Өмір ағымы
Күнделікті атқан таң мен батқан күн бір-біріне ұқсас болғанымен, байламы жоқ күйбең тіршілік бір-біріне еш ұқсамайды. Сол секілді өмірде миллиондаған адам болғанымен, олардың пешенесіне жазылған тағдырлары да әр қилы. Мынау бес күн өмірде ойға барасың, қырды асасың, биікке ұмтыласың, кей сәттерде төменге қарай құлдилайсың. Сондай сәттерде біреуі жаныңа жалау, көңілге медеу болса, енді кейбірі табалап, қаралық танытып жатады.
“Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді” дегендей, ер деген атымыз болғаннан кейін, қандай дауылмен бетпе-бет келсек те, шыдай түсіп, кей жағдайлардан сабақ алып, қажет тұсын көңілге түйіп, одан қала берді “Ер азығы мен бөрі азығы жолда” деген ұғымды ұстаным қылып, бұйыртқан нәпақамызды музыка, асабалық өнерімізбен теріп жүрген жайымыз бар. Содан болар, өмір жолында түрлі адамдарды ұшырастырып, небір оқиғаларға куә болып жатамыз.
Айтпағымды кез келген жан аңдаған болар… Әңгімемді қозғауға тойда болған бір оқиға сеп болды. “Бүгінгі күн-ертеңгі тарих” демей ме?! Көңілде жүрген бұл оқиға қағаз бетінде қатталып қалсын деген оймен қолға қалам алып отырмын.
Өткен ғасырдың ақырғы жылдарындағы жаздың жайма-шуақ кезі болатын. Той-думанның қызып тұрған шағы. Біз тойдың көркін қыздырар құрамымызбен Айдарлы ауылына бардық. Сол жылдарда өзіміз де тойды күйттеп, Айдарлы ауылына жиі баратынбыз. Неге десеңіз, біздің өнерімізге тәнті болған тойдағы жұртшылық өкілдері өздерінің тойының тізгінін бізге сеніп тапсыратын. Содан не керек, шағын ғана ауылдың тойларын дүркіретіп өткізіп жүрдік. Риза болғандар бар жақсысы мен бар тәттісін алдымызға тосатын. Жанды дауыста өнер көрсететін болғандықтан, тойға белгіленген уақыттан ерте барып жүрдік.
Сондай бір тойда бізге әдемі дастарханды жайып, жанымызға бір жігітті сайлап қойды. Ол жігіт өзі елгезек екен. Аузымыздан шыққан сөзді екі етпей, айтқанымызды әкеп, безілдеп жүрді. Төңіректің әдемі безендірілуі тойдың да жақсы өтуіне себеп болады. Кей тойларға барғанда төңірек күңгірт тартып, шамдардың өзі сығырайып қана жанып тұрса, көңіл деген көк дөнен де көмескі тартып, шабытымызды тежеп тұратындай болатын. Бұл жолғы тойда палатканың іші самаладай жарық болып, бізді де шат күйге бөледі. Қас-қабағымызды бағып, қалауымызды тауып беріп жүрген жігіттің әрекетіне де риза болысқаннан тойды да жоғары деңгейде атқардық. Бірақ, той аяғына таяп қалғанда әлгі жігіт көзден таса болды. Кеңшілік заманы екен ғой, ол кездер.
Көп жағдайда тойдың аяғында “сіздерді апаратын шопыр шаршап қалды” дегенді желеу етіп, той иелері бізді де құда-құдағилармен теңдей күтіп жіберетін. Бұл тойдан да дәл солай құдалардың көлігімен кеш қайттық. Құдалармен қатарласып мінген автобусымыз орнынан қозғалғаны сол еді, алдымыздан “Урал” мотоциклімен әлгі жігіт көлденеңінен шыға келіп, көлікті тоқтатты. Автобус тоқтағаннан кейін қарғып мініп, төңірекке көз тастады да, ел-жұртпен сыпайы ғана амандасты. Сөйтті де “қақайып отырамын деп қатайып қалған жоқсыздар ма?”-деп әзілдесіп қойды. Жігіттің қылықтары ерсілеу көрінді ме, үрпиісіп қалған жолаушылар шаршаңқы дауыспен әр-әр жерден “жақсымыз, жақсымыз” десті. Бейтаныс жігіт жай ғана езу тартты да “онда былай болсын, көліктің басын бұрып, бәріміз тегіс біздің үй жаққа қарай жол тартайық”-деді. Автобустағылар “сен секілді ерігіп жүрген ешкім жоқ, жолымыздан қалдырма, жөніңе кет”-деп шу ете қалды. “Ақыры бармайтын болсаңыздар, мәшиненің дөңгелегін мылтықпен атамын”-деді де, қос ауыз мылтықты мотоциклінің қобдишасынан суырып алып, дөңгелекке қарай кезенді. Үркіген жұрт ойбайға салып, даурыға “жол көрсет, үйің қайда?”, “ойбай, барсақ барайық”-деп шу ете қалды. “Менің артымнан ілесіңіздер”-деді де мотоцикліне отырып, жол бастады.
Үйі сол ауылдың шетінде екен. Үйіне жеткенде мотоциклінен қарғып түсті де автобусқа кіріп, “бәріңіз түспеңіздер, тек артта отырған музыканттар ғана түссін”-деп ақырын ғана айтты. Үшеуміз автобустан түсіп, жігіттің үйіне кірдік. “Ал, бауырым, неге өйттің? Бұл әрекетіңнің сыры неде?”-деп сұрадық. Ол тосылмастан “Жігіттер менің келіншегім өмірге қыз әкеліп, әлеміме жарық сыйлады. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын қазақпыз ғой. Өнерлеріңе таңдай қақтым. Таңдай қақтырған жігіттер секілді менің де қызым таңдайы тақылдаған әнші болсын деп түкіртуге әкелдім. Араларыңда үлкенің қайсысы? Сол ырымын жасап жіберсе…”-дегені сол еді бәріміздің жүрегіміз орнына түсті. Зәреміз зәр түбіне жетердей қорыққан біздер сол заматта-ақ көңіліміз күптеліп шыға келді. Сөйтіп, автобуста отырған көпшілікті көп күттірмейік деп, жігіттің қолқасын орындап, көп кешікпей сыртқа шықтық. Сондай әсерлі көрініске мас болып, Төле биге қалай жеткенімізді де аңдамай қалдық.
Арада бірнеше жыл жаңарып, ғасыр ауысты. Сара жолы, дара дәстүрі бар халқымыз бет алған жолынан танбай, әр күні той-думанмен өріліп келеді. “Өнерлінің өрісі кең” демекші, Шудың түкпір-түкпірін аралап шықтық. Сондай жақсы күндердің бірінде Хантауға тойға тапсырыс қабылдап, белгіленген күні жолға шықтық. Жол қысқарсын деген оймен әңгіме-дүкен құрып келе жатқанда мінген көлігіміз сыр бере бастады. Әбігерге түскен жігіттер “көлігіңіз жолда қалдыратын болса, неге шығасыз?”-деп ренжіген кейіп танытты. Содан не керек, жолда біраз аялдап тұрып қалдық. Ақылдаса келе, жақын ауылдан көлік тауып келейік деп шештік. Сол маңға жақын ауылымыз Айдарлы болды. Жүгімізді жолдың шетіне түсіріп, машина күтумен болдық. Шопыр жігіт “көліктеріңіз келгенше жандарыңызда бола тұрайын, заттарыңызды салысамын да, өзім кете берем”-дей бергенде күткен көлігіміз де келе қалды. Ескілеу, көк москвич екен. Жүктерімізді арттық та, діттеген жерімізге кете бардық. Жол-жөнекей тағы әңгіме басталды. Мен сөзге қосылмай жай ғана әңгімелерін тыңдап отырдым. Сөйтсек, жүргізуші жігіт өлең жазады екен. Бәрі оған “өлең оқы” деп қолқалады. Қоңыр үнмен өлең оқып бастағанда дауысын бұрыннан танитындай елең ете қалдым. Бірақ адамға адамның түрі де, сөзі де ұқсай береді ғой деп отыра бердім. Бір жағы тарпаң мінез талантты жігітті тоқтатқым келмей, тағы да айта түссе деп, көңіл деген көкдөнен шартарапқа қанат қаққандай күйде отырдым. Өлең оқыған сайын ойыма бұрынғы естеліктер орала берді. “Әй неде болса, бұл жігіт маған бөтен емес-ау” деп ойладым іштей. “Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі” деген нақыл тегін айтылмаған ғой, кейде ескі таныстармен өмір жолында қайта ұшырасып жататын кездер де болады. Өрекпіген жігіт өр даусымен өлеңді оқығанда даусы шарықтау шыңына жеткен кезде аяғына таяған болар деп топшыладым. Өлеңнің соңғы шумағын оқып, мен болдым дегендей көз қиығын бізге бұрған сәтте-ақ, баяғы мылтық кезеп, жолдан тоқтатқан жігітке қатты ұқсаттым да: -осыдан біраз жыл бұрын біз осы ауылға тойға келіп едік. Сонда бір жігіт алдымыздан мылтық тақап шығып еді. Сен сол емессің бе?-деп сұрадым. “Иә, соның дәл өзі”-деді шопыр бала басын изеп. Шіркін, тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі деген осы емес пе?! “Әй, біз аузына түкірген қызың өнерлі болды ма?”-деп сұрадым. “Қызымның кім болғанын білмеймін. Әйеліммен көп тұра алмадық. Әпкелері ажыратып алып кетті”-деп шорт кесті. Әрмен қарай қазбалап сұрағанға батпадым. Мүлгіген тыныштық орнады…
Не керек, той болатын үйге де жеттік. Темір жолдың арғы қапталындағы сайдың маңындағы бір үй екен. Аппаратты құрып, музыка ойнатып қойдық. Жайылған ақ дастарханды айнала отырған жұрт бізді аңтарыла күтіп отырғанын аңдадық. Көп кешікпей, құдалардың да автобусы анадайдан көрінді. Оны көрген ел “арқан қайда, арқан қайда?”-деп абыр-сабыр болып, жан-жаққа жүгіріп кетті. Біз соның бәріне куә болып отыра бердік. Көп ұзамай құдалар да үйге қарай аяңдады. Құдалардың келгенін, түскенін, елдің қалай қарсы алғанын қызықтап қарап отырған біз шопырға мән бермеппіз. Оған көз аударсақ, өңі боп-боз болып кеткен. “Әй түріңе не болды? Бір жерің ауырып тұрған жоқ па? Бәрі дұрыс па?”-деп сұрақты қарша бораттық. Сәл ойланып тұрды да “жігіттер, анау көліктен түскен келіншек менің бірінші әйелім”-деді де серейіп тұрып қалды. Біз де ол нұсқаған жаққа қарай көз аудардық. Құдалар аяғы саябырсып, бәрі үйге кіргеннен кейін әлгі келіншектің біз жақтан көз алмай қарап тұрғанын байқап қалдық. Сөйтсек, шопыр жігіт екеуі бір-біріне тесіле қарап қалыпты. Бір кезде жігіт ақырын сол жаққа қарай беттеді. Келіншекті ымдап оңаша шақырып еді, ол бас тартқандай болды. Біз тап бір кино қызық жеріне келіп үзілгендей күй кештік те қалдық. Бір қарасақ, екеуі жай ғана палатканың сыртына қарай шықты да, көзден ғайып болды. Сол кеткеннен таңға жуық бір-ақ оралды. Той тарқап, біз де жолға шықтық. Жол бойы шопыр баланы сұрақтың астына алдық. “Не болды? Қайда бардыңдар? Ол саған не деді”-деп жамыраса кеттік. Шопыр жігіт үндемей отырды да сұрақтан жалтара алмайтынын білді ме: -Жігіттер, сендерді маған Алланың өзі кезіктірді. Бұрынғы әйелімді көремін деп ойламаппын. Ол сол бойы үйленбепті. Осы уақытқа дейін әпкелеріне кінә артып келіпті. Тап бір үлде мен бүлдеге орайтындай соларға сенгеніне өкінетінін айтып қалды-деді. Біз бұл жауапты естігенімізге балаша қуанып: -Ал, сен ше? Сен де үйленген жоқсың ба?-деп сұрадық. Сұрай бергеніміз сол еді, ол жігіт те біздің сол сұрақты қоятынымызды білгендей, жүзінен екіұдай күйді байқадық. Көңілін кірбің шалғандай боп елес береді де, бір сәт жаңадан алабұртқан сезімін ырқына көндіре алмай, жүзі бал-бұл жанған бозбала жігіттей күйін де танытады. Өкініш пен қуаныш сезімдері арпалысып, ойға алғаны ақылдың айтқанына бағынбайтындай сыңай танытады.
-Иә, үйленгенмін. Екінші әйелімнен бір балам бар-деді де, тағы қалың ойға батып кетті…
Бір кездері сүйген жары жарты жолдан теріс айналса, ал ол ұйып отырған отбасының тірегі қазіргі әйелін тастап кете баруға ары жібермейтіндей. Ал, құрметті оқырман, бұл оқиғаның жалғасын сіздердің қалауларыңызға қалдырамын.
Ермахан Азаматов,
аудандық мәдениет үйінің мәдени қызметкері.