Ақпараттық портал

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

Бүгінгідей техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында газет, журнал оқитын жастардың аздығы жасырын емес. Алайда, бұл газет таратушы мекеме қызметкерлері үшін немқұрайдылыққа негіз болмауы қажет. Өйткені, аудандық, облыстық, республикалық баспа басылымдарын күтіп, әр санын жібермей оқып, ел аумағындағы түрлі жаңалықтарды газет арқылы біліп жүретін ауылдағы ағайын, әсіресе аға буын мен орта буын өкілдері баршылық. Соның ішінде, өзім де жас болсам да ғаламтордағы түрлі сайттардан сан алуан жаңалықтарды оқып, білсем де, облыстық, республикалық басылымдарды бір шолып, түрлі ақпаратпен газет арқылы да танысып отырамын.

Дегенмен, өкінішке орай, аудан тұрғындарына газет уақытылы жеткізілмейді. Бұл өз басымнан аян. Сонымен қатар, аудан орталығынан шалғайдағы ауыл тұрғындары да баспа басылымдарының бірнеше нөмірлерінің жиналып бір келетінін жиі айтады. Осындайда халық аузындағы «Айта, айта Алтайды. Жамал апа қартайды» деген сөз еріксіз еске түседі. Бұл мәселе осыған дейін де пошта байланыс торабы басшылығының алдында көтерілген. Кейде газет тарату жұмысымен айналысатын пошташылар үшін әр көшені жаяу аралап, әр басылымды қаланың әр бөлігіне дер кезінде жеткізу аса жеңіл жұмыс емес екендігін ұғынып, ескеріп жатамыз. Десе де, ол – қызметтік міндет. Солай бола тұра, дәл осы газет таратушыларға қатысты тағы бір келеңсіздіктің бой көрсетуі жалпы пошта қызметіне деген сенімсіздікті арттыра түскендей.
Жуырда үйге жаңа жылда жарық көрген яғни, 2024 жылдың қаңтар айының газеттерінің әдеттегідей бірнеше нөмірі жиналып келді. Өзім аудандық газет пен облыстық «Ар-Ай» газетіне жазылған болатынмын. Біртіндеп қарап отырып, бір газеттегі мақалалардың бірнеше газетте қайталанып тұрғандығын байқадым. Анық қарасам, №3 облыстық газеттің жетеуін бір-ақ жеткізіпті. Сонда бұлардың біреуі маған тиесілі болғанда, қалған алты газеттің иесі қайда, олар сұрай қалса, пошташылар не деп жауап береді?-деген ой туындады. Шын мәнінде пошта қызметкерлерінің кінәсі болса да, өзімді біреудің газетін ұрлап алғандай сезініп, ыңғайсыз күйде жүрдім. Дегенмен, пошта қызметі тарапынан да, жұртшылық өкілдері тарапынан да ешбір сұрау болмады.
Осылайша, жылдың басы түсініксіз жәйттермен басталды да және сол уақыттан бастап келесі газет келгенге дейінгі аралық айтарлықтай ұзап кетті. Сол кезде-ақ енді екі-үш аптаның газеті жиналып бір келетініне күмән болмады. Оған үйреніп те қалдық. Алайда, аласапыран қылмай, газеттің әр нөмірін ретімен таратса, жөн болар еді. Тәртіп бойынша ол солай болуы тиіс те. Ал, «газет таратылса болды» деген ұстаныммен жүретін пошта қызметкерлері бір мезет тәртіпке бағынған құл болмайтынын ескерсе дейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.