Ақпараттық портал

ТАРТЫСТЫ ӨТКЕН ТУРНИР

Осы мақаланы жазу барысында “Синема парк” орталығында ұжым қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, шахмат үйірмесіне қатысушы оқушылар арасында турнир өтетіндігінен хабардар болған едік. Орталықтың қызметін, мұндағы балалардың үйірмеге деген қызығушылықтарын көзбен көріп, бағамдау мақсатында аталмыш турнирге белгіленген уақытта біз де жеттік.

Қала жұртшылығына бұрын кинотеатр ретінде танылған ғимараттың іші  айтарлықтай өзгерген. Бірнеше кабинет үйірмеге сай жабдықталып, ғимарат дəлізінің өзі спорттық, мəдени үйірмелерге қатысты көрнекіліктермен көмкерілген. Біртіндеп оқушылардың қарасы қалыңдай  бастады. Олармен бірге балалардың жетекші ұстаздары, кейбірінің ата-аналары да осы ортадан табылып, жарысқа қатысушыларға жанкүйерлік танытып жатты.

Турнир басталмас бұрын алғысөз сөйлеген кəсіпкерлік иесі Талғат Сəулебаев спорттың қоғамдағы маңыздылығына тоқталып, жас буынды салауатты өмір салтына баулуда шығармашылық үйірмелердің, осындай спорттық сайыстардың рөлі ерекше екендігін атап өтті. Сонымен қатар, жас ерекшеліктеріне қарамастан, ойынға қызығушылық танытып келген барлық балалар мен жасөспірімдерге  сəттілік тіледі. Ал, бас төреші Айдар Дүйсекбаев ойынның ережесін түсіндіріп, ойынға қатысушыларды ойын тəртібін қатаң сақтауға шақырды. Бас төрешінің көмекшісі, орталық қызметкері Жәнібек Қоғабаев та ойын барысын қадағалап, турнирдің әділ өтуіне үлесін қосты. Ал, ойынға қатысушы балалар мен жасөспірімдердің шахматқа деген шынайы қызығушылықтары жарыс барысында жарқын көрініс беріп, олардың бос уақыттарын осындай үйірмелерде өткізіп, ойынға зор ынта білдіріп, белсенділікпен қатысуы үлкендерді де  қуантты.

Атап өтетін жәйт, бұл турнир Шу қаласының тұрғыны болған, жергілікті қауымға ауданның белгілі шахматшысы ретінде танылған Бақыт Мұзафарұлы Сәулебаевты еске алуға арналды. Жалпы турнирдің мақсаты – жастар арасында зияткерлік ойынды насихаттау, бұқаралық спортты дамыта отырып, оқушылар арасында өзара достық қарым-қатынасты орнатуға ықпал ету болатын.

Жарыс Швейцар жүйесімен жекелей сында өтті. Түске дейін созылып, қызықты əрі тартысты өткен ойын нәтижесінде оқ бойы озып шыққан жеңімпаздар анықталды. Атап айтар болсақ, ұлдар арасында І-орынды Амантай Мирас, ІІ-орынды Таирбек Муталов, ІІІ-орынды  Асхат Бақытбек иеленсе, қыздар арасындағы І-орын Ару Қиқымбайға,  ІІ-орын Анора Муминоваға, ІІІ-орын Амина Муминоваға бұйырды. Есімдері аталған барлық жеңімпаздар медальдармен, арнайы дипломдармен жəне кәсіпкерлік иесі тарапынан шағын қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.