Ақпараттық портал

Тіл мәртебесі – ел мерейі

5 қыркүйек күні елімізде Қазақстан халқы тілдері күні кең көлемде аталып өтті. Ұлт ұстазы, қазақ әліпбиінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай белгіленген бұл мерекенің мәні мен маңызы айрықша. Себебі егемен елімізде түрлі этнос өкілдері өзара татулық пен бірлікте өмір сүріп, мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін дәріптей отырып, ортақ Отанымыздың өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді.

Осы орайда Жаңа жол ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте 2026–2027 оқу жылына арналған жоспарға сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл мәртебесі – ел мерейі» атты онкүндік іс-шаралар кешені ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – оқушылардың ана тіліне деген құрметін арттыру, тіл тазалығын сақтауға баулу, тіл ғылымының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың еңбегін насихаттау. Сонымен қатар елімізде өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің тілдеріне деген құрмет пен өзара сыйластықты нығайту көзделді.
Онкүндік 5 қыркүйек күні арнайы жоспарды бекітуден басталып, салтанатты ашылу жиынымен жалғасын тапты. Алғашқы шара ретінде 8–10 сынып оқушылары арасында жалпы мектепішілік диктант ұйымдастырылды. Сондай-ақ 5–14 қыркүйек аралығында мектеп кітапханасында «Тіл – сарқылмас құндылық» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Бұдан бөлек, 5–11 сынып оқушылары арасында «Жырыма арқау етемін туған тілді» тақырыбында шығармашылық өлеңдер байқауы өткізіліп, ақындыққа қызығушылық танытқан оқушылардың туындылары аудандық «Шу өңірі» газетіне жариялауға жолданды.
Мектеп оқушылары тек білім ошағында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып қана қоймай, аудан көлемінде өткен түрлі байқауларда да өз өнерлері мен білімдерін паш етіп келеді. Атап айтқанда, аудандық мәнерлеп оқу байқауында жүрегі Отан деп соққан жас өрендеріміз белсенділік танытып, жүлделі III орынды иеленді. Сонымен қатар үздік өнер көрсеткен оқушылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Онкүндік аясындағы іс-шаралар кешені орыс тілі мен ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері ұйымдастырған «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты салтанатты жабылу жиынымен қорытындыланды.
Тіл – ұлттың рухани тұтастығын айқындайтын баға жетпес құндылық. Сондықтан мектеп қабырғасында ұйымдастырылған мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың бойындағы отансүйгіштік сезімді де нығайта түсетіні сөзсіз.
Айта кетерлігі, аудандық Мәдениет үйі ұйымдастырған «Тіл мәртебесі – ел мерейі» байқауында мектеп оқушысы Адылхан Сүлейменов жүлделі III орынды иеленсе, Эсмиралда Мамедова Алғыс хатпен марапатталды.
Ақтолқын ОСПАНОВА,
Айгүл РАХИМОВА,
Б. Момышұлы атындағы орта мектебінің мұғалімдері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.