Ақпараттық портал

Отбасы берекесі өнегелі істермен бекиді

Бала – өмірдің мәні, болашақтың сәні. Бүгінгі жас ұрпақ – келер күннің иесі. Сондықтан, бала тәрбиесіне бүгіннен бастап көңіл бөлу – ата-ананың ең басты парызы.
Қазақ халқында «Баланы бесіктен тәрбиелеу» деген ұғым бар. Сәби дүниеге шыр етіп келгеннен бастап оны ұқыптылыққа, тазалыққа hәм имандылық пен ибалылыққа баулысақ, келешектің келісті боларына күмән тудырмасақ та болады. Жақсы әке-шеше өз баласына жат қылықтардан аулақ жүріп, жағымсыз әрекеттерге бой алдырмауды үйретеді.
Десек те, баланың кейбір ұрда-жық әрекеттеріне, қылтың-сылтыңына, бейәдеп қылықтарына мән бермеу де көптеген қиыншылықтарға душар етуі мүмкін екенін ұмытпағанымыз жөн. Дәл осындай жағдайлар қазіргі таңда мыңдаған жанұяда орын алып жатқандығы жасырын емес. Ұрлық-қарлық, ішімдік, бопсалау мен әлімжеттік көрсету, төбелес ұйымдастыру сынды келеңсіздіктердің бүгінде жасөспірімдер арасында жиі көрініс беріп жүргені ащы болса да шындық. Мұндай жағдайларды ата-аналар жұмысбасты болуымен түсіндіреді.
Осы мәселені шешудің жолы қандай? Менің ойымша, біз жаңа Қазақстанды құрамыз десек, тіліміз бен дінімізді, мәдениетіміз бен тарихымызды, салт-дәстүрлерімізді яғни, ата–бабаларымыздың үнімен ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық құндылықтарды жаңғыртуды жолға қоюымыз қажет. Ұлттық тәрбие бабалар жолы, аналар даналығынан бастау алады. Біздің ардагерлер ұйымы оның ішінде Билер алқасы отбасы тәрбиесін қолға алып, тәлім-тәрбиені ұлттық құндылықтармен ұштастырып, қазақ халқының дәстүрлі халық педагогикасын басшылыққа ала отырып, өнегелі ұрпақ қалыптастыруды ұсынады.
Өз арамызда “Біздің ұрпақ неге өзімшіл, неге қатыгез?” деген сұрақты жиі қоямыз. Оған себеп – отбасылық тәрбиенің әлсіздігі болса керек.
Қазіргі қоғамдағы көп ата-ана баласын “асырап-бақтым, ешкімнен кем қылмадым, қызымды қуыршақтай, ұлымды сұлтандай киіндірдім, ішкені алдында, ішпегені артында, оларға басқа не керек?” деген ұстаным да болып жатады. Онысы әрине дұрыс. Ал, сол еңбегінің қадірін перзенті ұғыну үшін не істемек керек?
Менің ойымша, ол үшін баланы білегінен ұстап, қолынан жетектеп, ақылын тыңдату, еткен еңбегі мен төгілген терінің қадірін ұқтыру керек-бұл біріншісі.
Екінші, ұрпағымызға, ұлға да, қызға да жанына сая болатын ізгілік нұрын, мейірімнің мәйегін сеуіп, әркез көңіл бөлуіміз керек. Баланың жанын түсіну қажет.
Үшіншіден, іргетасы осал үй тұрғызбаймын десек, отбасы тәрбиесіне әке де, шеше де бір сәт бас көтеріп, көңіл аударуы парыз.
«Тағдыр таразысының қалай қарай ауатыны бесіктің қалай тербетілуіне байланысты» деген екен поляк ойшылы Станислав Ежилец. Олай болса, Алла берген ұлдарымыз өрелі, қыздарымыз өнегелі, шаңырағымыз шуақты болғаны, ұрпағымыздың саналы болмағы өзімізге яғни, ата-ана тәрбиесіне байланысты екенін жадымызға тоқиық.
Тоқтасын Омбаев,
билер кеңесінің мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.