Ақпараттық портал

Қырық жылға созылған үнсіз қасірет

Бүкіл қазақ даласына қасіретін тигізген Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Тарихқа көз жүгіртсек, ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылғы 29 тамызда «Тәжірибе даласы» сынақ нүктесінде жүзеге асырылды. Мұның арты орны толмас қайғылы салдарға әкелді. ХХ ғасыр адамзатқа ядролық қару деген алапат кесапатты әкелді. Бұл қару кеңінен қолданылмай жатып-ақ, пайда болған кезеңінен бастап айналасына ажал септі. Сынақтар жүргізіліп, сол сынақтарды өткізу үшін арнайы полигондар пайда болды.

Қазақстан аумағында Оралдан Ертіске дейін созылған кеңістікте бірнеше сынақ алаңдары орналасты. Батыс Қазақстан облысындағы Нарын өңірінде орналасқан Капустин Яр полигонында 1968–1979 жылдар аралығында 2000-ға жуық ракета сыналғаны айтылады. Азғыр полигонында 1966–1979 жылдары 24 рет ядролық сынақ жүргізілді. Қызылорда облысындағы Байқоңыр ғарыш айлағы, Арал теңізіндегі Возрождение аралындағы бактериологиялық қару сынақ алаңы, Балқаш көлі маңындағы Сарышаған, сондай-ақ Ташкент-4, Атырау облысындағы Тайсойған сынақ алаңдары да халқымыздың жадында сақталған ауыр тарихтың бір бөлігі.
Ұлы замандасымыз, ақын Олжас Сүлейменовтің: «Біз соғыс аяқталғанына 40 жыл болды, 40 жыл бейбіт өмір сүрудеміз деп келдік. Сөйтсек, соғыс аяқталмапты. 40 жыл бойы үн-түнсіз қатыгез соғыс жүріп жатыпты. Сынақ аймағында. Полигонда…» деген сөзінің астарында қаншама ащы шындық жатыр.
Сол үн-түнсіз жүріп жатқан қатыгез соғысқа 1991 жылғы 29 тамызда нүкте қойылды. Қазақстан Президентінің Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Кейін 29 тамыздың ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде белгіленіп, Қазақстанның бұл бастамасының Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау табуының өзі – еліміздің бейбітшілік жолындағы ұстанымына берілген үлкен баға. Бұл – қазақ халқының ізгі ниеті мен бейбіт өмірге деген ұмтылысын бүкіл әлемге паш еткен тарихи оқиға. Оны болашақ ұрпақ әрдайым есте ұстауы тиіс.
Семей ядролық сынақ полигоны – әлемдегі ең ірі әрі қасіреті мол ядролық сынақ аймақтарының бірі. Мұнда қоршаған ортаның радиоактивті ластануы аса жоғары деңгейде болды. Полигонның жекелеген қауіпті аумақтарында адамның ұзақ уақыт болуы денсаулыққа орасан қатер төндірді.
1949–1989 жылдар аралығындағы қырық жыл ішінде Семей полигонында 468 ядролық сынақ жүргізілді. Оның 116-сы жер бетінде және әуеде, 352-сі жер астында жасалды. Сол сынақтардың зардабын 1 миллион 500 мыңнан астам адам тартты. Оның қасіреті полигон аумағында әскери борышын өтеген сарбаздарды да айналып өткен жоқ.
Сынақ полигоны пайдаланған аумақтардың ауасы, топырағы мен өсімдік жамылғысы радионуклидтермен ластанды. Оның зардабы ауа ағындары мен жер асты сулары арқылы мыңдаған шақырымға тарады. Радиациялық әсердің адам ағзасына тигізген салдары да ауыр болды. Қатерлі ісік, қан аурулары, сәулелік аурулар мен жүйке жүйесі сырқаттарының көбеюі полигон зардабын тартқан өңірлер үшін үлкен мәселеге айналды. Оның зардабы бірнеше ұрпақтың тағдырына әсер етті.
Семей ядролық сынақ полигоны аймағында әскери қызмет атқарған азаматтар да бұл қасіреттен тыс қалған жоқ. Мен де екі жылдан астам уақыт сол өңірде әскери борышымды өтеп, алапат жарылыстарды таяу жерден өз көзіммен көргендердің бірімін. Саңырауқұлаққа ұқсап көкке көтерілген алып бұлттың астында талай мәрте тұрдық. Сол ядролық сынақтардан тараған радиациялық сәуленің зардабынан көптеген замандастарымыз 60 жас түгілі, 50 жасқа да жетпей өмірден өтті.
Семей ядролық сынақ полигоны дегенде көз алдымызға атом бомбаларының жарылыстары, одан пайда болған алып саңырауқұлақ тәрізді бұлт, құлақты жаңғыртқан жойқын дүрсіл, қоңыр түсті шаң-топырақ аралас радиоактивті бұлт пен құйын келеді. Сол ластанған радиоактивті бұлттардың зардабы қаншама адамның денсаулығын жалмап, қаншама тағдырды қиратты. Өкінішке қарай, сол кезеңнің қасіретін көзімен көрмеген кейбір адамдар оның қаншалықты ауыр болғанын толық түсіне бермеуі мүмкін.
Мен 1971 жылдың қаңтар айынан 1973 жылдың желтоқсанына дейін Кеңес Одағы кезінде Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызмет атқардым. Алапат ажалды өз көзіммен көріп, аман қалған куәгерлердің бірімін. Семей-22, Молдары аймағына қарасты «Тәжірибе даласы» мен «Аргон» сынақ нүктелеріндегі әскери бөлімшеде оқу-жаттығудан өттім. Кейін сол аумақта орналасқан ИГР – импульстік графит реакторының сыртқы алаңындағы әскери жұмыстарға қатыстым.
Біздің міндетіміз – арнайы контейнерлермен жеткізілген материалдарды конвейерге тиеп, ішкі қабатқа өңдеуге жіберу, сондай-ақ ішкі бөліктен шығарылған қалдықтар салынған контейнерлерді автокөліктерге тиеу болатын. 1972 жылдың қазан айында «Тәжірибе даласы» сынақ нүктесінде бір мәрте, 1973 жылдың тамыз айында тағы бір мәрте ядролық қару сынағына байланысты әскери жұмыстарға қатыстым.
Сол жұмыстарды атқару кезінде бізге радиация әсеріне төзімділікті арттырады деген түсінікпен арнайы екпе салынды. Сонымен қатар әскери қызмет аяқталғаннан кейін 3–5 жылға дейін отбасын құрмауға кеңес берілді. Әскери және мемлекеттік құпияны өмір бойы сақтау жөнінде де қатаң ескертілді. Ол кезде мұның бәрінің адам денсаулығына қаншалықты ауыр салдары болатынын толық түсіне бермейтінбіз.
Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы – Қазақстанды бүкіл әлемге бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде танытқан тарихи шешімдердің бірі. Себебі еліміз ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі құжатты қабылдап қана қоймай, оны іс жүзінде жүзеге асырып, полигонды жапты. Бұл – біз үшін теңдессіз тарихи жетістік. Оның маңызын әлем қауымдастығы да жоғары бағалады.
29 тамыз – біз үшін күнтізбедегі қатардағы күн емес. Бұл – қасіретті тарихты еске алып, одан сабақ алатын, бейбітшіліктің бағасын терең түсінетін күн. Ядролық қарудың зардабын өз көзімен көрген ұрпақ үшін оның мәні тіпті бөлек.
Біздің көргенімізді келер ұрпақ көрмесін. Аспанымызда ешқашан ядролық жарылыстың саңырауқұлақ бұлты көтерілмесін. Қазақ даласында қырық жылға созылған сол үнсіз қайғы енді ешқашан қайталанбасын.

Бектен Қарғабаев,
«Ядролық сынақ мүгедектері мен ардагерлері, Шу ауданының ерекше тәуекелді бөлімшелері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.