Ұлттық тәрбиені ұлықтаған шара
Тар құрсаудан шығып, Тәуелсіздікке жеткенімізге масаттандық па, әлде өн бойымызда өзімізге телінген бар болмысымыздан жалығып, өзгенікіне еліктеуге бой алдырдық па, болмаса тұрмыстың қамытын киіп, қу дүниенің жолына түсіп кеттік пе, әйтеуір тәрбиенің тізгінін босатып алғандаймыз.
Текті жұртымыздың “адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң” деп айтқанындай, сүрінгенге де, шалынғанға да, жығылғанға да қайта тұрып, жолын табуға әлбетте болады. Тектілік қалпынан танбаған ұлтымыздың ұсақталып кетпеуі үшін ұлттық тәрбиемізді ұран қылып, мемлекетіміз де бұл мәселені нық қолға алып, түрлі әдіс-тәсілдерді тәжірибе алаңына тастауда. Соның бірі әр білім ошақтарында аталар, әжелер, әкелер, аналар, ағалар, жеңгелер мектебін құрып, қоғамда берік байланыс орнатуға бағыт беріп отыр. Сара жолы, дара дәстүрі бар халқымыздың ұлттық құндылықтары өлшеусіз екені күллі әлемге аян. Заман озған сайын дәстүр-жоралғыларымыз жоғалмай, қайта жаңғырып отыруы үшін ұлт болып ұлы мақсатқа жұмылуымыз қажет.
Осыған орай, Ақсу ауылдық округінің Баласағұн атындағы орта мектебінде “Даналық мектебі” жобасы аясында құрылған “Әжелер мектебі” және “Жеңгелер мектебінің” ұйымдастыруымен, “Даналықтан дән ізде” атты үш бөлімнен тұратын іс-шара өтті. Оған Шу ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы әкелер алқасының төрағасы Көшкінбай Арғынбеков, аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Дәнен Бейсенбаева қонақ ретінде қатысты.
Игі шараның басында Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай Ақсу ауылдық аналар алқасының төрайымы Мейрамкүл Баялбековаға Алғыс хат табыс етті. Мұнан кейін Мейрамкүл Қартайғанқызы аналар алқасының атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндамасын оқыды. Екінші бөлімде әсерлі көрініс қойылды. Сондай-ақ үшінші бөлім “Өнерлі жеңге, өнерлі қыз” сайысына ұласты. Сайыс “Сәлем-сөздің атасы”, “Өнерлі өрге жүзер”, “Шебердің қолы алтын”, “Сен салт-дәстүрді білесің бе?” атты 4 кезең бойынша өтті. 6 қыз жеңгесімен қатысқан сайыста бас жүлдені Рахима жеңгесі мен Алина ару иеленді. Ал, І орынды Үміт жеңгесі мен Айдана ару, Динара жеңгесі мен Зере ару, жүлделі ІІ орынды Айгерім жеңгесі мен Нұрай ару, Ақсәуле жеңгесі мен Ақерке ару, ІІІ орынды Бекзат жеңгесі мен Бегей ару алды.
Өткеніңнен қол үзбеуге талпындыратын, сыйластыққа жетелейтін, адам бойына жақсы қасиеттерді дарытатын мұндай байқауларды жиі өткізіп тұрсақ, өзегімізден алыстамайтынымыз анық. Шу өңірін жағалай орын тепкен әр ауылда, аудан орталығы – Төле биде ұлттық тәрбиені ұлықтайтын түрлі шаралар өткізілуде. Бұл туралы алдағы уақытта газет беттерінен оқитын боласыздар.
Айғаным Асқарбек.