Ақпараттық портал

Қамданған қапы қалмайды

Төтенше жағдайлар қызметі үшін жылдың қай мезгілінде де қауіп бар. Сондықтан сақтық шараларын қарастырып, әзірлікті қамдап алғанның артықтығы болмайды. Алдымызда қылышын сүйреткен қыс келе жатыр. Оның да әлеуметке артар жүгі мен әуресі аз емес.
Осы аптаның ортасында Төле би ауылындағы орталық алаңда «Қыс-2023» республикалық командалық – штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Аталған жиында аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков, төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тимур Кариев оқу-жаттығуға жұмылдырылған 10 құрылым, 80 қызметкер және 25 техниканың қыс мезгіліндегі қауіпке даярлығы мен жай-күйімен танысып шықты.
Одан бөлек, орталық алаңға қаздай тізілген техника мен түрлі сала қызметкерлері 2023-2024 жылдардағы қысқы кезеңде халықты және аумақты төтенше жағдайлардан қорғауды ұйымдастыруды дайындау бойынша мүмкіндіктерін көрсетіп, шұғыл жағдайдағы өз міндеттерімен таныстырып өтті.
Аталған оқу-жаттығу жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Қатер төнген жағдайда әрбір құрылым өздеріне жүктелген міндет бойынша жұмыстар жүргізіп, зардап шеккендерді эвакуациялау, жол төселімін тазалау, адасқан адамдарды іздеу, медициналық және психологиялық көмек көрсетеді.
Халқымызда «сақтансаң, сақтайды» деген сөз бар. Сол себепті қысқы қарекетке ден қойып, әзірлік шараларды ширатып алғанымыз абзал. Басты тілеуіміз жерлестеріміз «кәрі құданың» қиғылынан аман болып, мал-жаны көктемге есен жеткені болып отыр.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.