Татами төріндегі тартыс
Таэквондо – қазақ топырағына әйгілі Мұстафа Өзтүрікпен келген шығыс жекпе-жегі. Сол сәттен бері қаракөз қазақ балалары осы спорт түрімен шұғылданып, жасындай жарқылдап келеді. Мұстафа мектебін шулықтар да мүмкіндігінше жалғастыруда.
Биыл жерлесіміз, Әлем халықтары Жазушылары Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы, Халық Қаһарманы – Қайрат Рысқұлбековтің өмірін және Желтоқсан көтерілісін зерттеуші – Мәкен Уақтегі 75 жасқа толып отыр. Осы қуаныштың құрметіне орай, өткен аптаның соңында Шу қалалық таеквондо федерациясының ұйымдастыруымен, Шу қаласындағы «Локомотив» спорт кешенінде балалар мен жасөспірімдер арасында таэквондо жекпе-жегінен Шу қаласының ашық турнирі өткізілді. Оған Шу қаласы мен ауданымыздың 14 орта мектебінен 100-ге жуық спортшы оқушылар қатысты.
Дүбірлі додаға Шу ауданы әкімі Бақытжан Жәнібеков те қатысып, мерейжас иесін құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізген болатын.
– Баршаңызды осы жарыстың ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Таэквондо жарысының тартысты өтуіне тілектеспін!
Өздеріңіз жақсы білетіндей, бұл спорт дүниежүзінің жұртшылық өкілдері шұғылданатын шығыс халқының бекзат өнері. Таэквондоны тұңғыш рет қазақ топырағына әкелген Мұстафа Өзтүрік атамыз екені белгілі. Содан бері елімізде спортшылардың үлкен мектебі қалыптасып, үздік таэквондошылар түлеп шықты.
Мерейжас иесі Мәкен ағамыз Шу ауданында таэквондоның дамуына қомақты үлес қосты. Ол кісі өзі зерттеп, ірі табысқа жеткен Халық қаһарманы – Қайрат Рысқұлбековты еске алуға арналған жыл сайынғы жарыстың өтуіне атсалысып келеді әрі жас ұрпаққа Қайрат Ноғайбайұлының ерлігін үлгі етіп, сауапты амалды атқарып жүр.
Қаламына өткір мәселелерді іліп, олардың оңды шешімін табуына ықпал жасаған Мәкен Жұмаділұлы бар ғұмырын халық қызметіне жұмсап, ел игілігіне арнаған жан. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырса да, қоғамдық өмірден қалыс қалған емес. Ағамыздың азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірсек, артық болмайды,- деген Бақытжан Оразалыұлы қаламгер қарияға қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Бұл күні Мәкен Жұмаділұлына аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев те жылы лебізін білдіріп, әр өңірден келген ақын, сазгерлер мен белсенді ақсақалдың замандастары өзара сыр шертісіп, қуаныш иесін құттықтап жатты. Одан бөлек, айтыскер ақын Базарбай Асқартегі де арнау арқылы ақжарма тілегін ақтарды.
Желтоқсан боздақтары бір минут үнсіздікпен еске алынған жарыс тартысты өтіп, шара барысында ғибратты сөздер айтылды. Сондай-ақ, жарыс соңында жеңімпаздар анықталып, түрлі марапаттарға қол жеткізді. Атап айтар болсақ, командалық есепте бірінші орынды Төле би ауылы, Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары жеңіп алды. Екінші орын Шу қаласы, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің спортшы-оқушыларына бұйырып, күміс жүлдегер атанды. Ал, Белбасар ауылы, Ш.Уәлиханов атындағы мектептің спортшы-оқушылары мен Шу қаласы, Төле би атындағы орта мектептің оқушылары қола жүлденің иегерлері деп танылды.
Сонымен қатар, жекелеген жеңімпаздар да анықталып, жүлдегер атанған оқушылар да арнайы марапаттарға ие болды. Жарысқа қатысқан оқушылар №36 және №39 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің (БЖСМ) шәкірттері екендігін атап өткен жөн. Бұл тұста балаларды осындай сынға дайындап, спорттық шеберлікке баулыған №36 БЖСМ жаттықтырушылары Марат Тілеуқұлов, Мақсат Беріков, Манатай Мархат және №39 БЖСМ-нің жаттықтырушысы Қонысбай Нұржанға да айтар алғыс зор. Жас жерлестеріміздің алдағы уақытта да жоғары деңгейдегі жарыстардың жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілекшіміз.
Байжан Емберді.