Ақпараттық портал

Еленген еңбек. Белгілі фотожурналист Петр Норкинге ескерткіш тақта орнатылды

Осыдан тура жыл бұрын ардақты әріптесіміз, фотожурналист, Қазақстанның құрметті журналисі Норкин Петр Палладиевич дүние салған болатын. Тұтас ғұмырын аудандық «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетіне арнап, сүйікті саласының сайыпқыраны атанған ардагердің аяулы бейнесі әлі есімізде.

Өткен аптаның соңында П.Норкинді еске алу шарасы ұйымдастырылған болатын. Атап айтқанда, «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің редакциясы мен «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігі аңызға айналған фототілшінің өзі еңбек еткен ғимаратқа ескерткіш тақта орнатты. Оның ашылуына аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, ет жақындары мен әріптестері жиналды.
Шара барысында Петр Палладиевич жайлы жылы естеліктер айтылды. Ұлағатты істі ұйымдастырушыларға да алғыстар жауды. Тақта ашылғаннан кейін гүл дестелері қойылып, құрмет көрсетілді.
Мұнан кейін меймандар аудандық музейге барды. Онда П.Норкиннің дүниеден өткеніне 40 күн толғанда ашылған арнайы бұрыш алдында да жақсы тілектер айтылып, есіл ер жайлы естеліктер естілді. Тарқатып айтқанда, фотожурналистің туыстары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, қалалық ардагерлер жетекшісі Мелис Бейсембаев, қаламгер Сәрсебай Қали мен ардагер ұстаз Несіпхан Қоңырбаев, «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің құрметті мүшесі Эркин Ойшиева, әріптесі Назгүл Байбатшаева өз лебіздерін арнады.
Еске алу шарасында Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Жұмахан Чекаев Норкиннің көзі тірісінде таспалаған пленкаларды қолхатпен Түрік еліне жіберілгенін, Алматы қаласында мыңдаған фотолар сканерленгенін сүйіншіледі. Сонымен қатар, түрік ағайынымыз П.Норкиннің суреттерінен ауқымды альбом жасап, арнайы көрме ұйымдастыруды мойнына алып отыр.
Музейден кейін қонақтар мейрамханаға қарай бет алды. Онда жылдық ас беріліп, ақ дастарқан жайылды. Дәм басында да жақсы сөздер, жағымды естеліктер айтылды. Ақ жарқын азаматтың атан түйеге жүк болатын жұмыстары бағаланды.
П.Норкин есімі аудан шекарасынан асып, облыс, қала берді республикаға танымал. Посткеңестік кейбір мемлекет азаматтары да оның атын таниды. Өйткені, уақытында «Известие», «Труд» басылымдарында П.Норкиннің суреттері сайрап жататын.
Мамандығына мейірі бөлек, махаббаты орасан тұлға талай заманның куәгері болатын. Ол түсірген суреттерде заманымыздың бұрыны мен бүгіні бедерленген. Архивін ақтара отырып марғасқалардың аяулы бейнелерін, ауыл еңбеккерлерінің айшықты суреттерін, табиғаттың, тау мен тастың тұмса көріністерін көретін едік.
Табиғат демекші, Петр Палладиевич аң аулап, құс атуға, балық ұстауға аңсары бөлек болатын. Денсаулығы бар кезде талай мәрте даламен тілдескен. Жолдастарымен бірге сейіл құрған. Содан болар, досы Жұмахан Төлеуұлы құрған қоғамдық бірлестіктің мүшелері шара қонақтарының қатарын толтырды.
Атап өтерлігі, Петр Норкин дүние салғаннан бері есімі мен еңбегін ел жадында қалдыру мақсатында Ж.Чекаев үлкен шаруа атқарып жүр. Музейден арнайы бұрыш ашу, ескерткіш тақта орнату, турнирлерде арнайы сыйлық тағайындау, жәдігерлерін жұртшылықпен таныстыруда оның еңбегі зор.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.