Ақпараттық портал

Тұрғындар мәдениеті көтерілмей, ауданымыз ажарланбайды

Аудан өмірінің сан түрлі салаларының ішінде коммуналды шаруашылық қызметі де маңызды рөл атқарады. Өңірді күл-қоқыстан тазарту, жабайы ағаштарды уақытылы кесу, қар тазалау, осы сынды өзге де жұмыстарды тиісті мекеме қызметкерлерімен бірлесе отырып, жүйелі жүзеге асырып жүрген мекемелердің бірі – «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» коммуналды мемлекеттік кәсіпорны. Өткен жылдары аудандағы «Ауыз су-Шу» мекемесімен бірлесіп қызмет атқарған бұл кәсіпорын 2023 жылдың наурыз айында өз алдына дербес мекеме болып қайта құрылды. Жуырда біз аталмыш кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен толығырақ танысу мақсатында басшылық тізгінін ұстап отырған Асылжан Оразханұлымен жолығып, мұндағы қызмет бойынша бірқатар мағлұматқа қанық болған едік. Өзара сұхбатымызды оқырман назарына да ұсынуды жөн көрдік.

-Асылжан Оразханұлы, әуелі өзіңіз басқарып отырған кәсіпорынның қайта құрылуы жөнінде айтып берсеңіз.
-Аудан әкімдігінің 2022 жылғы 14 желтоқсандағы № 648 қаулысымен аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Ауыз су-Шу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мекемесі және «Төле би мамандандандырылған көпсалалы кәсіпорны» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны біріктіріліп, нәтижесінде «Ауыз су-Шу» ШЖҚ КМК болып құрылып, «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» КМК өз қызметін тоқтатқан болатын.
Алайда, аудан әкімдігінің 2023 жылғы 17 наурыздағы №127 қаулысымен жоғарыда көрсетілген қаулының күші жойылып, біздің мекеме ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» шарушылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды және жаңадан құрылған кәсіпорындар санатына жатқызылды.
Бүгінгі таңда бізде 232 адам еңбек етіп, осы мекеме арқылы жалақы алып отыр. Оның басым бөлігі маусымдық жұмыс атқаратындар. Мысалы, ауданда 38 қазандық болса, қазіргі уақыт жылыту маусымы болғандықтан, өзіміздің мекеменің де осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыратын құрамы, Шу қаласы мен ауылдық округтердегі түрлі мемлекеттік мекемелерде еңбек етіп жүрген қазандық жұмысшылары яғни, от жағушылар, барлығы біздің мекеменің есебінен еңбек етеді. Сонымен қатар, біздің қызметке жылу беру, кездейсоқ қоқыс орындарын жою, нөсер кәріз жүйелерін орнату, көп қабатты үйлерді ағымдағы жөндеу, кәсіпорын қызметіне бекітілген аудандық маңызы бар 71,7 шақырым автомобиль жолдарын күтіп ұстау, абаттандыру, көгалдандыру, халық сұранысы бойынша қауіп төндіретін талдарды кесу, жаяу жүргіншілер жолын сырлау, қар тазалау, қыс мезгілінде жолдарға инертті материал себу, әкімдіктің сұранысы бойынша өзге де абаттандыру жұмыстары жатады.
-Өткен жылы қызметтік міндеттеріңізге сәйкес кіріс пен шығын көлемі қандай деңгейге тұрақтады? Жалпы, қаржылық дағдарыс кезіге ме?
-Жылу беру, кездейсоқ қоқыс орындарын жою, нөсер кәріз жүйелерін орнату, көп қабатты үйлерді ағымдағы жөндеу, кәсіпорын қызметіне бекітілген аудандық маңызы бар 71,7 шақырым автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, жалпы сомасы 589574,0 теңге кіріс кірген болатын. Дегенмен, жалақы, салықтық төлемдер, газ, көмір және қосалқы бөлшектер, материалдар, жанар-жағар май сатып алу мен жөндеу жұмыстары сынды өзге де қажеттіліктерді есептегенде жалпы шығын көлемі кіріс көлемінен асып түсті. Яғни, өзім басшылықта болған өткен жылдың тоғыз айында жалпы шығын көлемі 662794,0 теңгені құрады. Осылайша, кәсіпорын өткен жылды 73220,0 мың теңге шығынмен аяқтады.
-Мұндай шығынға ұшыраудың негізгі себептері бар ма және ол қандай себептер болуы мүмкін?
-Шығынның басым бөлігі жылу энергиясын беру жұмыстарынан болып отыр. Оның негізгі себептері жөнінде айтар болсам, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін кәсіпорын жылу энергиясын беруде 2021 жылғы 21 қазанда бекітілген жылу беру тарифімен есеп айырысып келді. Ал, кәсіпорын тарапынан 2022 -2023 жылдарға жылу беру тарифі дайындалып, бекітуге ұсынылғанда мекеменің бірігу және қайта құру жұмыстарына байланысты тариф бекітілмей қалды. Осыған орай, жаңа тариф бекітілгенше жұмыс 2021 жылғы 21 қазанда бекітілген жылу беру тарифімен, яғни 1 Гкал – 19081,11 теңге мөлшердегі тарифпен жүргізіліп отырды. Осы аралықта негізгі тұтынылатын көмір, қазандық қондырғыларына қажетті бөлшектер, жөндеу шығындары, тағы басқа материалдар бағаларының өсіп, ал тариф құнының бұрынғы деңгейде қалуына және 2022 жылғы қаңтар, ақпан айларының суық болуына байланысты жылу беруден түскен қаражат, шығынды ақтап, таза табыс түскенімен, ол қаржы «Ауыз су-ШУ» КМК-ның есебіне өтті. Ал 2023 жылдың наурыз, сәуір айларында күннің нормадан көп жылып кетуіне байланысты жылу үшін төлемдер өте төмен болып, кәсіпорын 2022-2023 жылу беру маусымының нәтижесі бойынша 32822,3 мың теңге шығынға тап болды. 2024 жылдың жылу беру маусымында да осындай жағдай қалыптасып, ауа райының нормадан жоғары болуына және есеп айырысудың бұрынғы тарифпен жүргізілуіне байланысты жоспарлаған кіріс түспей, осы аралықтағы шығын 52454,7 мың теңгені құрады.
-Дәл осы жағдайдың еңбеккерлердің жалақысының тұрақты берілуіне кедергісі болған жоқ па?
-Кәсіпорын жұмысында орын алған осындай жағдайларға қарамастан, өткен жылы жұмысшыларға жалақы кешіктірілмей, уақытылы беріліп отырды. Зейнетақы қорына, басқа да аударымдар уақытылы жөнелтілді.
Тағы бір айта кететін жәйт, жылу беру маусымын шығынсыз аяқтау мақсатында, кәсіпорын тарапынан қазіргі жағдайда қалыптасқан бағаларды ескере отырып, жылу берудің жаңа тарифтік сметасы бекітуге ұсынылып, тиісті орындар тарапынан бекітілді және 2024 жылдың 1 қаңтарынан жылу беру тарифі 1 Гкал үшін 26972,92 теңгені құрайды. Осылайша, 2024 жылы жаңа тарифпен қызмет көрсетуді бастаған кәсіпорын жылу энергиясымен қамтамасыз етуде жылды шығынсыз аяқтайды деп күтілуде.
-Жұмыстың жемісті болуы мекеменің материалдық-техникалық жабдықталуына тікелей байланысты. Сіз басқарып отырған мекеменің материалдық-техникалық базасы қандай?
-Кәсіпорын жылу беру саласында ғана емес, басқа салаларда да қызмет көрсететін болғандықтан, материалдық-техникалық базаның жеткілікті болғаны дұрыс. Бұл тұста қызмет аясын кеңейтіп және оны сапалық тұрғыдан жақсарта отырып, табысты жұмыс жасау арқылы жұмысшылардың жалақысын көбейту мақсатында 2023 жылы кәсіпорын ауыстырып жаңарту үшін 2 0,8 м3 ковшын, 1 автомұнара, 2 фронтальды тиегіш сынды өндіріске қажетті арнайы техникалармен толықтырылды. Қыс мерзімінде автомобиль жолдарын күтіп ұстау, жолға себілетін қоспалардың сапасын сақтау мақсатында тұз және құм сақтайтын бастырма салынды.
Ал, алдағы уақытта қыс мезгілінде жол тазалауға қажеттілік көп туындайтындықтан және қатты суық кезде арнайы техниканың іске қосылуындағы қиындықтарды болдырмас үшін техника тұратын арнайы ангар соғу жоспарлануда.
Осылайша, кәсіпорын 2024 жылы қызмет көрсетудің барлық саласында жылды табыспен аяқтау үшін жұмыстар жүргізетін болады.
-Кездейсоқ қоқыс мәселесі аудандағы өзекті мәселенің бірі болып отырғаны айтылды. Нақты осы бағыт бойынша жұмысты жаңа арнаға бұруға бетбұрыс жасалды ма?
-Экология департаменті 2023 жылдан бастап «Қазғарыш сапары» атты спутниктік түсірілім жасай бастады. Осы түсірілімнің нәтижесінде Шу ауданы кездейсоқ қоқыс орны бойынша облыс көлемінде алдыңғы қатарда тұрғаны анықталды. Яғни, өңірімізде 92 кездейсоқ қоқыс орны тіркеліп, біз облыс орталығы – Тараз қаласынан асып түстік. Бүгінгі таңда 86 кездейсоқ қоқыс орны тазартылды. Қалғаны арнайы қоқыс полигоны аумағынан болып отыр. Кездейсоқ қоқыс ауылдық округ маңайында жиі кезігеді. Мысалы, біз Қорағаты, Дулат ауылдық округтерінде, Наурыз төбе маңында осы бағытта жұмыстар атқардық. Кейбір учаскелерге жарамсыз күйдегі пияздарды көп мөлшердегі қаппен төгіп кеткен. Бұл тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігінің төмендігін аңғартатыны белгілі.
Жалпы, халықтың мәдениеттілігі лайықты деңгейге көтерілмейінше, қоқыс мәселесі күрделі болып қала бермек. Сол себептен, әуелі тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін, мәдениеттілік деңгейін арттыру маңызды. Мұның ауданымыздың әр тұрғынына қатысы бар. Сондықтан, бұл тұста әр саналы азаматтың саналы іске үлес қосуы маңызды болып отыр.
-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.