Ақпараттық портал

Отбасы мүшелері білім сайысына қатысты

Отбасы күніне орай аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен мазмұнды іс-шара өтті.
Отбасы мүшелерін бір ортаға жинаған қызықты білім сайысы көпке үлгі болды. Яғни этнос өкілдері арасында өткен «Отбасы – бірлік пен татулықтың бастауы» атты интеллектуалды-зияткерлік «IQ» ойынына Төле би, Қонаев, Бірлік және Жаңа жол ауылдарынан төрт команда қатысты.
Әр команданың құрамында бір отбасының мүшелері болды. Сайыс барысында қатысушылар бір-бірінің білімін толықтырып, ақылдаса отырып жауап беруге тырысты.
Жалпы біліммен қатар, тарих, қазақтың салт-дәстүрі, мақал-мәтелдерге қатысты сауалдар беріліп, логикалық тапсырмалар да ұсынылды. Кейбір сұрақтарға жауап табу үшін командалар біраз ойланып, өзара пікір алмасты. Үлкендер өз тәжірибесін ортаға салса, жастар өз білімдерімен бөлісті. Бірі білмегенді екіншісі толықтырып, ортақ шешімге келуге тырысты.
Шараның негізгі мақсаты да сол отбасы құндылықтарын дәріптеу, өзара сыйластық пен ынтымақты нығайту.
Сонымен бірге этнос өкілдері арасында татулықты насихаттап, жастардың ойлау қабілеті мен білімге деген қызығушылығын арттыру еді.
Тартысты өткен ойын соңында бірінші орын Төле би ауылының командасына бұйырды. Қонаев ауылының командасы екінші орын алса, Бірлік ауылының командасы үшінші орынды иеленді және ұйымдастырушылар тарапынан марапаттар табыс етілді.

Балнұр
Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.