БІР РЕТТІК РАХАТ, МЫҢ КҮНДІК ЗАРДАП
Бүгінгі қоғамда бас ауыртатын көптеген мәселе бар. Қам жеп, қарнымыз ашатыны – ұрпақтың ертеңі, жастардың денсаулығы. Темекі тақсыретінен, алкоголь азабынан, есірткінің әсерінен жастарды қалайша алшақтатамыз деп жүргенде, қорқор қосылып, синтетикалық наркотик өкпеден қысқаны ақиқат. Дәрігерлер дабыл қағып, ұстаздар ұқтырып, ата-аналар ақыл айтып жатса да жоғарыда айтылған жаман әдеттерден жиіркенетіндер саусақпен санарлық. Жүре берсең, көре бересің деген тәмсілдің шындығын қазіргі оқушылар құшырлана жұтып жүрген «тәтті» түтінді көргенде аңғарасың.
Қоғам арасында «бір реттік» яғни «одноразка» аталып кеткен пәлекеттің саудасы бүгінде қызып тұр. «Цифрландыру, технологияны дамытамыз» деп жүргенде темекіні технологияландырып жіберген екен. Тәтті түтінді будақтатуға арналған электронды темекінің түпкі атауы – «вейп». Ағылшын тілінен аудармасы «түтіндету, булау» дегенді білдіреді.
Бойы бір тұтам болатын бұл дүние қызылды-жасылды келеді. Қолға ұстағанда жуан қалам алғандай сезіледі. Басқа да формадағы түрлері көп. Алысқа бармай-ақ ауданымыздың кей дүкен сөрелерінде көздің жауын алардай жайнап тұр. Бағасы да қолжетімді. Темекіге қарағанда тәтті дәм беріп, жағымды иіс шығарады. Алайда мұның зияны зор. Оны оқушылардың уысында жүргенін көпшілік көргенмен, түсіне бермеуі мүмкін. Соны ұқтыру үшін қолға қалам алып отырмыз. Жамандықтың жарнамасын жасаудан аулақпыз.
Біз бұл зиянды зат жайлы аудандық емхананың меңгерушісі, психиатр-нарколог дәрігер Мақсат Маткеримовтан сұрағанда, сала маманы: «Классикалық темекідегі және осындай жүйелерде қолданылатын сұйықтықтағы никотиннің мөлшерін салыстырсақ, гудрон мен никотиннің беріктігі әдетте темекі қорабында жазылады. Темекі шегуші адам 1 шылымды тауысқанша 5 мг дейін никотин жұтады. Ал, «бір реттікте» ингаляция кезінде никотин бірнеше есе артық болатынын білуіміз керек. Никотин – бұл күшті тәуелділікті тудырумен қатар, қан айналым жүйесіне де, орталық жүйке жүйесіне де кері әсер ететін химиялық қоспа»-деген ақпаратпен бөлісті.
Ғалымдар хош иістендіргішті зерттей отырып, оларда 75 пайыз диацетил токсинді химикаты болатынын анықтаған. Тыныс алу жолында ақау болмасын десеңіз, диацетилден сақ болған жөн. Оны пайдалану психологиялық тәуелділікке алып келеді.
Электронды темекіні аяғы ауыр әйелдерге, аллергиясы бар адамдар, кәмелетке толмағандар, шылым шегіп көрмегендерге пайдалануға болмайды. Ал, мектептегі оқушылардың кәмелетке толмай-ақ түтетіп жатқанын жақсы білеміз.
АҚШ, Ресей, Малайзия елінен әкелінетін сұйықтық бізге ізгі ниетпен келмейтінін жадымызға тоқуымыз қажет. Болашақтың бейнесі – бүгінгі жастар деп есептесек, оларды жақсы іске баулуға атсалысайық. Жеткіншектердің мектептен тыс өмірінен де хабар алғанымыз жөн. Тәтті түтіннің, зиянды заһардың кесірі келешегімізге тимесін десек, есті жиып, балаларды бақылайық!