Қазақша контент көбейді, ал сапасы ше?
Қазақша сөйлеу трендке айналды. Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде қазақ тілінде контент жасайтын авторлар көбейді. Бұрыннан қалыптасқан ағартушылық жобалардың қатарына бүгінде тіл, тарих, мәдениет пен білім тақырыбында контент жасайтын жаңа авторлар қосылып келеді.
Қазақша контенттің саны артқаны анық. Дегенмен санымен қатар сапасы да өсіп жатыр ма? 2025 жылдың басында Қазақстанда әлеуметтік желіні пайдаланушылардың 15,7 млн идентификаторы тіркелген. Бұл ел халқының 75,7 пайызына тең. Әлеуметтік желінің осындай ауқымды аудиториясы контент авторларына да жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Қазақша контенттің сапасына қатысты мәселе бұған дейін де көтерілген. Хайп пен көп қаралымға негізделген контенттің арасында көрерменге шын мәнінде пайдалы дүние ұсыну мәселесі әлі де өзекті. Қазақша контент көбейген сайын оның сапасын қалай бағалаймыз деген сұрақ туындайды.
Бұл сұрақты қазақ халқының тарихы мен әдебиеті туралы бейнежазбалар түсіретін Зарина Құсайыноваға қойдық. «Саны бар, сапасы жоқ дүние — көзбояушылық. Контент мәнді, мағыналы болуы тиіс», — дейді ол.
Расында, контент сапасы тек жақсы монтажбен немесе көп қаралыммен өлшенбейді. Сауатты тіл, мазмұнды ой, өзекті тақырып пен ақпараттың құндылығы да маңызды.
Сапалы әрі танымдық бағыттағы контенттің нақты мысалдары да бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша TikTok қолданушылары қазақ тілін үйренуге арналған бейнелер түсіретін Алтынай Өтегенованы «Ең үздік танымдық контент авторы» деп таңдады. Ол өз видеоларында қазақ тілінің лексикасы мен ережелерін түсіндіреді.
Ал Қазақстан тарихы мен өңірлердің мәдени және тілдік ерекшеліктері туралы бейнелер жасайтын «Ұлт қазынасы» жобасы «Ең үздік мәдениет контентінің авторы» атанды.
Бұл мысалдар тіл, тарих пен мәдениет секілді тақырыптарды да әлеуметтік желінің қысқа әрі тартымды форматына бейімдеуге болатынын көрсетеді.
Дегенмен сапалы контенттің өзі аудиторияға бірден жете бермейді. Әлеуметтік желі алгоритмдері мен көрерменнің контент тұтыну әдеті авторларды мазмұн мен тартымды форматтың арасынан тепе-теңдік іздеуге мәжбүр етеді. Демек, мәселе сапалы контенттің бар-жоғында ғана емес, оны аудиторияға қалай ұсынуда да жатыр.
Контент сапасының тағы бір маңызды қыры — тіл. Сол секілді Алтынай Стамбекқызы әлеуметтік желідегі тіл қолданысына назар аудару қажет деп есептейді. Оның айтуынша, бұрын орысша контент түсірген блогерлердің қазақша сөйлеуге талпынысы байқалады. Уақыт өте олардың тілі де жақсарып келеді. Бұл — оң өзгеріс.
Алайда қазақтанушы блогерлердің сөз саптауындағы қателерді балалар дұрыс норма ретінде қабылдап қалуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде сауатты жазуға жеткілікті мән берілмейтінін атап өтті.
Сонда сапалы қазақша контент қандай болуы керек? Жиналған пікірлер мен мысалдарға қарасақ, оның өлшемі тек қаралым мен жазылушы санында емес. Сауатты тіл, мағыналы мазмұн, дұрыс ақпарат және аудитория алдындағы жауапкершілік қатар жүруі керек. Көп қаралым контенттің танымал екенін көрсеткенімен, оның сапасына кепіл бола алмайды.
Қазақша контент көбейді. Бұл — жақсы өзгеріс. Ендігі міндет — қазақша сөйлеуді тренд деңгейінде қалдырмай, сапалы контент жасау мәдениетіне айналдыру.
Дереккөздер:
• DataReportal — Digital 2025: Kazakhstan (әлеуметтік желі аудиториясы туралы дерек).
• TikTok Newsroom Kazakhstan — 2025 жылғы үздік қазақстандық контент авторлары (Алтынай Өтегенова және «Ұлт қазынасы» туралы деректер).
Нұршапағат Әсімхан,
Нұра ауданының жаратылыстану-
математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы.