Жағымсыз эмоцияға берілмеу
Бір тақуа былай деп жазған екен: «Біз төбемізден құстардың ұшып өтуіне тыйым сала алмаймыз алайда, басымызға отырып ұя салуына көне алмаймыз». Кейде сіздің намысыңызға тиетіндей жағдай туған сәтте үндемей қалу мүмкін емес. Тіпті, сіздің ойыңызды тыңдағысы да келмейтіндей сыңай танытқанда ашуға берілмеу тағы мүмкін емес.
Сол сәтте қаншалықты ашуланып тұрсаңыз да, ойыңызға келіп тұрған нәрсені айтпаңыз, ашу-ызаға беріліп тұрған сәтте адамға дұрыс ой келмейді. Қалайда қарсыласыңызды сүріндіруді ойлайсыз, ол да сізді мұқатып салу үшін барын салады. Бірақ, қарсыласыңыздың айтқан қанша ауыр сөздеріне сол сәтте жауап бермей-ақ қоюыңызға болады яғни, үнсіз қалған дұрыс. Олай дейтінім, ол да жағымсыз эмоцияның жетегінде тұрғандықтан, өзінің сізді қаншалықты ренжіткенін сезбейді. Сіз де неше түрлі ауыр сөздер айтып, дәл сол адамның істегенін қайталамаңыз дегім келеді. Біз біреудің көңілін жаралап алудан қорқуымыз керек. Мейлі ол сіздің көңіліңізді қалдырса да, адамның кемшілігін айтып, намысына тию қателік. Сол кезде мұқатып салдым деп өзіңізді жақсы сезінесіз, алайда артынан өкінесіз. Сізге қанша ауыр сөз естіп тұрып, үндемей қалу оңайға түспес. Артынан «барлығын айтып салуым керек еді» деп өзіңізге іштей ренжуіңіз де мүмкін. Әрине, жағымсыз эмоцияға берілмеу мүмкін емес әйтсе де, сабыр сақтауға бейімделіңіз. Әркімнің эмоцияға берілмеуі үшін өз сезімін басқаруда түрлі тәсілдері бар.
Есіңізге сақтаңыз!
Эмоция үстінде ешқашан маңызды шешім қабылдауға болмайды. Адам бойында түрлі жағымсыз эмоциялар болады. Олар: өкпе-реніш, қорқыныш сезімі, ашу-ыза, кек алу т.б. Осы сезімді бастан кешкен кезеңде үлкен қателіктерге бой ұрынады. Сүйгенін ажырасу, жұмыстан кету, жақындарымен қарым-қатынасты үзу сынды қаншама қателіктер жағымсыз эмоция үстінде жасалады. Бірақ, сол сәтте соңын ойлай алмайсыз, себебі жағымсыз эмоцияның жетегінде кеттіңіз. Соңынан осының барлығы қателік екенін сезінесіз. Алайда, қайта орнына келтіре алмауыңыз мүмкін. Сол үшін сіз «бүгін шешім қабылдауым керек» деген ойдан аулақ болыңыз.
Шу ауданының әлеуметтік-психологиялық
кеңес беру кабинеті.