманың мазмұнын айтып бере алады, кейіпкердің мінезін сипаттай алады, бірақ неге дәл осы эпитет қолданылғанын, бір ғана метафораның бүтін бір философияны көтеріп тұрғанын байқай бермейді. Әдебиетті оқытуда функционалдық сауаттылық қажет-ақ шығар, бірақ поэзияның жанын жоғалтып алмау одан да маңызды.
Кейде жақсы жыр жинағын қолыма алған сайын мектептегі әдебиет сабағы көз алдыма келеді. Әлі есімде, әдебиетке деген алғашқы құштарлығымды оятқан аяулы ұстазым Бақыт апай бір күні қолыма Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» мен Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнерін» ұстатып тұрып: «Өлеңді сүйемін десең, әуелі оның қалай туғанын таны. Ақынның шеберлігін көргің келсе, осы екі кітапты жаныңнан тастама» деген еді. Ол кезде бұл сөздің салмағын толық сезіне қоймаған шығармын. Бірақ уақыт өте келе сол қос кітаптың қазақ сөз өнерінің қос темірқазығы екенін түсіндім.
Мектеп қабырғасында Бақыт апай еккен сол қызығушылық кейін Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде жалғасын тапты. Дәріс оқыған білікті профессорларымыз қандай ақынды талдасақ та, қандай шығарманы сөз етсек те, әңгімені Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышынан» бастап, Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнерімен» сабақтастыратын. Сонда ғана әдебиет теориясының құрғақ қағида емес, көркем шығарманың ішкі жаратылысын танудың кілті екенін ұғындық.
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышымен» танысқаннан кейін қазақ зерттеушілері әдебиет теориясының негізгі ұғымдары мен төл терминдерінің негізін қалаған тұлға Ахмет екеніне бір ауыздан тоқтағанына куә бола алдық. Оның «Нəрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері – бұл сөз өнері. Қазақша – асыл сөз, арабша – əдебиет, еуропаша – литература» деген анықтамасы қазақ әдебиеттануының алтын қазығына айналды. Ал, «Алдыңғы өнердің бəрінің де қызметін шама-қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сəулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай əдемі əн-күй болсын, сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» деген тұжырымы сөз өнерінің құдіретін дәл танытты.
Ахмет негізін қалаған осы асыл сөздің ғылыми жүйесін кейін академик Зейнолла Қабдолов «Сөз өнері» арқылы кемелдендірді. Егер Ахмет қазақ әдебиеттануының әліпбиін түзсе, Қабдолов сол әліпбидің терең философиясын ашты. Осы екі кітапты оқып өскен біз үшін өлең енді жай ғана ұйқас емес, жүректен туған көркем құбылысқа айналды.
Сондықтан Сәт Мәлібекұлының «Дала төсіндегі ән» жинағын оқығанда, санамда бір мезетте Бақыт апайдың мектептегі тағылымы, ҚазҰУ аудиторияларындағы профессорларымыздың парасатты дәрістері және Ахмет пен Қабдолов қалыптастырған қазақ сөз өнерінің ұлы мектебі қатар жаңғырып отырды. Сол мектеп бізге өлеңнің тек мазмұнын емес, мәйегін тануды үйретті. Ал Сәт Мәлібекұлының жырлары сол мектептен алған білімнің өмірдегі жарқын дәлеліндей әсер қалдырды.
Осындай көңіл күймен қолыма Сәт Мәлібекұлының «Дала төсіндегі ән» жинағы тигенде, баяғы әдебиет сабағы қайта тірілгендей болды. Әр өлеңінен әдебиет теориясында жеке-жеке оқытылатын көркемдік тәсілдердің тірі бейнесін көрдім. Бірақ ең қызығы – ақын сол тәсілдерді көрсету үшін қолданбайды, ол құдды бір ақынның табиғи тынысындай өздігінен өріліп отырады.
Талантты жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы ақын туралы «Жай адам осындай жыр жаза ала ма? Әй, қайдам!» дейді. Бұл – асыра мақтау емес… Шынында да, күнделікті малдың соңында жүріп, маңдай терімен тіршілік еткен адамның жүрегінде осыншама мөлдір поэзияның бұлағы жатуы – Алла берген ерекше дарынның белгісі. Біз кейде ақындықты үлкен қалалардың әдеби ортасымен байланыстырып жатамыз. Ақын міндетті түрде Алматыда тұруы керек, әдеби кештерге қатысуы керек, сыншылармен араласуы керек деген түсінік санамызға сіңіп қалған. Бірақ қазақ әдебиетінің тарихы мұндай ұғымды әлдеқашан жоққа шығарған. Абай Семейдің кең даласында ой толғаса, Жамбыл Жетісудың жайлауында жырлады. Мұқағали Қарасаздан күллі қазақтың жүрегіне жетсе, ал, Сәт ақын – қыр төсінде жүріп, қырдың үнін қазақ поэзиясына әкелген ақын ретінде санада қалды. Ол өлеңді кабинетте емес, кеңістіктің қойнында жазды. Сондықтан оның жырларынан кең далаға ғана тән тыныс сезіледі.
Сәт ақын туған жерін жырлағанда табиғатты сипаттап қана қоймайды, туған топырақпен тағдырын тұтастырады.
«Алыстан сонау көрінген таудан мұнартып,
Даламда мынау жамбастап жатқан қыр артық…». Осы екі жолдың өзінде тұтас дүниетаным жатыр. Көп ақын таудың биіктігін жырлайды. Сәт болса, қырдың кеңдігін жырлайды.
Тіпті оның:
«Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға…» деген сөзі қазақ поэзиясындағы туған жер туралы ең соны тұжырымдардың бірі дер едім. Бұл – жай ғана әдемі тіркес емес. Бұл – ұлттық мінездің көркем формуласы. Таудың етегінде өскен адам биікті аңсайды. Ал сайын далада туған баланың алдындағы көкжиек ешқашан бітпейді. Оның жанары таумен шектелмейді, аспанға ұмтылады. Сондықтан қыр баласының арманы да, ойы да, рухы да кең. Осы екі жол арқылы ақын географиялық кеңістікті емес, қазақтың рухани болмысын бейнелеп отыр.
Бұл – метафора ма?
Иә…
Бұл – символ ма?
Әрине…
Бұл – философия ма?
Сөзсіз…
Осындай бір ғана образ бірнеше ғылыми терминнің қызметін қатар атқарып тұр. Міне, нағыз поэзия дегеніміз осы.
Сәт ақынды оқығанда еріксіз Абай еске түседі. Бірақ ол Абаймен теңестіріп, яки салыстырғанымыз емес, Абай сияқты табиғатты адам жанының айнасына айналдыра алғаны үшін ғана… Мағжан ойға оралады, сыршылдығы үшін ғана… Мұқағали еске түседі, даламен сырласа алатын мінезі үшін ғана… Жұмекен ойға оралады, себебі қарапайым сөздің астына күрделі философия жасыра біледі. Дегенмен, Сәт солардың ешқайсысын қайталамайды. Өйткені ақынды ұлы ететін қасиет – ұқсау емес, өз үнімен сөйлеу. Сәттің үні – қырдың үні…
Сәт ақынның өлеңіндегі «Өзіме өзім патшамын өз жерімде…» деген жолдарды алғаш оқығанда сырт көзге өр мінез байқалуы мүмкін. Бірақ филолог көзімен қарасаңыз, бұл – тәкаппарлық емес, рух еркіндігінің манифесі. Мұнда лирикалық қаһарман өз жерінде өзін еркін сезінеді, сыртқы билікке емес, ішкі ар-намысына сүйенеді. «Намысыма от берген өзің едің» деген жолдағы «от» – намыстың қуатын танытатын символдық метафора.
Ал «Бір сәттік қиял» өлеңіндегі:
«Далама көкті сауғызам,
Бұлттарды шөлге ауғызам…»
деген тармақтарды оқығанда, әсірелеу тәсілі арқылы ақынның азаматтық мұраты ашылады. Ол табиғатқа әмір жүргізгісі келмейді. Ол туған жерінің топырағының шөлін қандырып, елінің несібесін арттыруды армандайды.
Мәселен, ақынның:
«Ей, өмір жалған,
Сырыңды ашшы…»
деп басталатын өлеңіне назар аударайық. Алғашқы тармақтың өзінде-ақ өмір адаммен тілдесетін тірі бейнеге айналады. Бұл – Ахмет Байтұрсынұлы айтқан кейіптеудің көркем үлгісі. Ақын өмірден жауап күтеді, тағдырмен сырласады.
«Тоса ма тозақ,
Жұмақ па күткен,
Білмеуің азап,
Қойылмай нүктең» деген жолдарда философиялық антитеза ерекше қуатпен көрінеді. Жұмақ пен тозақ, үміт пен күмән, ақиқат пен беймәлімдік бір-біріне қарсы қойыла отырып, адам болмысының мәңгілік сұрағын алға тартады. Бір ғана «қойылмай нүктең» тіркесі арқылы ақын өмірдің аяқталмаған жұмбағын символдық деңгейге көтереді.
«Баспасын білем,
Өтірік өрге.
Ісіне күлем,
Кіргізер жерге» деген жолдарда өткір сарказм бар. Артық түсіндіру жоқ. Бір ауыз сөзбен жалғандықтың психологиясы ашылады. Бұл – Қабдолов айтатын көркем жинақтау (типтендіру) тәсілі. Ақын бір адамды емес, тұтас мінезді бейнелейді.
«Қоғамда адам –
Ең басты байлық» деген тармақты алайық. Бұл жерде ақын ешқандай күрделі теңеу де, көп қабатты метафора да қолданбайды. Бірақ осы қарапайым сөйлемнің өзі афоризм деңгейіне көтерілген. Сәттің ақындық қуаты дәл осындай қарапайым сөзден үлкен философия тудыруында жатыр. Мұндай қасиет қазақ поэзиясында Абайдың қара сөздерінен, Жұмекеннің философиялық лирикасынан, Мұқағалидың өмір туралы толғаныстарынан көрінетін ерекшелік.
Сәт ақынның қысқа шумақтарында шешендік дәстүрдің де ізі анық байқалады.
«Тергер болсаң – терге,
Қаратпа тек жерге»
немесе
«Даңғой, ұрма, асыр,
Мінезім жоқ тасыр» деген тармақтар мақал-мәтелге тән ықшамдықпен құрылған. Мұнда анафора, бұйрық рай, ішкі ұйқас қатар өріліп, шешендік нақышқа жол ашады. Ахмет Байтұрсынұлы мұндай тәсілдерді «әсерлеудің» құрамына жатқызса, Қабдолов оның оқырманға эмоционалдық ықпалын ерекше бағалайды.
Сәттің әлеуметтік лирикасында да бейнелеу құралдары өте ұтымды қолданылады.
«Қолпашын жауып,
Көңілін тауып.
Ерттеген ерін,
Түспестей ауып».
Бұл жерде жағымпаздық әрекеті бір ғана көрініспен ашылады. Артық мінездеме жоқ. Бір шумақ – бір мінез. Бір деталь – бір дәуірдің диагнозы.
Ақынның тағы бір дара қыры – дыбыстық үйлесімді шебер пайдалануы. «Қ», «К», «Т» дыбыстарының жиі қайталануы өлеңге ерекше екпін береді. Бұл – аллитерацияның табиғи үлгісі. Ал қысқа тармақтардың бірінен соң бірі ағылуы қазақтың қара өлеңіне тән ырғақты жаңаша құлпыртады.
Осы тұста мен тағы да студенттік шағыма ораламын. Бақыт апайдың мектеп қабырғасында қолыма ұстатқан «Әдебиет танытқыш» пен кейін ҚазҰУ аудиторияларында профессорларымыз қайта-қайта сүйендірген «Сөз өнері» есіме түседі. Сол еңбектер арқылы біз теңеу мен эпитетті ғана емес, сөздің мінезін тануды үйрендік. Ал Сәт Мәлібекұлының жырларын оқығанда, Ахметтің әдебиетке берген анықтамасы мен Қабдоловтың көркемдік туралы пайымдары кітап бетінде емес, тірі поэзияның өзінде сөйлеп тұрғандай әсерге бөленесің.
Мен үшін Сәт Мәлібекұлының ақындық құдіреті – оның әдеби теориядағы тәсілдерді білуінде емес, сол тәсілдердің жүрегінен өздігінен тууында. Оның метафорасы – ізденіп тапқан сөз емес, жанынан жарылған бейне. Оның эпитеті – әшекей емес, табиғи бояу. Оның қайталауы – ырғақ үшін емес, ойдың салмағын күшейту үшін туған. Сондықтан Сәт Мәлібекұлын оқығанда әдебиет теориясы еске түседі. Ал әдебиет теориясын оқығанда Сәттің өлеңдері ойға оралады. Өйткені оның поэзиясы – оқулықтағы анықтамалардың емес, өмірдің өзінен туған көркемдік бояулар.

Біздің әдебиетте кейде даңқ алда жүреді де, дарын кейін қалып жатады. Көркемдік бояу жоқ, ұйқасы бір арнаға тоғыспаған ақындардың алға ұмтылғанын, шын талант иесінің тасада қалатынын кей сәттерде ұшырастырып жатамыз. Сондай сәтте өзегің өртеніп, жаның тулайды. Сәт Мәлібекұлы ешқашан даңққа ұмтылмайды, бірақ дарын оны алға сүйрейтініне күмән жоқ. Кезінде «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп налыған Мұқағалидың поэзиясы бүгінгі күні мұқым жұрттың аузында жүргеніне қарап, селт еткізер жырлары бар Сәттің де өлеңдері өскелең ұрпақтың кеудесінен жарып шығатынына сенеміз. Қырдың қарапайым тіршілігімен қатар жүріп-ақ, ұлттың рухани кеңістігіне қызмет етіп келе жатқан ақынның жарқ етер сәттері әлі алда.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.