Ақпараттық портал

Тазалық таза ұстаған жерде

Жылдағы дәстүр бойынша ауданымызда елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықтың кезекті күзгі екі айлығы жүріп жатқаны көпке мәлім. Тазалық науқаны аясында ауқымды шаралар жүзеге асырылып, аудандағы көшелердің екі қапталы, саябақтар, әкімшілік және коммерциялық ғимараттардың аумақтары тазаланып, ретке келтірілді.

“Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде” демекші, жауапты мекемелер үйілген қоқыстарды тазалап алып кеткеннен кейін, сүт пісірімдей уақыт болмай-ақ сол төңірек қайта қоқысқа толып қалатыны аудан үшін таптаурын мәселеге айналғалы қашан?! Қоқыстардың дені ұзақ жылдарға дейін шірімейтін целофан пакеттер, балалардың бір реттік жөргектері, одан қала берді малдың өліктері, мұның бәрі қоршаған ортаның көркін бұзып қана қоймай, адам денсаулығына кері әсерін тигізетіні айдан анық.
Әлеуметтік желілерді аша қалсаңыз, Шу қаласында қоқыс үйінділерімен қалай күресу жолдары қарастырылған жарияланымдар жетерлік. Соның бірі – қала әкімдігі қызметкерлерінің қоқысты жиі заңсыз тастап кететін жерлерде құқық бұзушылықтарды тіркейтін ақылды видеокамералар орнатуы және соған сай азаматтарға айыппұл салынатын болады. Бұл, әрине қалалықтардың тазалық мәдениетін сақтауына көмектесетін бірден-бір тиімді әдіс.
Алайда мұндай камераларды барлық жерде орнату мүмкін емес, әсіресе ауданның көптеген ауылдарында «ақылды» бейнекамералардан үлкен көлемдегі деректерді тасымалдауға қабілетті жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік жоқ. Сондықтанда тазалыққа немқұрайлы қарайтын азаматтарды жауапқа тарту қиынға соғады.
Бұл мәселені шешу бағытында аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің Төле би коммуналдық мемлекеттік мамандандырылған көп салалы кәсіпорны қоқыс үйінділерін жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Мекеме басшысы Асылжан Жапсарбаев атап өткендей, мұндағы қызметкерлер арнайы техникалармен Қорағаты, Дулат ауылдық округтерінде және “Наурыз төбе” ипподромында тиісті тазалық жұмыстарын жүргізген.
-Науқан басталғалы бері біз 38 қоқыс үйінділері бар аумақтарды жойдық, барлық қоқыстар арнайы полигондарға шығарылды. Жақын арада дәл осындай жұмыс Төле би ауылдық округінің аумағында, сондай – ақ ауданымыздың басқа да ауылдық округтерінде жүргізілетін болады, – деп атап өтті Асылжан Оразханұлы.
Бұл іске аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те бей-жай қарамай, тазалық төңірегіндегі мәселелерге тұрғындардың өздері де үлкен жауапкершілік танытса деп отыр. Өйткені әкімдікке тұрғындар қалай шағымданса, сол қоқысты бей-берекет тастайтын да сол тұрғындардың өзі. Ортақ мекенімізде тазалық тұрақты орнаса, тәрбие мен тектіліктің белгісі сол болмақ. Табиғат аясында тербелгіңіз келсе, тал-дарақ отырғызып, таудай үйілген қоқыстан арылып, айналаңыздың әрін кіргізіп, сәнін келтіруге сіздер де атсалысыңыздар, жерлестер!

Руслан Искаков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.