«АНАЛАР АЛҚАСЫ» АТҚАРҒАН ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС
Шу ауданында 2019 жылы ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымы әр ауылда жергілікті қауымдастықтың белсенділерін ерікті түрде біріктіретін кеңесші, ақыл қосушы орган. Қоғамдық құрылымның мақсаты – отбасы институтын нығайту, халық педагогикасы негізіне сүйене отырып, ұлттық сананы дамыту мен жаңа дәуірдің жаңалығын бойға сіңіру арқылы ұлттық дәстүрлері мен құндылықтарын, рухани адамгершілік тәрбиесін ізгілендіріп, ер бала тәрбиесі-әке тәрбиесі, қыз бала тәрбиесі – ана тәрбиесінің үздік тәжірбиелерін насихаттау.
«Аналар алқасы» өз қызметін аудан әкімінің ішкі саясат бөлімінің басшысымен келісілген жоспармен, жан-жақты ізденіспен жүргізуде. Әке ұлды тәрбиелейді, ана ұлтты тәрбиелейді. Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, үй иесін тәрбиелейміз.
«Дүниеде үш нұр бар: біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры» деп дана халқымыз айтқандай, қоғамдағы ізгілікті атаулының бастауы бар жақсы қасиеттерді әжелеріміз немерелері мен шөберелеріне үйретуде ұлттық сана-сезімді, салт-дәстүрлерді сіңіру мақсатында өтетін дөңгелек үстелдер, кездесулер мен тренингтердің берері мол. Қоғамдық қызметіміз аналарымыздың белсенділігінің арқасында ауданда «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерімен, мектеп оқушылары және колледж студенттерімен қыздар тәрбиесі жөнінде өткен дөңгелек үстел, жалғыз басты аналармен, АХАЖ мекемесімен «Ажырасуға асықпайық» айдарымен өткен семинарды айтуға болады. Аналар алқасы өткізген іс-шаралар ұлттық құндылықтарды насихаттап, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерді жаңғыртуда ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, көпшілікке үлгі боларлық бастамаларды іске асыруда.
«Аналар алқасы» 2020 жылы Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Өңірлерде үкіметтік емес ұйымдар әлеуетін арттыру» бойынша бөлінген конкурсқа қатысып, «Скандинавия таяқшасымен жүру» жобасы бойынша грантты жеңіп алды. «Атқарылған жұмыстар айтарлық» мақаласы республикалық «Ардагерлер айнасы» газетінде жарық көрді. Өткізілген іс-шаралар облыстық «Ақ жол», «Ғұмыр дария», «Шу өңірі» газеттерінде, инстаграм, фейсбукте жарияланып, теледидардан көрсетілді.
Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің жанындағы «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының төрайымы Оспанова Хадиша Аяғанқызы ақпан айының 10 күні ауданымызға келіп, Төле би ауылдық округінің әкімі Азамат Ошановпен және аз қамтылған отбасы аналарымен кездесті.
Кездесуде Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байбатшаев Доктурхан аудандағы әр ауылда «Әкелер кеңесі», «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының отбасындағы ұлттық дәстүрлер мен құндылықтардың халық педагогикасы негізінде жастардың бойына ұлттық жадын, дінін, ана тілін, мәдениетін, өнерін, тарихын сіңіруді, яғни ұлттық сананы қалыптастыруды атап айтсақ, Шоқпар ауылы, Ақсу, Көктөбе, Төле би, Д.Қонаев, Белбасар, Алға ауылдарында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Хадиша Аяғанқызы аз қамтылған отбасы аналарына ақыл-кеңестерін берді. Наурыз айында Шу ауданының әкімі Сәкен Қаланұлы Арубаев ардагер аналармен кездесіп, сый–сыяпатын жасады.
Қоғамдық ұйымдармен атқарылған жұмыстарға келетін болсақ, аналар алқасының мүшелері ауданда өтетін «Жан жылуы», «Бесік жыры» байқауларында әділқазылық қызметін атқарды, Шу қаласындағы Төле би мектебінде «Қыз ұлттың ұяты-халықтың шырайы» атты кездесуде қазіргі заманға сай қыздар менталитетіне лайықты тәрбие беру мәселесі қаралды. Аудандағы этнобірлестіктер: түрік, азербайжан, күрд, неміс, орыс және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп іс-шаралар өткіздік. Аудандағы Ауған соғысы ардагерлерімен «Жастығын жалын шарпыған» атты кездесуде Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп, елге аман-есен оралған жігіттердің ерлігі ұлттық рухтың, нағыз патриотизмнің үлгісі екендігінің куәсі болдық. Дінмұхамед Қонаев ауылындағы Д.Қонаев мектебінде «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты дөңгелек үстел, Жаңақоғам ауылдық округінде «Дін және дәстүр» атты семинар, Қорағаты ауылдық округінде «Ана сая болар бағың» атты конференция, жастар орталығының мамандарымен «Ана керек, о адамдар» атты Айғаным Асқарбектің мақаласындағы перзенттің анасына деген сағынышы тілге тиек болды. Ардагер ұстаздардың «Ұлағат отауы» қоғамдық бірлестігімен наурыз мерекесіне концерт қойдық. Көктөбе ауылының Мәдениет үйінде жетпіс, сексен жастағы аналармен өткізген кездесуге қатыстық, кездесу соңында аналарға сыйлықтар тапсырылды.
Өнерпаздармен бірге өз денсаулығын жақсартуда мәдени және спорттық іс-шаралардың маңыздылығын ардагерлеріміз аудан жұртшылығы арасында насихаттап жүр. Облыста өткен спорттық жарыстарға қатысқан ауданның қыз-келіншектері шахматтан, дойбыдан, дартстан жүлдері орындар иеленді.
Жыл да «Мектепке барар жол» акциясына ардагер ұстаздар демеуші тауып, қайырымдылық жасауға көмектесеміз. «Аналар алқасы» кеңесі аудандағы әлеуметтік салада жалғызбасты қарт аналарға, көпбалалы жағдайы төмен отбасыларға және қиын жағдайға тап болған аналарға көрсетілетін көмектердің басы-қасында жүреді.
Үстіміздегі жылдың 12 тамызы күні «Қоғамдағы аналардың мәртебесі» атты облыстық аймақтық семинар біздің ауданда өтті. Семинарға облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мыңбаев Сәрсенбай Бердалыұлы, «Аналар алқасының» төрайымы Оспанова Хадиша Аяғанқызы бастаған комиссия мүшелері қатысып, отбасындағы аналардың ұрпақ тәрбиесі – қоғам тәрбиесі екендігін айтып, жастарды дәстүрлі рухани құндылықтар негізіне сүйене отырып тәрбиелеуді жандандыруға уағдаласты.
«Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының атқарып жатқан жұмыстары баршылық, бірақ қоғамдық ұйым болғандықтан біздер алыс ауылдарға кестеге сай барып жұмыс істеуге қиналамыз. Біздің аналарымыз шипажайға баруды қойды. Осыдан екі жыл бұрын «Айша Бибі» шипажайына ардагерлер ұйымының ықпалымен 12 ана демалып қайтқан. Коронавирустан кейін жолдама тек аурухана арқылы берілетін болды. Кімнің барып жатқаны бізге белгісіз.
Сөзімді қортындылай келе, қазақ халқы болмысынан мәдениетті, ар-ожданы мықты, бір–бірімен тіл табыса білетін, үлкенін сыйлайтын, шешен сөйлейтін дамыған ел екенін айтқым келеді.
Қартаймақ бәріңе де күн болады,
Қартаю да адамға сын болады.
Атадан аталы сөз естімесе,
Ертеңгі ұрпағымыз кім болады?-демекші, ата-әжелеріміз халық педагогика негіздеріне сүйене отырып, Әділетті Қазақстан ұрпағының ұлттық санасын тәрбиелейтін, қазақтың салт–дәстүрлерін, әдебиет пен өнерін, ертегілер мен аңыз–әңгімелерін, батырлар жырлары мен шежірелерін, ырым-тыйымдарын, мақал-мәтелдерін немере-шөберелеріне оқытып, жаттатып мағынасын түсіндіріп отырса әр отбасында әділетті азамат, адал ұрпақ тәрбиелейтінімізге сенімім мол.
Жастарымызды жаңа дәуірдің жаңалығын дініміз арқылы жүректерге иман нұрын сеуіп, қазақ тілін – қазақ болу үшін, дінімізді – адам болу үшін, салт-дәстүрімізді – ұлт болып қалыптасуымыз үшін үйретуіміз қажет.
Айжан Иманова,
Шу аудандық «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының төрайымы.