Ақпараттық портал

Қайтыс болу фактісін анықтау

Заңды фактілер дегеніміз – әкімшілік қарым-қатынастардың пайда болуын, оларды тоқтату немесе өзгеруіне әсер ететін өмірлік мән-жайлар болып табылады.
Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер басқа тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін заң бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар азаматтардың, ұйымдардың арыздары бойынша қозғалады.
Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының аумағында кез келген тіркеуші органда жүргізіледі. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылатындар: 1) медициналық ұйым берген қайтыс болу туралы белгіленген нысандағы құжат; 2) қайтыс болу фактісін анықтау немесе тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі.
Егер азамат стационардан тыс немесе амбулаториялық бақылаудан тыс жерде қайтыс болса (емдеу мекемесінен тыс) медициналық мекемелер қайтыс болу туралы дәрігерлік куәлік бермейді және туыстары қайтыс болу фактісін тіркей алмайды.
Ауруханадан тыс жерде қайтыс болған жағдайда, мысалы, тұрғылықты жері бойынша, көшеде, көлік құралында және т.б. полиция қызметкерлері мен жедел медициналық көмек шақырылуы керек. Полиция қызметкерлері қайтыс болған азаматтың жеке басын анықтап, зорлық-зомбылықпен қайтыс болу фактісін тексеруі керек, егер ол жоқ болса, онда зорлық-зомбылықсыз қайтыс болу және туыстарының шағымдарының болмауы туралы анықтама беріледі. Жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлері биологиялық өлім фактісін ғана айқындап, учаскелік дәрігерге «сигнал парағы» құжатын береді.
Осы аталған процедуралардан кейін туыстары азаматтың қайтыс болғаны тіркелді деп есептеп, жерлеу рәсімін бастауға болады деп санайды. Алайда, бұл түсінік дұрыс емес, өйткені азаматтың қайтыс болғаны жүйеге тіркелмегендіктен олар қайтыс болу туралы куәлік ала алмайды.
Мәйітке медициналық зерттеу (патологиялық-анатомиялық ашып қарау) жүргізіліп, қайтыс болған адамның неден қайтыс болғанын анықтап берген сарапшының қорытындысының негізінде медициналық мекеменің қызметкері азаматтың қайтыс болғаны туралы ақпаратты жүйеге тіркеген сәтте тұрғылықты жердегі АХАТ органдарының ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсіп, тіркеледі.
Сондықтан міндетті түрде мәйітке медициналық зерттеу жүргізу қажет екенін есте сақтаған дұрыс.
Қазіргі кезде қайтыс болуды мемлекеттiк тiркеу электрондық нысанда жүргізілетіндіктен қайтыс болуды АХАТ органында тіркеу үшін қайтыс болу туралы медициналық куәлік алуға медициналық ұйымдарға, содан кейін қайтыс болуды тіркеу туралы өтініш беруге ХҚО бөлімдеріне және қайтыс болу туралы елтаңбалы бланкті алуға АХАТ органдарына барудың қажеті жоқ.
Себебі, қайтыс болу туралы медициналық куәлік медициналық қызметкерлер толтырған уақытта қайтыс болған жердегі АХАТ органдарының ақпараттық жүйелеріне автоматты түрде түсіп, тіркеледі. Құжатты растау қажет болған жағдайда, қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаны «Электрондық үкімет» порталы (Egov) арқылы алуға болады.
Сондықтан, қайтыс болған адамның туыстары өз уақыттарын үнемдеп, сотқа жүгінбей, Заң талаптарын дұрыс қолдана білсе, қажетті құжаттарды уақытылы алатынына сенімдіміз.

Мар-Лен Тілеубеков,
Шу аудандық сотының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.