БІТІМГЕРШІЛІК – КЕЛІСПЕУШІЛІКТІ ЖОЮДЫҢ ҚОЛАЙЛЫ ӘДІСІ
«Ұрыс бар жерде ырыс болмайды» демекші, дау-дамай ешқашан ешкімге жақсылық әкелген емес, алайда ел ішінің даусыз болмайтыны да анық. Бұрын даулы жайттарды шешетін дәстүрлі дала билері, ара ағайындар, бітімге шақыратын беделді кісілер болған. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді «туғаны жоқ» тура билердің елдегі бірлік пен татулықты сақтау үшін қара қылды қақ жарып, төбе билік көрсеткен кезеңдердің болғанын тарихтан жақсы білеміз.
Қазір дауласушылар бұрынғыдай ел ішіндегі жақсыларға бармайды, олар заң органдарына, сотқа жүгінеді. Күнделікті сотқа түрлі сипаттағы талап қоюлар түсіп жатады. Біреу отбасымен жанжалдасып, некесін бұзуды сұраса, келесісі көршісімен жер теліміне қатысты дауласуы мүмкін. Қарыз ақша өндіру жайлы талап қоюлар да қазіргі нарық заманында өте көп. Кейде ағайынды адамдардың мұраға қатысты дауларын және тағы басқа да дауларды шешуге тура келеді. Сот ісінде қос тарапты риза ететіндей заңды шешім табу өте қиын.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан халыққа өте ыңғайлы және пайдалы жол – бітімгершілік жолын таңдау мүмкіндігі беріліп жатыр, бұл дауларды сотқа дейін шешудегі өте дұрыс жолдың бірі. Бітім арқылы татуласуда уақыт пен ақша үнемделеді, қатынас үзілмейді, жүйке мен абырой-бедел сақталады.
Істі сот процесіне жеткізгеннен гөрі азаматтардың өзара бітімге келуі әлдеқайда тиімді. Себебі, ұсақ-түйек келіспеушіліктердің бітімгершілікпен шешілуі, қиын істердің сапалы қаралуына ықпал етіп қана қоймай, азаматтардың уақытын үнемдеуге, сот барысында орын алатын моральдық және материалдық қиындықтардан құтқаруға себеп болатыны анық. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады.
Халқымыздың «Әділдік бар жерде, татулық та бар. Татулық бар жерде, бақыт та бар. Бақыт бар жерде, керемет өмір бар» деген жақсы даналық сөзі бар. Сондықтан, татулық – табылмас бақыт екенін естен шығармасақ деймін.
Қазіргі кезде сот жүйесінде түрлі дауды медиация тәртібімен шешу тәжірибесі қалыптасып, азаматтар даулы мәселелерді бітімгершілікпен шешудің тиімділігіне қол жеткізіп отыр.
Медиация – бұл тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Медиацияның мақсаты – дауласушы екі тарапты да қанағаттандыруға қол жеткізу және тараптардың дауласушылық дең-гейін төмендету болып табылады.
Сот тәртібінде қарастыруға тиіс даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тәсілін қолдану, оның ішінде бітімгершілік рәсімдер мен медиация әдісін қолдану адам құқықтарының әділ сақталуының кепілі екенін өмірдің өзі көрсетуде.
«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» демекші, қос тараптың татуласып, бітімгершілік арқылы ортақ мәмілеге келуі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі дәстүр екендігін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан, «Медиация туралы» заңның даудың бітімгершілік жолмен екі жаққа бірдей тиімді шешілуіне, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сот беделін одан әрі жоғарылатуына үлес қоса берері анық.
Ермек Оразқұлов,
Шу аудандық сотының
судьясы.