Ақпараттық портал

Кәсіби білім – кемел келешектің кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауға айрықша мән беріп келеді. Президент экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз етуді аса өзекті міндеттердің бірі ретінде атап, әсіресе су, энергетика, құрылыс және басқа да маңызды салалардағы маман тапшылығын шешу қажеттігін алға тартып жүр. Сонымен қатар болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер бойынша мамандар даярлау жүйесін заман талабына сай жетілдірудің маңызы зор.

Бүгінде әлем жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанымен, адам еңбегін, кәсіби шеберлігін, қол еңбегін қажет ететін көптеген мамандықтар өз маңызын жойған жоқ. Керісінше, өндіріс пен экономика дамыған сайын білікті жұмысшы кадрларға деген сұраныс артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қоғамдағы орны айрықша.
Шу ауданындағы осындай білім ордаларының бірі – Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты №10 Шу колледжі. Білікті басшы Тоғжан Тоқтарбайқызы Мұсаева жетекшілік ететін оқу орны бүгінде заман талабына сай маман даярлайтын, материалдық-техникалық базасы нығайған, өндірістік тәжірибеге басымдық беретін іргелі білім ошағына айналып отыр.
Келешектің кілті – білімді жаста болса, экономиканың қуаты – кәсібін жетік меңгерген білікті маманда. Сондықтан еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау, жастарға сапалы кәсіптік білім беру – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі.
Алты онжылдыққа
жуық тарих
№10 Шу колледжінің тарихы сонау 1959 жылдан бастау алады. Алғашында қазіргі Қонаев ауылында №109 селолық ауыл шаруашылығы училищесі ретінде құрылған оқу орны ауыл шаруашылығына қажетті тракторшы-механизаторларды даярлау ісін қолға алған.
Заман талабына қарай оқу орнының атауы мен мәртебесі бірнеше рет өзгерді. Ал 2012 жылдан бастап №10 Шу колледжі ретінде өз қызметін жалғастырып келеді. Осы жылдар ішінде білім ордасынан мыңдаған жас түлеп шығып, түрлі салаларда еңбек етіп, ел дамуына өз үлестерін қосты.
Биыл колледж өмірінде тағы бір айтулы кезең басталды. Оқу ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылын жаңарған келбетпен қарсы алды.
– Биыл біздің колледждің тыныс-тіршілігінде жаңа кезең басталды. Ғимаратымыз күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылын жаңарған келбетпен қарсы алды. Студенттердің сапалы білім алып, таңдаған мамандығын тәжірибе жүзінде меңгеруіне, бос уақытын тиімді өткізуіне және қауіпсіз ортада білім алуына қажетті жағдай жасалды, – дейді колледж директоры Тоғжан Тоқтарбайқызы.
Бүгінде жаңарған оқу кабинеттері мен өндірістік шеберханалар, зертханалар, кітапхана, компьютерлік кабинеттер, спорт және акт залдары, асхана, медициналық кабинет пен жатақхана студенттердің игілігіне қызмет етуде.
Колледжде 20 оқу кабинеті, 3 зертхана, 6 өндірістік оқу шеберханасы, 100 орындық жатақхана, 100 орындық асхана, спорт залы мен спорт алаңы, акт залы, медициналық кабинет, кітапхана және компьютерлік кабинеттер бар.
2026–2027 оқу жылындағы қабылдау нәтижесі де көңіл қуантады. Биыл колледжге 402 студент қабылданып, қазіргі таңда білім ордасында барлығы 969 студент білім алуда. Оның 940-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, 29-ы ақылы негізде білім алуда. Студенттердің барлығы 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған.
– Біздің басты мақсатымыз – колледжге келген әрбір жастың сапалы білім алып қана қоймай, таңдаған кәсібін жетік меңгеріп шығуына жағдай жасау. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді сапалы біліммен, нәтижелі тәрбиемен және кәсіби шеберлікпен ұштастыру, – дейді колледж басшылығы.
Теория мен
тәжірибе – егіз ұғым
№10 Шу колледжінің басты ерекшеліктерінің бірі – теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастыруға басымдық беруі.
2021 жылы колледж «Жас маман» жобасына еніп, материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды. Оқу-өндірістік шеберханалар заманауи техника және жабдықтармен толықтырылды. Бұл студенттерге болашақ мамандығын оқу аудиториясында ғана емес, нақты жұмыс үдерісіне жақын ортада меңгеруге мүмкіндік берді.
Ал 2023 жылы колледж базасында «Құзыреттілік орталығы» ашылды. Мұнда білім алушылар кәсіби дағдыларын жетілдіріп, WorldSkills талаптарына сәйкес тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлік чемпионаттарына дайындалады.
Колледж басшылығы WorldSkills қозғалысына да ерекше көңіл бөліп келеді. Білім алушылар түрлі кәсіби құзыреттіліктер бойынша облыстық чемпионаттарға қатысып, өздерінің практикалық шеберліктерін шыңдап жүр.
– Колледж студенттерінің кәсіби даярлығы «WorldSkills Jambyl – 2026» чемпионатында да өз нәтижесін көрсетті. Чемпионат қорытындысы бойынша білім алушыларымыз «Темір жолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» құзыреттіліктері бойынша І орын иеленді. Бұдан бөлек, студенттеріміз өзге де құзыреттіліктер бойынша жүлделі орындардан көрінді.
Бұл жетістіктер – студенттердің табандылығы мен кәсіби шеберлігінің, өндірістік оқыту шеберлері мен педагогтердің жүйелі еңбегінің нәтижесі. WorldSkills алаңындағы әрбір жеңіс колледжде теориялық білім мен практикалық даярлықтың өзара сабақтастықта жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді, – дейді Т.Т.Мұсаева.
Әлеуметтік серіктестік – сапалы кадр
даярлаудың негізі
Бүгінде колледж үшін халықаралық тәжірибе, әлеуметтік серіктестік және кәсіби шеберлік – бір-бірін толықтыратын маңызды бағыттар.
Қазіргі таңда №10 Шу колледжі түрлі саладағы 62 кәсіпорынмен, мекемелермен және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқан. Бұл серіктестік студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруына және білім беру мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
– Әлеуметтік серіктестермен орнатылған байланыстардың маңызы зор. Студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, өз мамандығы бойынша нақты жұмыс үдерісімен танысады. Бұл олардың еңбек нарығына бейімделуіне үлкен мүмкіндік береді, – дейді колледж директоры.
Халықаралық тәжірибені зерделеу бағытында да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Колледждің басшылық құрамы мен педагогтері Қытай, Сингапур, Түркия, Грузия және Италия елдерінде білімдерін жетілдіріп, кәсіби тәжірибе жинақтаған.
Шетелдік тәжірибемен танысу – білім беру саласына жаңа әдістер мен технологияларды енгізуге, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және мамандар даярлау сапасын жетілдіруге бағытталған маңызды қадам.
Сұранысқа ие мамандықтар оқытылады
Қазіргі таңда колледжде 10 мамандық бойынша 15 біліктілік оқытылады. Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Темір жолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Темір жол вагондарын және рефрижераторлы жылжымалы құрамды пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Дәнекерлеу ісі» (түрлері бойынша), «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі», «Шаштараз өнері» мамандықтары бойынша білім беріледі.
Мұндағы мамандықтардың басым бөлігі нақты өндірістік дағдыны, еңбекқорлықты және кәсіби шеберлікті талап етеді. Бұл – еңбек нарығында әрдайым қажет болатын жұмысшы мамандықтарының әлеуетін көрсетеді.
Колледж бен «Qyzylsha Zher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы өңірге қажетті мамандарды даярлауға бағытталған корпоративтік басқару туралы келісім де соның айғағы.
Келісім аясында колледждің үздік екі студенті Түркияның Кония қаласындағы «KONIA GIDA VE TARIM» университетіне тегін оқу жолдамасын иеленді.
– Студенттеріміз шетелде жан-жақты білім алып, оқуын аяқтағаннан кейін «Qyzylsha Zher» кәсіпорнында өз мамандықтары бойынша еңбек ететін болады. Бұл – білім мен өндірістің өзара байланысының нақты көрінісі, – дейді Т.Мұсаева.
Білікті ұстаз – сапалы білімнің кепілі
Кез келген білім ошағының жетістігі ең алдымен оның педагогикалық құрамына байланысты. №10 Шу колледжінде қазіргі таңда 56 педагог еңбек етеді. Олардың қатарында 16 педагог-сарапшы, 21 педагог-модератор және 2 магистр бар.
Колледжде педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға да тұрақты көңіл бөлінеді. 2025–2030 жылдарға арналған біліктілікті арттырудың перспективалық жоспары бекітілген. Педагогтер белгіленген тәртіпке сәйкес біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, кәсіби білімдерін жетілдіріп отырады.
Ұстаздардың халықаралық тәжірибемен танысуы да осы мақсатқа қызмет етеді. Себебі заманауи маман даярлау үшін ең алдымен сол маманды оқытатын педагогтің кәсіби білімі мен тәжірибесі заман талабына сай болуы қажет.
Заманауи техника – тәжірибелі маман даярлауға мүмкіндік
Колледждің материалдық-техникалық базасында студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін түрлі техника мен жабдықтар бар.
Атап айтқанда, JONE DEERE W430 маркалы екі комбайн, KUN4060 тіркемелі шөп шапқыш, KAIHAN түк тайлағышы, CANMAX 680 телескоптық жүк тиегіші, тұқым сепкіш, екі 8 тонналық трактор тіркемесі, аспалы және айналмалы соқалар, сондай-ақ өндірістік шеберханаларда қолданылатын SPA-700P бұранда кескіш станогы, BKS-2500 тегістеу-қайрау станогы, FP-25 тік фрезерлік станогы, DSL-1100V ағаш жону станогы, B1316 үстел бұрғылау станогы, слесарлық жұмыс үстелдері мен қолмен гидравликалық құбыр игіш станоктары бар.
Мұндай база студенттердің теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекітіп, кәсіби машықтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кәсіби маман – ел экономикасының тірегі
Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллектіні техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне енгізудің тұжырымдамалық негіздері бекітілгенін айтқан болатын. Бұл – білім беру жүйесінің де жаңа технологиялық кезеңге бейімделіп келе жатқанын көрсетеді.
Алайда технология қанша дамығанымен, оны іске қосып, басқарып, жөндеп, жетілдіретін білікті маман қажет. Темір жолшы, механизатор, дәнекерлеуші, аспаз, наубайшы, тігінші, шаштараз секілді кәсіп иелерінің еңбегі қоғамның күнделікті тіршілігімен тікелей байланысты.
Сондықтан барша жастың бірдей жоғары оқу орнында әкім, заңгер, қаржыгер немесе басқа да кеңсе мамандығына ұмтылуы міндет емес. Ел экономикасына өндірісте, ауыл шаруашылығында, темір жолда, қызмет көрсету саласында еңбек ететін кәсіби мамандар да аса қажет.
Осы ретте №10 Шу колледжінің атқарып отырған жұмысы – тек жастарға кәсіп үйрету емес, өңірдің еңбек нарығына қажетті кадр қалыптастыруға бағытталған маңызды іс екенін айта кеткен жөн.
Алты онжылдыққа жуық тарихы бар оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігіне көз салсақ, оның жаңаруға, ізденуге және заман талабына бейімделуге ұмтылысы анық байқалады. Жаңарған ғимарат, заманауи құрал-жабдықтар, әлеуметтік серіктестік, халықаралық тәжірибе, WorldSkills жетістіктері – осының барлығы бір мақсатқа, яғни білікті де бәсекеге қабілетті маман даярлауға бағытталған.
Ендеше, кәсіби білім алған әрбір жас – ел экономикасының ертеңгі тірегі. Өз ісін жетік меңгерген маманның еңбегі қашанда бағалы. Осы жолда №10 Шу колледжінде білім алып жатқан жастарға талап пен табандылық, ізденіс пен кәсіби биіктер тілейміз. Ал білім ордасының шәкірт тәрбиелеудегі игі бастамалары жалғасын тауып, көкжиегі кеңейе бергей!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.