Тәуелсіздікпен бірге өркен жайған өлке
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы – азаттықтың ақ таңымен бірге басталған ел дамуының тарихи белесі. Егемендік жылдары еліміздің барлық өңірлерімен қатар ауыл-аймақтың да ажары ашылып, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңі қалыптасты. Ел Президенті жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың арқасында ауылдардың инфрақұрылымы жаңарып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Кеше шаңы бұрқыраған көшелерге бүгінде асфальт төселіп, таза ауыз су тартылып, түнгі жарық шамдары жанып, жаңа мектептер мен медициналық мекемелер салынып, балалар ойын және спорт алаңдары бой көтеруде. Аудандағы ауылдық округтер де оң өзгерістердің жарқын үлгісіне айналып келеді. Осыған байланысты біз осы жолы Қорағаты ауылдық округінде атқарылған жемісті жұмыстар жайлы жазғанды жөн көрдік. Жалпы округке қарасты Мойынқұм, Жиенбет және Еңбек ауылдарында соңғы жылдары көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар атқарылды. Бүгінде ауылда жаңа құрылыстар салынып, жолдар жөнделіп, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымы жаңартылып, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қорағаты ауылдық округінде атқарылған жұмыстар, жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен білу мақсатында Қорағаты ауылдық округінің әкімі Әділ Асқарханұлы Диханбаевпен арнайы сұхбаттасқан едік.
– Әділ Асқарханұлы, биыл халқымыз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде ауылдың тыныс-тіршілігінде қандай өзгерістер болды?
– Ең алдымен барша қазақстандықтарды, жерлестерімізді Тәуелсіздіктің 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойғы арманының орындалуы, мемлекетіміздің ең қасиетті де қастерлі құндылығы. Осы 35 жыл ішінде елімізбен бірге ауылдарымыз да үлкен даму жолынан өтті. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар кезең-кезеңімен еңсеріліп, мемлекет тарапынан ауылды дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Соның нәтижесінде ауылдарымыздың әлеуметтік келбеті түбегейлі өзгеріп, халықтың тұрмыс сапасы едәуір жақсарды.
Қорағаты ауылдық округінде де осы жылдар ішінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Бүгінде округтегі 20 көшенің 14-іне толықтай асфальт төселіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды.Қалған көшелер де кезең-кезеңімен жөнделуде. Қазіргі таңда Жиенбет ауылындағы 5 көшеге және Еңбек ауылындағы 1 көшеге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, бюджеттік өтінім ұсынылды. Алдағы уақытта бұл көшелер де жаңарып, толықтай асфальтталатын болады.
Ауыл халқы үшін ең өзекті мәселелердің бірі – ауыз су болатын. Бүгінде бұл мәселе толық шешімін тапты. 2020 жылы Мойынқұм ауылы, 2025 жылы Жиенбет ауылы, ал биыл 2026 жылы Еңбек ауылы сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді.
Көше жарықтандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мойынқұм ауылындағы 13 көшенің 10 көшесі жарықтандырылған. Атап айтқанда, 2021 жылы Т.Бокин мен Қ.Рысқұлбеков көшелеріне, ал 2024 жылы Қажымұқан, Балуан Шолақ және Дінмұхамед Қонаев көшелеріне түнгі жарық шамдары орнатылды. Жиенбет пен Еңбек ауылдарының барлық көшелері жарықтандырылғанымен, бүгінде оларды жаңғырту қажеттілігі туындап отыр. Бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Білім беру саласына келсек, биыл Мойынқұм ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу аяқталған соң оқушылар заман талабына сай жаңартылған мектепте білім алатын болады. Жалпы алғанда, ауылымызда жүзеге асқан әрбір жоба ел Тәуелсіздігінің жемісі. Бұл мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға бағытталған қолдау деп есептеймін.
– Осы кезеңде халық игілігі үшін қандай маңызды жұмыстар атқарылды? Қандай жаңа нысандар бой көтеруде, соларға кеңірек тоқталсаңыз…
– Соңғы жылдары ауылдың ішкі әлеуеті де айтарлықтай өзгерді. Мемлекет тарапынан білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және инфрақұрылым салаларына ерекше көңіл бөлінуде. Соның арқасында тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті көптеген әлеуметтік нысандар бой көтерді.
Атап айтқанда, Жиенбет ауылында ұзақ жылдар бойы тұрғындарды толғандырған жаңа мектеп мәселесі толық шешімін тапты. 2025 жылы 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, балалар заманауи талаптарға сай білім алуға мүмкіндік алды. Осы маңызды жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібековке ауыл тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін. Денсаулық сақтау саласында да көптеген игі жұмыстар атқарылды. 2013 жылы Мойынқұм ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, 2019 жылы Жиенбет ауылында және 2022 жылы Еңбек ауылында жаңа дәрігерлік пункттер ашылып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалды. Ал 2018 жылы Мойынқұм ауылында ветеринариялық пункт іске қосылып, мал шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорт және ойын алаңдары салынды. 2023 жылы Мойынқұм ауылында, 2025 жылы Еңбек ауылында жасанды төсенішпен жабдықталған шағын футбол алаңдары пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2023 жылы Еңбек ауылында, 2025 жылы Мойынқұм ауылында балалар ойын алаңдары орнатылды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да маңызды жұмыстар қолға алынды. 2024 жылы Мойынқұм ауылындағы С.Шәкіров көшесіне, аудандық маңызы бар «Төле би – Ақтөбе» тас жолының бойына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Абаттандыру, санитарлық тазалық, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастырып, туған жерге деген мақтаныш сезімін арттыра түсуде.
– Ауыл шаруашылығы саласында қандай өзгерістер бар?
– Ауыл шаруашылығы саласы Қорағаты ауылдық округі экономикасының негізгі тірегі, тұрғындардың басты күнкөріс көзі екені жасырын емес. Тәуелсіздік жылдары бұл сала да түбегейлі өзгерістерге ұшырап, мемлекет тарапынан көрсетілген жан-жақты қолдаудың арқасында жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бүгінде ауыл еңбеккерлері бұрынғыдай тәжірибеге ғана сүйенбей, заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, техникалық әлеуетін арттырып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған шаруалардың қатары да жыл сайын көбейіп келеді.
Қорағаты ауылдық округінің жалпы жер көлемі 19 752 гектарды құрайды. Оның ішінде 18 470 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, ал 4 572 гектары егістік алқаптары болып саналады. Соңғы жылдары мал басының тұрақты өсуіне байланысты жайылым жерлерге деген сұраныс арта түсті. Осыған байланысты мемлекет тарапынан пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 2022 жылы 1 100 гектар, ал 2025 жылы тағы 2 900 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына берілді.
Бүгінде округ аумағында 235 жеке шаруа қожалығы, «Ата-Қоныс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Нұр-Ару», «Анар-1», «Юсиф-Шу» өндірістік кооперативтері табысты еңбек етуде. Әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл тұрғындары үшін маңызы зор болды. Мәселен, 2023 жылы аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 471,9 миллион теңгеге 117 азамат жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алды. Соның нәтижесінде 853 бас ірі қара, 146 бас жылқы және 2 876 бас қой-ешкі сатып алынды. Бағдарлама ауылдағы мал басының көбеюіне, тұрғындардың табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарының ашылуына айтарлықтай оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар «Юсиф-Шу» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі осы бағдарлама арқылы 59,1 миллион теңгеге заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен қажетті жабдықтарды сатып алды.
– Ауылдың жанашыр азаматтарының еңбегіне қандай баға берер едіңіз?
– Қазақта «Туған жерге туыңды тік», «Туған жерге қызмет ету – азаматтық парыз» деген тағылымды сөздер бар. Осы ұғымды жүрегімен сезінетін азаматтарымыздың арқасында ауылымыздың бүгінгі жетістіктері еселеніп келеді деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені мемлекеттің қолдауымен қатар, туған жеріне жанашыр азаматтардың көмегі де ауылдың өсіп-өркендеуіне ерекше серпін береді. Қуантатыны – округімізден түлеп ұшқан азаматтар қай жерде жүрсе де туған ауылын ұмытпайды. Олар әлеуметтік жобаларға, қайырымдылық шараларына, мәдени-көпшілік іс-шараларға, спорттық жарыстарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Осындай азаматтардың арқасында ауылдағы ауызбіршілік пен ынтымақ нығайып, жастарға жақсы үлгі қалыптасуда.
Соның бір жарқын көрінісі Мойынқұм орта мектебінің 2006 жылғы түлектері. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай олар «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында ауылға кіреберісте ауыл атауы жазылған сәнді қақпаны (арканы) өз қаражаттарына орнатып, туған ауылдарына тарту жасады. Сонымен қатар ауыл жастарының бастамасымен Мойынқұм ауылындағы С.Шәкіров көшесінің бас жағына 600 метр қашықтыққа түнгі көше жарығы орнатылды. Жиенбет ауылында ауыл азаматтарының және әр өңірде еңбек етіп жүрген Жиенбет ата ұрпақтарының демеушілігімен «Жиенбет–Жексенбай» мешітінің жанынан 250–300 орындық асхана салынып жатыр. Ал Еңбек ауылында туған жердің жанашыр перзенттері – Сарыүйсін ұрпақтарының қолдауымен «Сарыүйсін баба» мешіті бой көтеруде.
Халқымызда «Береке – бірлікте» деген дана сөз бар. Расында да, ауызбіршілігі мықты елдің алар асуы да биік болады. Сондықтан ауылымыздың ынтымағы әрдайым жарасып, берекесі арта берсін, жастарымыз елге қызмет етуді парыз санайтын ұрпақ болып өссін деген ізгі тілегімді білдіремін.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойы барша қазақстандықтарға құт-береке, өсіп-өркендеу әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауылымыздың көркейіп-көгере беруіне бәріміз бір кісідей атсалысайық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.