Ақпараттық портал

ҰРПАҚТЫ ДАМЫТУДЫҢ БІР САТЫСЫ

Мәңгілік ел болуға ұмтылған мерейлі мемлекетіміз жастардың жан-жақты дамуы үшін мейлінше мүмкіндіктер тудырып, барынша жағдай жасауда. Елдің келешегінің кемел болуы үшін өскелең ұрпақ білімді, білікті, белсенді болуы бек қажет. Осы бір қасиеттер болашақ ұрпақтың бойынан табылсын десек, айтылған сөздің салмағын сезінуіміз керек. Содан болар, тәуелсіздік алған жылдардың өрнегінде жастарға мейлінше көңіл бөлініп келеді. Биылғы жылдың да “Балалар жылы” болып белгіленуі тегіннен емес. Дәл осы жылы балалардың рухани-мәдени дамуына басымдық беріліп, ағартушылық һәм спорттық тұрғыда қолдау жасалуда.

Соның жарқын көрінісі, Абай ауылы, Абай атындағы орта мектепте өткен “Лингвист” орыс және ағылшын тілдері пән бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен көрнекті кеш. “Лингвист” орыс және ағылшын тілдері бірлестігінің пән мұғалімдері Нарбекова Ләйлә, Егеубаева Ардақ, Марат Зухра, Бекжигитова Зираш, Нұражиева Қарлығаш, Татыбекова Перизат, Қуантай Жауқазындар белсенді атсалысқан пән айлығының қорытынды кеші “Счастливое детство – счастливое будущее!”-“Happy childhood!” деп аталды. Аталған мұғалімдер балалардың көңілін көтеру, пәндерге деген қызығушылығын арттыру үшін өз қаражаттары есебінен қызылды-жасылды дүниелермен көмкерілген әсем безендірулер жасап, түрлі сайыстарды өткізді. Соған сай эссе, “Art fest”, сурет байқауы, конкурстардың нәтижелері бойынша жеңімпаз оқушылар анықталып, марапатталды.
Қазіргі таңда тіл білуге ұмтылған мектеп оқушыларының қарасы қалың. Ұстаздың үйреткенімен қатар арнайы сайттардан, ютуб арналарынан түрлі тілдерді меңгеріп, өздерін дамытып жүрген оқушыларымыз орыс және ағылшын тілдеріне әжептәуір төселіп қалған. Бұны өткізілген қорытынды кештен аңғардық.
“Ізденген жетер мұратқа” демекші, өз мамандығыңның ой-шұқырын зерделеп, жүріп өткен жолдардағы іс-тәжірибеңді тірнектеп жинап, оны шәкіртіңнің санасына сіңіре білу де үлкен өнер. Баланы дамыту үшін мектеп қабырғасында түрлі іс-шаралар өткізу аса маңызды. Ал, сол мерекелік ертеңгіліктердің, жүйелі іс-шаралардың нәтижесі көрініп жатса ұстазға абырой. Осы бағытта тыңғылықты жұмыс атқарып, үш тұғырлы тіл саясатына үлес қосқан ұстаздардың еңбегі қашан да бағалы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.