ЛОГОПЕДТІК КЕҢЕС – БАЛАНЫҢ СӨЙЛЕУ ТІЛІН ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ
Бұл мақалада балалардың сөйлеу тілінің қалыптасу ерекшеліктері, сөйлеу бұзылыстарын ерте анықтаудың маңызы және логопедтік кеңестің бала дамуына тигізетін әсері қарастырылады. Логопедтік кеңес ата-аналарға баланың сөйлеу тілін бақылау, тілдік дамуда кездесетін қиындықтарды анықтау және оларды түзету бағыттары бойынша ғылыми-практикалық ұсыныстар береді.
Баланың сөйлеу тілі – оның танымдық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сөйлеу арқылы бала қоршаған ортамен қарым-қатынас жасайды, өз ойын жеткізеді, білім мен тәжірибені меңгереді.
Сөйлеу тілінің қалыптасуы әр балада өзіндік ерекшелікпен жүреді. Дегенмен белгілі бір жас кезеңінде баланың сөздік қоры, дыбыстарды айтуы, сөйлем құрауы және өз ойын байланыстырып жеткізуі жас ерекшелігіне сәйкес болуы қажет. Осыған байланысты сөйлеу тіліндегі ауытқуларды ерте анықтау және маман кеңесін уақытында алу маңызды. Ұялы телефондар мен басқа да гаджеттер қазіргі қоғамда маңызды технологиялық құрал болғанымен, оларды шамадан тыс және бақылаусыз қолдану баланың күнделікті тірі қарым-қатынас тәжірибесін азайтуы мүмкін. Ал сөйлеу тілі дәл осы қарым-қатынас, өзара әрекет және белсенді тілдік тәжірибе арқылы қалыптасады.
Шу қалалық емхана логопед кеңесі – баланың сөйлеу тілінің жағдайын бағалауға және ата-анаға қажетті бағыт-бағдар беруге мүмкіндік беретін маңызды профилактикалық және түзете-дамыту шараларының бірі. Жұмыс кабинеті заманауи техникалармен жабдықталған.
Кеңес барысында логопед баланың:
– дыбыстарды дұрыс айтуын;
– фонематикалық есту қабілетін;
– сөздік қорының қалыптасуын;
– грамматикалық құрылымды қолдануын;
– байланыстырып сөйлеу деңгейін;
– артикуляциялық аппараттың қимыл-қозғалысын;
– сөйлеу қарқыны мен анықтылығын бағалайды.
Жиналған мәліметтер негізінде баланың сөйлеу тілінің даму деңгейі анықталып, қажет болған жағдайда жеке түзету жұмысының бағыты белгіленеді.
Сөйлеу бұзылыстарын ерте кезеңде анықтау түзету жұмыстарының нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді. Баланың сөйлеуіндегі қиындықтар уақытында байқалмаса, кейіннен оқу, жазу, қарым-қатынас жасау және өз ойын еркін жеткізу барысында қосымша қиындықтар туындауы ықтимал. Сондықтан ата-аналар баланың сөйлеу ерекшеліктеріне немқұрайлы қарамай, оның жасына сәйкес тілдік дамуын жүйелі түрде бақылауы қажет.
Ата-аналарға берілетін кеңесі:
* Баламен жиі және анық сөйлесу;
* Балаға кітап оқып, оқиға мазмұнын бірге талқылау;
* Жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру;
* Баланың толық сөйлеммен жауап беруіне мүмкіндік жасау;
* Суреттер арқылы әңгіме құрату;
* Саусақ және тіл қимылдарын дамытуға арналған ойындарды қолдану;
* Баланың қате айтқан сөзін мазақ етпей, дұрыс нұсқасын табиғи түрде қайталап көрсету;
* Сөйлеу тілінде тұрақты қиындық байқалса, логопед маманына жүгіну ұсынылады.
Сөзімнің соңында – баланың сөйлеу тілін ерте кезеңнен бақылауға, сөйлеу бұзылыстарын дер кезінде анықтауға және қажетті түзету-дамыту жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыт. Баланың сөйлеу тілінің дұрыс қалыптасуына логопедпен қатар ата-ананың да белсенді қатысуы қажет. «Ерте анықтау – дер кезінде көмек көрсету – нәтижелі түзету» қағидасын ұстану баланың толыққанды сөйлеу және қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Динара Турабекова,
Шу қалалық емханасының
логопед маманы.