Келелі кеңесте өзекті мәселелер талқыланды
Сейсенбі күні аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиын барысында бірқатар мекеме басшысы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Алдымен «Төле би» көпсалалы мамандандырылған кәсіпорнының директоры Асылжан Оразханұлы Жапсарбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі бойынша 5899 үймен келісімшарт жасалған. Оның 4700-і Шу қаласына тиесілі болса, Төле би ауылдық округі бойынша бұл көрсеткіш 912 абонентті құрайды. Өткен жылы абоненттер саны 500 болған.
– Абоненттер санын арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда төлемдерді қабылдау Kaspi Bank қосымшасы арқылы жүзеге асырылып, төлем қабылдау процесін цифрландыру жұмыстары толық аяқталды, – дейді Асылжан Оразханұлы.
Сонымен қатар кәсіпорын басшысы қысқы кезеңге дайындық жұмыстарына да тоқталды. Жолдарды күтіп-ұстауға қажетті 100 тонна техникалық тұз және 1200 тонна майда құм сатып алынған.
Жылыту маусымына дайындық аясында төрт жаңа қазандық сатып алынған. Олар Төле би ауылындағы С.Шәкіров, Жаңа жол ауылындағы Б.Момышұлы, Белбасар ауылындағы Ш.Уәлиханов және Шоқпар ауылындағы О.Жандосов атындағы мектептерге орнатылады. Мердігер ұйым тарапынан қазандықтарды жеткізу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталмақ.
Аппараттық кеңесте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да қаралды. Бұл бағытта аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жайдар Әйтішев пен Шу қалалық емханасының бас дәрігері Гаухар Инкарбекова баяндама жасады.
Жайдар Әскербекұлының мәліметінше, жыл басында ауданда сақтандырылмаған азаматтар саны 8787 болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 9517 адамға жетіп, 17,3 пайызға артқан. Сақтандыру мәртебесі жоқ азаматтардың үлесі Қонаев ауылдық округінде – 20,7, Далақайнарда – 19,3, Балуан Шолақта – 24,4, Жаңа жолда – 25,1, Ақтөбеде – 25,7 және Тасөткелде – 27,8 пайызды құраған.
Ал Шу қалалық емханасының халықты тіркеу регистріндегі 2026 жылғы 31 тамыздағы мәліметке сәйкес, емханаға тіркелген 40 269 тұрғынның 34 264-і міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Бұл жалпы тіркелген халықтың 85 пайызын құрайды.
Жиын соңында Көкқайнар ауылдық округінің әкімі Қуатбек Жамбыловтың есебі тыңдалды. Аппараттық кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жауапты лауазымды тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
Байжан Емберді.