Ақпараттық портал

«KELIN DODA» турнирі өз мәресіне жетті

Қазақ халқы үшін келін тұтас шаңырақтың берекесін кіргізетін, отбасының ынтымағы мен ұрпақ тәрбиесінің ұйытқысы саналатын ерекше тұлға. Бүгінде қазақ келіндері ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, түрлі салада өз қабілеттерін танытып келеді. Әсіресе, спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, өзгелерге үлгі болуы қуантарлық үрдіс. Осындай мақсатты көздеген «KELIN DODA» аудандық волейбол турнирі биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.

26 маусым күні Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен «KELIN DODA» келіндер арасындағы волейбол турнирінің финалдық кезеңі Балуан Шолақ ауылындағы «Рашид ата» спорт кешенінде өтті. Жарысқа ауданның әр ауылдық округінен іріктеліп шыққан үздік командалар қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Финалдық кезеңге жолдама алған алты команда әр ұпай үшін барын салып, жеңіске деген жігерін, ұйымшылдығын және спорттық шеберлігін паш етті. Ойын барысында жанкүйерлердің қызу қолдауы да айрықша сезілді. Әр кездесуде ойыншылардың шапшаңдығы, дәлдігі мен ауызбіршілігі әсерлі көрініс берді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі қазақы дәстүрмен басталды. «KELIN DODA» турнирінің “Ене” кубогының иегері, Мадали әулетінің отанасы, көпке үлгі ана Шымшық апа ақ батасын беріп, қатысушыларға ізгі тілегін арнады. Батадан кейін қазақтың ежелгі дәстүріне сай шашу шашылып, жарыстың берекелі әрі сәтті өтуіне ақжарма тілектер айтылды.
Іс-шараға қатысқан Шу ауданы әкімінің орынбасары Сұлтанбаев Найман Кенжеханұлы барлық командаларға сәттілік тілеп, мұндай спорттық жобалардың қоғамдағы маңызына тоқталды.
– Бұл турнир бірліктің, ұйымшыл-дықтың, салауатты өмір салтының жарқын көрінісі. Қазақ келіндерінің белсенділігі мен өмірге деген құлшынысын көрсететін осындай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз, – деді ол.
Бірнеше кезеңге созылған жарыстың шешуші ойындары көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Командалар жеңіске жету жолында бар күш-жігерін салып, ойын соңына дейін тартысты бәсеке көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша І орынды «Қонаев» командасы жеңіп алып, чемпион атанды. ІІ орынға «Шу қала» командасы тұрақтаса, ІІІ орынды «Балуан Шолақ» командасы иеленді.
Чемпион атанған «Қонаев» командасына Мадали әулетінің отанасы Шымшық апа арнайы ауыспалы кубокты табыстап, жеңімпаздарды құттықтады. Сонымен қатар жарысқа қатысқан барлық командаларға ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жарыстан кейін жеңімпаз «Қонаев» командасының капитаны өз әсерімен бөлісті:
– Бұл жеңіс біз үшін өте қымбат. Біз турнирге жеңіске жетеміз деген сеніммен келдік. Командамыздағы әрбір келін үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Жаттығуларда бір-бірімізді қолдап, ұйымшылдығымызды шыңдадық. Соның нәтижесінде бүгін чемпион атанып отырмыз. Осындай келіндердің басын қосатын жарысты ұйымдастырған азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді команда капитаны.
«KELIN DODA» турнирі тағы бір мәрте қазақ келіндерінің қоғамның белсенді мүшесі екенін дәлелдеді. Спорт арқылы шыңдалған ерік-жігер, ұйымшылдық пен достық қарым-қатынас жарыстың басты құндылығына айналды.
Осындай игі бастамалар аудан тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қоса беретіні сөзсіз. «KELIN DODA» турнирі бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсеткен, келіндердің мерейін үстем еткен тағылымды спорт мерекесі ретінде жылдағы дәстүрге айналуда.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.