Қазына қазанын ортайтпауға мүдделіміз
Тәуелсіздігіміздің ордалы отыз жылдығын ел болып тойлаған едік. Осы тәуелсіздік таңында мемлекеттік мерекелердің даталы жылдарын ретімен атап өтіп келеміз. Неге десеңіз, елдіктің қазығы қағылып, мемлекет ретінде іргетасымыз қаланып, әлемдік картадан ойып тұрып орын алған күннен бастап жан-жағымызды бағамдап, ұлт болашағы үшін ұлы істерді бастап, Қазақстанға қажет жүйені орнаттық. Мәселен, былтырғы жылы ұлттық валютамыздың 30 жылдығын атап өтсек, биыл Қазақстанның қазынашылық жүйесіне 30 жыл толып отыр. Ал, келер жылы Ата Заңымыздың 30 жылдығы дегендей, жалғасып кете береді.
Азаттықтың ақ таңы атып, жаңа өмірге аяқ басқан елдің алдында көптеген қиыншылықтар тұрған еді. Ескі байланыстар бұзылып, инфляцияның белең алып, жұмыссыздық жайлап, енді ғана аяғынан тұра бастаған елдің иығына ауыр жүк мінгесті. Аз уақыт ішінде экономиканы тұрақтандыру үшін елдегі ақша айналымын бақылау мен айналымдағы есепті қамтамасыз ету керек еді. Сол себепті, экономикалық құрылымдарды, оның ішінде мемлекеттік қаржы басқармасын реформалау қажет болды. Осылайша, ел қазынасын басқаруды жолға қою мақсатында Президенттің 1994 жылғы 27 қаңтардағы №1526 нөмірлі Жарлығымен Қаржы министрлігі жанынан Қазынашылық бас басқармасы құрылды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық құрылымдары республикалық бюджеттің кассалық атқарылуы мен қаражаттарын басқару, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы мемлекеттік міндеттері бойынша қызметтер жүргізетін болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 13 қазандағы «Қазақстан Республикасының орталық атқару органдарының құрылымдарын жетілдіру туралы» №2451 Жарлығымен қазынашылық бас басқармасының негізінде ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Қазынашылық құрылды. Қазынашылықтың қаржылық жұйесін дамытуда ерекше айтылатын жұмыстардың бірі – ол 1996 жылы маусым айында Ұлттық Банкте Қазынашылық бірлестігі шотының ашылуы болып табылады. Қазынашылық БҚШ (Бірріккен қазынашылық шоты) арқылы төлеу механизмін, бағдарламалық қамтамасыз ету, республикалық, облыстық қаржы құрылымындағы қалдықтарды бақылау мүмкіндіктеріне қол жеткізді.
ҚР Үкіметінің 1997 жылғы 30 қазандағы №1466 Қаулысымен Қаржы министрлігін ұйымдастыру – құрылымдық жетілдіру мақсатында ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық департаментінің заңды тұлға мәртебесі беріліп, Қаржы министрлігінің Қазынашылық департаменті туралы ережесі бекітілді.
Экономиканы оңтайландыру бағытындағы мемлекеттің қабылдаған шешімдері оң нәтижесін көрсетіп келеді. Сол жылдарда өңір-өңірлерде де Қазынашылық жүйенің бөлімдері құрылып жатты. Шу ауданының тарихына үңілсек, біздің өңірде 1997 жылы 27 желтоқсанда Шу аудандық қазынашылық бөлімі құрылып, штаттық саны 12 қызметкермен бекітілген болатын. Әр жылда штат саны өзгеріп, атқарылатын қызметке орай қысқартулар жүргізілген. Қазіргі уақытта штат саны 8 қызметкермен бекітіліп, басқармада тыңғылықты жұмыс атқаруда.
Шу аудандық қазынашылық басқармасы ҚР Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің үкімдерін, жарғыларын, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің, Қазынашылықтың жоғарғы органдарының бұйрықтарын, өзге де нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ арнайы әзірленген ережені басшылыққа алып жұмыс жүргізеді.
Елдің әл-ауқатының артуына үлес қосып келе жатқан жүйеде жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқаныма аттай 26 жыл болған екен. Яғни 1998 жылдан бастап басқарманың алғашқы бастығы болып тағайындалған күннен бастап бүгінгі күнге дейін қызметімізге жанымызбен беріліп, ыстығын да, суығын да ұжыммен бірге көріп келеміз. .
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қазынашылық комитеті Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаментінің Шу аудандық қазынашылық басқармасы мемлекеттік бюджеттердің атқарылуы жөніндегі операцияларды есепке алуды қамтамасыз ететін және мемлекеттік мекемелердің рәсімдік шоттар жөніндегі арнайы функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме. Бұған қоса, мемлекеттік мекемелерден және уәкілетті мемлекеттік органдардан бюджетке түсімдердің түсуін қамтамасыз ету, бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, сондай-ақ бюджеттің тапшылығын қаржыландыру жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бойынша іс-қимылдары аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылдың 4 желтоқсанындағы №540 бұйрығымен бекітілген “Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі” мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер негізінде жұмыс жүргізеді.
Қазынашылық жұйесі құрылған уақыт ішінде БАСК жартылай автоматтандырылған жүйеден, ақпараттық қазыналық жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында 2004 жылы «Oracle Application R12» қазынашылық интеграциялық ақпараттық жүйесіне көшірілген. Сол уақыттан бері жүйеде дамыту, жетілдіру жұмыстары жүргізілгенінің нәтижесінде 2010-2012 жыл аралығында толық электрондық-цифрлы қол қою арқылы «Қазынашылық-клиент» жүйесінің жұмысы қалыптастырылды.
1997 жылы 27 желтоқсанда Шу аудандық қазынашылық бөлімі құрылған уақытта 93 мекемеге қызмет көрсеткен болса, бүгінгі күні басқарма 53 мемлекеттік мекемеге қызмет көрсетуде. Қазынашылық жүйе Қазақстан Республикасының қаржылық жүйесінің басты бөлігі болып отыр. Бюджеттердің түсімдер бойынша атқарылуын өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте қамтамасыз етеді. Процесстерді барынша автоматтандыру алдыңғы қатарлы озық технологияларды пайдалануды, әкімшілік және техникалық оңтайландыру арқылы стратегиялық міндеттердің бірі – қоғамдық қаржы жағдайы туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді шешуге мүмкіндік береді.
Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің қаражаттарының мақсатты жұмсалуы мен уақытылы игерілуі қазынашылық басқармасының жұмысты ұйымдастыруына, дұрыс үйлестіре білуіне байланысты. Шу аудандық қазынашылық бөлімінде банк және қаржы саласында еңбек еткен қазынашылықтың құрметті ардагерлері Бахтымбетова Б.К., Исаева К.К., Шохаева А.А. абыройлы қызмет атқарған. Қазіргі таңда қазынашылық басқармасында көп жылдардан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан Г.Б.Бухарбаева, А.Т.Аргинбекова, А.Б.Нурумова, К.А.Кенжетаева, А.Абишева, А.Шопан, А.Сарсенбаев сынды білікті мамандар қызмет атқарады.
Құрметті қазынашылық жүйесінің барша ардагерлері, қаржы саласындағы әріптестер! Сіздерді Қазақстан Республикасының қазынашылық саласына 30 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге және отбасыларыңызға амандық пен саулық, береке мен бірлік және мемлекетіміздің экономикасын көтеру, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы еңбектеріңізге толағай табыстар тілейміз!
Серік Қалтаев,
Шу аудандық қазынашылық басқармасының басшысы.