Ақпараттық портал

ЕРМЕГІ – ЕЛГЕ КӨМЕКТЕСУ

Ел ішінде еріктілік ісі әмәндә ардақты, аса маңызды екені белгілі. Біз төл басылым арқылы мұндай іспен айналысып жүрген жандар жайлы бірнеше рет жеткізген болатынбыз. Осы жолы да қиналғанға қол ұшын созып жүрген, жүрегі жомарт еріктілер туралы толғануды жөн санап отырмыз. Себебі олар өз жұмысынан бөлек, қолы қалт еткенде сауапты шаруамен айналысып, қоғамға қомақты пайдасын тигізіп жүр. Сондай жандардың бірі – төлебилік тұрғын Дмитрий. Есімі аталған азаматтың адамдық болмысын оқырман қауымға жан-жақты таныстыру үшін назарларыңызға төмендегі сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Дмитрий, алдымен оқырман қауымға өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Мен, Дмитрий Сергеевич Цветков инстаграм әлеуметтік желісіндегі @komek.adamdarga.shu және @gorod_shu_chu_super парақшаларының негізін қалаған адаммын. Бұл парақшаларды шолып көрген адам біздің аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлер мен көмекке зәру жандарға жәрдемдесіп жүргенімізді байқайды. Біздің басты мақсатымыз – мұқтаждарға азық-түлік, тұрмыстық заттар мен киімдер алып беру, жұмыспен қамту екенін айтқым келеді.
– Сіздің ерікті болуыңызға не түрткі болды?
– Менің еріктілікпен айналысып жүргеніме біраз жылдардың жүзі болды. Неліктен деп сұрайтын болсаңыз, бұл ең алдымен жүректің бұлқынысы мен ниеттің ұмтылысы дер едім. Осы істі жан-дүниеме жақын санағандықтан тәжірибе мен дағдылықты жинай келе, жақсылық жасауға ынталана береді екенсің. Қолдан келгенше көмектесіп, жұртшылық өкілдерін ізгілікке үндеу менің мұратым.
Жоғарыда айтқан парақшаларды ашқаннан бастап, атқарылған жұмыстарды сол парақшаға жүктеуді әдетке айналдырдым. Уақыт өте келе оқырмандардың саны артып, шаруамыз ширай түсті. Алғашында ота жасау үшін қаржы жинау немесе оңалту бағытындағы қайырымдылық істерден алыс болғанмын. Алайда, мүдделестердің маған берген медеуімен бұл бағытты нақты қолға алдым. Жүрегі жомарт, жаны жайсаң жандардың ықпалымен көптеген отбасыларға көмектесе алдық. Есте қалған ең үлкен көмек жүк көлігінен зардап шеккен баланың оңалуына қаражат жинағанымыз болды. Мәліметтерді бөлісіп, жұдырықтай жұмылғанның нәтижесінде екі тәулік ішінде 5 миллионға жуық қаражат жинағанбыз. Бұл менің өмірімдегі бірінші жағдай болғандықтан жадымда жақсы сақталып қалды. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы, бірақ оңалту шаралары әлі де жалғасып жатыр. Өкінішке қарай бізде үздіксіз әрі үлкен сомада көмектесетін демеушілер жоқ. Бірақ соған қарамастан біз алға қадам басып келеміз.
Сонымен қатар, мен «Lider.kz» қозғалысының ерікті-іздеушілері қатарына қабылданып, Шу және Қордай ауданы бойынша үйлестірушісі ретінде бекітілдім. Уақыт өте келе өзіміздің өңірден 10 адам, көршілес ауданнан 10 адам тауып, топ құрадым. Бүгінде жергілікті атқарушы органдармен бірге із-түссіз кеткен адамдарды іздеумен шұғылданып келеміз.
– Бұл жұмыс сізге несімен ұнайды?
– Менің жаным адамдарға көмектесумен рахаттанады. Жақсы жандармен жүздесу, әріптестермен жұмыс істеу ойымды оң бағытта қалыптастырып, пайдалы болу бақытын сыйлайды. Еріктілік жоғалған жандарды іздеумен, ол туралы көпшіліктен сұрап, лажы болса іздеп табумен қызық. Дегенмен біз тапқан адамдар тірі болып табылмайды. Жоғалған жанның аман-есен табылуы бізге олжа, өзіне және туыстарына қуаныш, жұмысымызға жеміс болары сөзсіз.
– Еріктілердің бойынан табылуы тиіс қандай қасиеттерді атар едіңіз?
– Ерікті болу үшін ең алдымен ниет керек деп ойламын. Ниетпен бірге сенімділік, жұмысқа деген шығармашылық көзқарас пен тәртіп пайда болады. Уәдесіне берік, ісіне белсенді болу еріктіге қойылатын басты талап болып отыр.
– Ерікті болуға ниетті жандарға айтар кеңесіңіз?
– Біріншіден, қорықпау керек. Екіншіден, байқап көріп, үздіксіз жалғастыру қажет. Біздің қолға алған ісіміз ұдайы өзімізге де, қатарға қосылған өзге жандарға да тәлім үйретеді. Бұл ғажап қой. Мен әрбір аяулы жүрек иесін қатарымызға қосылып, ерікті болуға шақырамын. Себебі, қиналғанға қол ұшын созатын қоғам мүшелері болуы керек. Егер, сіздерде де мұндай ниет ұшқыны пайда болып жатса, біздің парақшаға хат жазыңыздар немесе менің жеке нөміріме (+77789551321) хабарласыңыздар.
– Маңызды сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан
Адель Искаков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.