Қауіпсіздік мәселесі қашанда маңызды
Қай өңірде болмасын тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесі қашанда күн тәртібіндегі басты мәселе болып қала бермек. Бұл бағытта әр өңірде қауіптің алдын алу, болдырмау мақсатында халыққа қызмет көрсететін төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімдердің жұмысы маңызды рөлге ие. Ауданымыздағы жергілікті әкімдікке қарасты осындай бөлім де табиғи және техногендік, тұрмыстық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүйелі жүзеге асырып келеді. Соған қарамастан тұрғындар арасында абайсыздықтың салдарынан оқыс жағдайлар жиі орын алып жатады. Әсіресе, бүгінгідей қыс мезгілінде от жағу , жылыту пештерін пайдалану кезіндегі қарапайым ережелердің сақталмауынан келеңсіз жағдайларға тап болып жататындар жоқ емес. Осыған орай, жуырда біз Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кариев Тимур Болатұлымен тілдесіп, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бөлім тарапынан қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығын білген едік. Осы сұхбатымызды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
-Тимур Болатұлы, қызметтік міндеттеріңіздің уақыт ағымында ретімен атқарыла беретіні түсінікті. Дегенмен, бөлім қызметінің басты мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғандықтан, қауіптілікті болдырмау, алдын алу тұрғысында жыл ішінде қандай жұмыстар жүргізілді?
-Қауіптіліктің алдын алудағы маңызды жұмыстардың бірі – үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстар болып табылады. Бұл тұста бөлім тарапынан жыл ішінде баспасөз құралдарына 302 материал жарияланса, теледидар арқылы 5 материал жарық көрді. Олардың басым бөлігі «Орман, дала алқаптарындағы өрт қауіпсіздігі», «От жағу кезіндегі өрт қауіпсіздігі», «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу», «Адамдар жаппай жиналатын орындардағы өрт қауіпсіздігі», «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі» тақырыптарына негізделген. Алайда, аудан аумағында тұрмыстық жағдайдағы өрт оқиғалары көптеп кездесуіне орай баспасөз құралдарында да осы бағытта жарияланған мақалалардың саны басым.
Сонымен қатар, бөлім қызметкерлерімен ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік осал топтағы тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп, оларға қауіпсіздік ережелері жөніндегі нұсқаулықтар таратылды.
-Өрт оқиғасын болдырмау, оған жауапкершілікпен қарау әр саналы азамат үшін маңызды міндет болуы тиіс. Соған қарамастан, тұрмыстық сипаттағы өрт оқиғалары жиі болып жатады. Мұны азайту, алдын алу жолында арнайы айлық өткізудің де оң ықпалы зор. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
-Жалпы, өзіндік мерзімі белгіленген, арнайы айлық өткізу біздің жұмыс жоспарымыз бойынша жолға қойылған. Мысалы, өткен жылы айлық аясында тұрғын үй секторларында от жағу кезіндегі өрт қауіпсіздігін сақтау және орын алған өртті дер кезінде жою мақсатында біздің бөлім және Шу қаласындағы №5, Төле би ауылындағы №19 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері бірлесіп, тұрғын үйлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қауіпсіздік ережелері жазылған нұсқамалар мен жадынамалар таратылды. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігін сақтау және өрт бола қалған жағдайда орындалатын іс-әрекеттерге негізделген 12547 жадынама, 492 нұсқама таратылып, 381 плакат дайындалды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы басшысының қатысуымен жеке кәсіпкерлер арасында өрт қауіпсіздігі және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бағытында 4 рет дөңгелек үстел өткізілді. Түрлі мекемелерде №5 және №19 өрт сөндіру бөлімдері қызметкерлерімен 6 өрт-тактикалық жаттығулары жүргізілді.
-Аудан аумағында орын алған өрт оқиғаларына талдау жүргізіле ме? Алдыңғы жылмен салыстырмалы түрдегі көрсеткіштер қандай?
-Өткен жылы аудан аумағында барлығы 78 өрт оқиғасы, салдарынан 7 адам өлімі тіркелді. 2022 жылы 96 өрт оқиғасы, 2 адам өлімі тіркелген болатын. Жарақат алғандар саны 1 адам болса, 2022 жылы да 1 адамды құраған. 2023 жылы өрттен келген шығын сомасы 10 млн 75 мың 500 теңге болса, 2022 жылы 7 млн 515 мың теңгені құрады. Алайда, алдыңғы жылмен салыстырғанда өрт оқиғасы 11,5 пайызға азайғанымен, өрттен келген шығын айтарлықтай көбейген.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар бөлімінің, №5 және №19 өрт сөндіру бөлімдерінің өтініштер, ақпараттарды есепке алу кітабына барлығы 356 ақпарат тіркелген. 2022 жылы 84 әкімшілік іс қозғалса, 2023 жылы 83 әкімшілік іс қозғалған.
-Тіркелген өрт оқиғасының саны аз емес көрінеді. Бұл тұста өрт оқиғаларының шығуына қандай жағдайлар себеп болып отыр?
-Өрттің шығу себептері әртүрлі. Кейбір кезде өрт абайсыздық салдарынан шығатын болса, кейде қасақана от қою жағдайлары да кезігеді. Мысалы, 2022 жылы 5 қасақана от қою оқиғасы тіркелсе (шығын көлемі 500000 теңге), 2023 жылы осындай 2 оқиға тіркелді. Тұрмыстық электр құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы бойынша 2022 жылы 65 оқиға (шығын көлемі 4445000 теңге), 2023 жылы 59 оқиға( шығын көлемі 7985000 теңге) тіркелді. Пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы бойынша 2022 жылы 8 (шығын көлемі 780000 теңге), 2023 жылы 6 оқиға(980000 теңге) тіркелді. 2022 жылы электрлік дәнекерлеу, басқа да отпен байланысты жұмыстарды жүргізу кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы бойынша 1, тұрмыстық газдарды, керосиндік, өзге де құрылғыларды пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы бойынша 2 оқиға тіркелсе, 2023 жылы бұл бағыттарда өрт оқиғасы тіркелмеді. Отты пайдалану кезіндегі абайсыздық, темекі шегу бойынша 2022 жылы 10 (шығын көлемі 1250000 теңге), 2023 жылы 16 өрт оқиғасы (шығын көлемі 1710000 теңге) тіркелген. Балалардың отпен ойнауы салдарынан да өрт оқиғасы орын алып жатады. Бұл бойынша 2022 жылы 3, 2023 жылы 1 оқиға тіркелді. Осы және өзге де себептері анықталмаған өрт оқиғаларынан келген жалпы шығын 2022 жылы 7515000 теңгені құраса, 2023 жылы 10675000 теңгеге жетті.
-Өзіңіз айтып өткен өрт оқиғаларының басым бөлігі қандай нысандарда кезігіп отыр?
-Өрт оқиғасының басым бөлігі тұрғын үй секторында жиі кезігеді. Мысалы, 2022 жылы 71 оқиға тіркелсе, өткен жылы тұрғын үй секторында 60 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл жерлестеріміздің өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға деген жауапкершіліктерінің төмендігін аңғартады. Абайсыздыққа бой алдырған тұрғындар соңынан айтарлықтай шығынға ұшырайды. Соған қарамастан, ереже сақтауға келгенде енжарлық басым. Сондай-ақ, көлік құралдарын басқару кезінде де қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Оған 2022 жылы 16, өткен жылы 18 өрт оқиғасының тіркелуі айқын дәлел. Одан бөлек, 2022 жылы сауда кәсіпорындарында 7, әкімшілік-қоғамдық ғимаратта 1, ауылшаруашылық нысанында 1 өрт оқиғасы тіркелсе, кеше ғана тарих қойнауына енген 2023 жылы сауда кәсіпорындарында 2, қойма ғимаратында 2, ауылшаруашылық нысанында 2 өрт оқиғасы тіркелген.
-Мұның барлығы үлкен қаржылық шығынға әкеп соғатыны анық. Алдағы уақытта өрт қауіпсіздігі саласындағы қызметті жетілдіру мақсатында қандай негізгі қызметтік міндеттерді жүзеге асыру көзделуде?
-Бірінші кезекте өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау тиімділігін және барлық меншік түріндегі нысандардың өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеру, өртті және өрт кезіндегі адам өлімін болдырмау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру жұмыстарын, үгіт-насихатқа негізделген ақпараттарды жиі жариялау одан әрі жалғаса бермек. Сонымен қатар, тұрғын үй аумағында және автокөліктегі өрт қауіпсіздігі, өзге де жиі орын алып отырған өрт оқиғаларының себептеріне байланысты тұрғындар арасында жадынамалар тарату ісі де күн тәртібінен түспейді.
-Жуырда ғана босағамызды аттаған жаңа жыл қарсаңында көптеген тұрғындар Жаңа жыл мерекесіне орай түрлі атқыш құралдарын сатып алып, кез келген уақытта атып, қызықтап жатты. Атқыштың салдарынан жазатайым оқиғалардың туындамауы үшін алдын ала қандай жұмыстар жүргізілді?
-Біз өзіміздің қызметтік міндетімізге сәйкес тұрғындарға атқышты ату бойынша тыйым сала алмаймыз. Бірақ, қауіптің алдын алу мақсатында қолдан жасалған пиротехникалық өнімдерді пайдалануға болмайтындығын ескертеміз. Дегенмен, соңғы екі жылда пиротехникалық өнімдер бойынша оқыс оқиға тіркелмеді. Сонымен қатар, мереке күндерінде бөлім қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жасап, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күш-жігерлерін салады.
-Қазіргі уақыт жылыту маусымы болғандықтан, өрт оқиғасының артуы ғажап емес. Осындай маусымдық кезеңде қауіпсіздік бойынша күшейтілген шаралар жүзеге асырыла ма, ол қандай жұмыстар болуы мүмкін?
-Жылыту маусымы кезінде біздің бөлім аудандағы өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, бекітілген кестеге сәйкес тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырады. Нақты айтар болсақ, жылыту маусымы басталған уақыттан бері Шу қаласы бойынша 1705 үй араланып, үй иелеріне қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Сонымен қатар, мұндай жұмыс Бірлік, Көктөбе, Абай, Мойынқұм, Төле би, Алға, Жайсан, Жиенбет ауылдарында да жүргізілді. Алдағы уақытта барлық ауылдарды қамту жоспары тұр. Бұл тұста біз «Ерікті аналар» тобы, аудандық «Жастар орталығы» мекемесі, аудандық әкімшілік, «КазТрансГаз Аймақ» мекемесі, қажет кезде полиция бөлімі қызметкерлерін тартамыз.
Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындарға мұржаны уақытылы тазалау, жағылған пешті, кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау, электр желілерінің тұйықталуын тексеру, электр сымдарының ашық тұстарын бүтіндеу қажеттігін, үй жағдайындағы пештің алдында қаңылтыр төсеніш болуын қадағалау, тағы басқа жағдайлар бойынша ескертеміз.
Әр адам әртүрлі. Рұқсат еткен кейбір тұрғындардың үйлеріне кіріп, жағдайды көзбен көріп, қолмен ұстап тексеріп, қажетті кеңес береміз.
Қазіргі техника мен технология дамыған заманда ғаламтордың да өзіндік пайдасы барын айта кету керек. Түрлі әлеуметтік желілер арқылы ауылдық жерлерге дейін апаттық жағдайлардың алдын алу бойынша ескертулер мен әр түрлі хабарландыруларды дер кезінде жеткізіп, бірден хабар алмасып отырамыз. Алайда, тұрғындар арасында «Өз басыма өзім жауап беремін. Өзімнің үйім, не істесем өзім білемін»-деген сияқты сыңаржақ пікірлер де айтылып қалады. Соған қарамастан, біз өз қызметтік міндетімізді жалғастыра береміз. Түсіністікпен қарайтын тұрғындар да жоқ емес.
-Газ баллонын тұрмыста пайдалану барысындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталу деңгейі қандай?
-Шу қаласында 2 қабаттан жоғары 170-тен астам үй бар. Жалпы, заңнамаға сәйкес қабат саны екіден жоғары ғимаратта газ баллонын қолдануға рұқсат жоқ. Мұндай үйдің тұрғындары электр плиталарын пайдалану қажет. Алайда, соған қарамастан қаладағы бес қабатты үйлердің басым пәтерлерінде тұрғындар газ баллонын қолданып келеді. Дегенмен, алдағы уақытта барлық көп қабатты үйлер табиғи газбен қамтылмақ. Қазіргі уақытта бастапқы жұмыстар жүзеге асырылып, көп қабатты тұрғын үйлердің маңына газ құбырлары орнатылған. Келешекте әр тұрғын көгілдір отынға қосылатын болса, қауіп те сейіледі деген сенімдеміз. Өйткені, өткен жылы жер үйде газ баллоны жарылып, бір ер адам зардап шеккен болатын. Ал, табиғи газға қосылу осындай жағдайларды болдырмауға негіз болады.
Аудан тұрғындары арасында табиғи газды пайдаланудағы қауіпсіздік ережелері бойынша негізінен «Каз Транс Газ» мекемесінің мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Кейде бұл бағытта біздің бөліммен бірлескен жұмыс жолға қойылады.
-Кадр мәселесі бойынша қандай да бір қиындықтар бар ма?
-Бұл бүгінгі таңда өзекті мәселенің бірі. Үй аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде, апатты жағдайлар орын алған жағдайда жұмыс күшінің тапшылығы бірден сезіледі. Сол себептен біз әсіресе, түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде жоғарыда айтып өткендей,өңірдегі түрлі мемлекеттік мекемелердің мамандарын тартамыз. Бөлімдегі кейбір қызметкерлер сырттың адамдары. Мысалы, офицер шеніндегі өзге облыс, өзге ауданның (Көкшетау облысы, Мойынқұм ауданы) азаматтары бізде жұмыс жасап жүр. Әрине, осы жаққа көшіп келген, тұрғылықты азамат ретінде. Дегенмен, өз жерлестеріміз маман болып келіп жатса, қуана қарсы аламыз.
-Тұрғындардың бөлімге қоңырау шалып, телефон арқылы көмекке шақыруы жиі кезіге ме? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
-2023 жылы 370 қоңырау түскен болса, оның 270-і тұрмыстық қалдықтардың, талдардың, ағаш қоршаудың жануы сынды жеңіл түрдегі өрт оқиғасы. Десе де, өрттің оңайы жоқ. Әр кезде әр түрлі жағдайлар орын алады. Ал, өткен жылғы ең күрделі өрт оқиғасы электр желілерінің тұйықталуынан Шу қаласындағы 8 үйдің жанып кетуі. Бұл көктем мезгілі болатын. Осы мезгілдегі үш күн бойғы екпінді жел тұру кезінде бөлімге жалпы саны 48 шақырту түскен. Ал, жанып кеткен үй иелеріне жергілікті әкімдік тарапынан көмек беріліп, демеушілердің қолдауымен тұрғын үй қайтадан салынды.
-«Төтенше жағдай» деп аты айтып тұрғандай, бөлімнің қызметі күрделі екені белгілі. Саланың қызметкерлері кез келген сәтте оқыс оқиғаның ортасынан дер кезінде табылып, тиісті көмек көрсетуі қажет. Бірақ, материалдық-техникалық база жеткіліксіз болса, пайдасы да тиімсіз болатыны түсінікті. Бөлімнің бүгінгі таңдағы материалдық-техникалық базасы қандай? Жалпы, жеткілікті ме?
– Бөлімде 5 тонналық екі КамАЗ, 3 үлкен машина, 30 метрлік бір автосаты бар. Жеткілікті болғанымен, кез келген төтенше жағдайға қандай көлемдегі көмек қажет екені белгісіз. Сол себептен, техниканың артығымен болғаны көптік етпейді. Сонымен қатар, бізде аудан әкімінің қаулысымен бекітілген шұғыл әрекет тобы бар. Оған аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, «Ауыз су-Шу» мекемесі, коммуналды шаруашылық мекемесі (комхоз) сынды мекемелердің қажетті техникалары жұмылдырылған. Аталған топ қатты жел тұрып, боран соғып, табиғат тосын мінез танытып, салдарынан қиын жағдайлар туындаған кезде шұғыл әрекетке кіріседі. Қажет кезде бөлімге қарасты Апаттар медицинасы мекемесі де өз қызметін ұсынады.
-Бөлімге қоңырау шалып, қандайда бір төтенше жағдайдың орын алғандығы туралы жалған ақпарат беретіндер бола ма? Жалған ақпарат таратқан адамға заң аясында қандай жаза қолданылады? Осы бойынша тұрғындарға айтар кеңесіңіз қандай?
-Мұндай жағдайлар кейде кезігіп тұрады. Алайда, тәжірибелі адамға қоңырау шалған адамның даусынан, хабарды жеткізуінен-ақ, оның жалған немесе шынайы ақпарат екендігін аңғаруға болады. Қазір дамыған заман. Әсіресе, балалар «101» нөміріне қоңырау шалған кезде ұялы телефонның нөмірі шығып тұрады. Біз сол нөмірге қайта хабарласып, үй иелерімен сөйлесіп, ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізіп, мәселені реттейміз. Жалған хабар болған кезде ата-аналары балаларының қылығы үшін кешірім сұрап жатады.
Жалпы, жалған ақпарат үшін «ҚР әкімшілік-құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 438-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл төлеу қарастырылған. Ал, жалған ақпарат беру екінші мәрте қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 60 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Сондай-ақ, кәмелет жасына толмаса да, он төрт жастан асқан балалар жалған ақпарат беріп, шақырту жасайтын болса , олардың ата-аналарына немесе заңды өкіліне ескерту немесе 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Өткен жылы жарылғыш заттың (бомба) қойылғандығы жөнінде бір жалған ақпарат тараған болатын. Шын мәнінде жарылғыш зат дегеніңіз кең көлемді оқиға болып табылады. Сол себептен, ақпарат берген адамды жауапкершілікке тарту ісімен полиция бөлімі айналысты. Бізден сол шақыртуға қанша техника шыққандығын, қанша жанар-жағар май жұмсалғандығын яғни, материалдық шығын көлемін сұрады. Бұл тұста шығын көлемін жалған ақпаратты таратқан адам өтейтінін әркім ескеруі, сол себептен ата-аналар балаларының «отпен ойнамауына» қырағы болуы қажет.
-Әңгімеңізге рахмет!
Айтылған ескертпелерді жерлестеріміз жадыларында ұстайды деген сенімдеміз.
Сұхбаттасқан
Динара Батырхаирова.