Ақпараттық портал

Баспана кілті тапсырылды

Қоғамда жақсылық жасаудан аянбайтын жанашыр жандар жетерлік. Себебі, олар қайырымдылық жасау – сауапты іс екендігін жақсы біледі. Мәселен, ауданымыздағы жергілікті жеке кәсіпкер, меценат, “Ауыл” партиясының мүшесі Мақсұтов Данияр Жадыраұлының демеушілік қолдауымен Төле би ауылдық округіндегі Жидебай ауылында ақын, әнші Жидебай Қаленұлының құрметіне аудан жастары арасында кіші футболдан дәстүрлі жарыс ұйымдастырылды.

Айтулы елді мекен бүгінгі күні тұрмысы жайлы, ажары мен сәулеті келіскен елді мекеннің қатарында. Туған жерін түлетіп, ағайынның жағдайына қарасып жүрген ауыл азаматтарының қолдауымен былтырғы жылы кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңы бой көтерген болатын. Одан бөлек, ауылда бірталай тың тірліктер атқарылғанын ауыз толтырып айтуға болады.
Ия, соңғы кездері қолға алынған “Туған жерге туыңды тік” бағдарламасының жарқын көрінісін осы ауылдан да аңғарып келеміз. Мұндай шаралар әрине ауыл әкімінің ұйытқы болуымен іске асатыны белгілі. Осындай ауқымды істе округ әкімі А.Ошановтың да үлесі зор. Бұқаралық спортты дамытудың болашақ жастарымыз үшін маңызы зор екендігін түсіне білген, көзі ашық, көкірегі ояу, елі үшін аянбай еңбек еткен ауыл азматтарының қолдауымен өткен екі күндік жарысқа 22 команда қатысып, жүлдегерлер анықталды.
Осы орайда, “Ауыл” партиясының ұйытқы болуымен Балуан Шолақ ауылдық округіне қарасты Прудхоз елді мекенінің тұрғыны Әукен Баян Айдайқызына тұрғын үйдің кілті тапсырылды. Сонымен қатар, көпбалалы аналарға “Ауыл” партиясының атынан қаржылай көмек көрсетілді. Ал, жарыс жеңімпаздарына келсек, І-орынды «Төле би» командасы иеленіп, оларға 200 000 (екі жүз мың) қаржылай сыйлық пен кубок, медальдар тапсырылды. ІІ-орын «Сары арқа» командасына бұйырып, оларға 100 000 (жүз мың) қаржылай сыйлық пен кубок, медальдар табысталды. ІІІ-орынды «Қордай», ІV-орынды «Оразалы» командалары еншілеп, 30 000 (отыз мыңнан) қаржылай сыйлық пен кубок, медальдарға ие болды. Тартысты өткен кіші футбол шеберлеріне “Ауыл” партиясының атынан сыйлықтар ұсынылды.
Жұмахан Чекаев,
«Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.