Ақпараттық портал

Студенттер күні аталып өтті

Адам баласының сағына еске алатын кезеңі – студенттік дәурені екені белгілі. Мұндай сезімді өз басымыздан да өткеріп жүрміз.
Достардың ортасында бір нанды бөліп жеп, тай- құлындай тебісіп өскен жастар үшін 17-қараша ерекше күн. Себебі, бұл күні Халықаралық студенттер күні мерекесі сән-салтанатымен аталып өтеді.

Бүгінде Шу ауданында 1 мемлекеттік, 3 жеке меншіктегі колледжде 928 студент білім алады. Олар өздері таңдаған мамандықтары бойынша машығып, еліміздің кетігіне кірпіш болып қалануды көздейді әрі түрлі шараларда белсенділігімен көзге түсіп жүргендері де жетерлік.
Еліміздің әр өңірінде өтетін Студенттер күнін шулық жастар да өз деңгейінде өткізді. Олай дейтініміз, ауданымызда мерекеге орай аудандық және қалалық Жастар ресурстық орталықтарының ұйытқы болуымен, “Student fest” атты жастар балы ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев қатысып, студент жастарды айтулы мерекемен құттықтап, өзінің ақ тілегін жеткізді.
– Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бұл маңызы зор мереке. Сондықтан оны тиісті деңгейде атап өтіп, өз әлеуеттеріңізді паш етулеріңіз керек. Студенттік дәурендеріңіз сәулетті болсын! Шу жастары жасасын,-деді Найман Кенжеханұлы өзінің құттықтауында.
Сонымен қатар, бір топ жастарды аудандағы мемлекеттік жастар саясатына қосқан үлестері үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Жастар құрметіне арналған кеште сұлу да сымбатты арулар мен өнерлі жігіттерден құралған 10 жұп өнер көрсетіп, өзара кештің Ханзадасы мен Ханшайымы атануға барын салды. Одан бөлек, колледждер арасында би жарысы өтіп, жеңімпаздар анықталды.
Әсем әуен, көркем би кернеген кеш қорытындысы бойынша шараның Ханзадасы мен Ханшайымы болып Талап Ерасыл мен Бейсен Еркеайым танылды. Топтан озған жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.