Кәсіпкердің көңілі неге алаң?
Шу қаласында заңды түрде көмір сатумен айналысатын кәсіпкер соңғы уақытта жақын маңдағы тұрғын үй иелерінен қыспақ көріп келген. Осыдан бірер жыл бұрын санитариялық-эпидемиологиялық аумақтың 300 метр деп белгіленген қорытындыға қарамастан, қалалық әкімдік көмір қоймасынан 5-10 метр жерге тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге рұқсат берген болып отыр.
Аталған мәселе Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысында күн тәртібіне қойылды. Онда «Компания Марк» ЖШС директоры Никон Ким өндірістік аумақпен шектесетін жерге жеке тұрғын үйлерді салуға рұқсат беру ісіне шағымданған болатын.
«Шағымда 1993 жылы Жамбыл жол бөлімшесінің бұрынғы ЕЧ-22 өндірістік базасы аукцион арқылы сатып алынғаны белгілі болды. Кәсіпкер 1993 жылдан бері Қордай және Шу аудандарының тұрғындары мен мемлекеттік мекемелері үшін тас көмірді көтерме бағада сатумен айналысады. Шу қаласы әкімінің 2011 жылғы 27 шілдедегі № 273 шешімімен серіктестікке 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілген. Бұл жер учаскесі Шу қаласының өндірістік аймағындағы көмір қоймасы бар теміржол тұйықтары бар өндірістік база болып табылады. Кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағы 300 метр деп көрсетілген санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды да бар. Алайда көмір қоймасының санитарлық-қорғау аймағында 5-10 метр қашықтықта екі тұрғын үй салынды», – деп түсіндірді Жамбыл облысы бойынша ӨКП кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің басшысы Ернұр Нұржігітов.
Көмір қоймасы – ашық, төрт жағы биіктігі үш метр бетон дуалмен қоршалған. Арнайы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы да кәсіпкердің қолында. Сонымен қатар, шағымданушы да Қазақстан Республикасының табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына тексеру нәтижелері туралы да есеп бар. Бірақ оған қарамастан шаһар әкімдігі «Компания Марк» ЖШС-не іргелес учаскеде орналасқан жер телімін тұрғындарға беру туралы шешім шығарып отырған.
Никон Ким 2021 жылы жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша Жамбыл облысының экология департаментімен арнайы тексеріс жүргізілгенін айтуда. Нәтижесінде, ешбір заң бұзушылық табылмаған. Алайда, жыл сайын көмір сату науқаны басталған сайын қойманың «көршілері» «ауаны ластап, шаң жұтқыздыңдар» деп қадағалаушы органдарға шағым жасауды үдете түсетін көрінеді.
Былтыр аталмыш Палата тарапынан Шу ауданы әкімдігіне өндірістік аймақ маңында тұрғын үй салу үшін берілген жер телімдерінің заңдылығын тексеру туралы хат жолданған.
«Жыл басында Палата Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысына сөз болған көмір қоймасы жанынан жеке тұрғын үй салуға құқықтық құжат берген қала билігі әрекетінің заңдылығын зерделеп, «Компания Марк» ЖШС директорының жақын орналасқан үйлердің иелерімен кездесуін, кездесуді хаттамалауды сұраған. Өз кезегінде аталған өтінішке «Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ жауап беріп, тұрғындармен тілдескенін, нәтижесінде шағым тіркелмегенін жеткізген» – деді кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қыдыралы Оспанов.
Дегенмен, кәсіпкер жұмыс орнындағы «қонсыластардан» әлі күнге дейін арыз-шағымдардың түсіп жатқанын айтуда.
Кеңес мүшелерінің шешімімен Шу ауданы әкімінің атына көмір қоймасына жақын орналасқан тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, іс насырға шаппас үшін үшжақты меморандум түзу туралы ұсыныс-хат жолданды. Жиынға қатысушылар бұл мәселенің сотқа дейін шешілуін мақұл көруде.
Руслан Искаков.