Мерейі үстем ұстаз
Мамандық – бұл әр адамның өзі сүйіп, ынтамен жасайтын ісі және оның болашағының ажырамас бөлігі. Әр адам өз кәсібіне құрметпен қараса ғана, ісінің нәтижесін көреді. Мұғалімнің жастарға мамандық таңдауда тура бағыт, дұрыс нұсқау беруі қоғамымыздың бір кірпішінің дұрыс қалануына жәрдемі тигені. Мұндай мұғалімнің мерейі әрқашан үстем болмақ.
Дамыған мемлекеттердің кез келгенін қарасаңыз, ең бірінші әскери қуаты мен мүмкіншілігін заманауи ғылыми техникалармен жарақтандыруды бірінші орынға қояды. Демек, ел тыныштығының арқауы жауынгерлік, Отан қорғау ісіне ыждаһаттылық болса керек.
«Іргеміздегі Қытай мемлекеті ұстаз беделінсіз білімнің болмайтынын алға тартып, әсіресе мектеп жасындағы оқушылардың әскери дайындығы сабағына аса көңіл бөледі. Мектеп бітірген жас өрен алғашқы әскери дайындық барысында атыс қарулары мен медициналық дәрігерлік көмек көрсету ісін толық меңгеріп шығады. Осылайша, мектеп қабырғасынан басталған дайындық нәтижесінде жастар кез келген тосын жағдайларға сақадай сай тұрады. Бұл біріншіден, мемлекет қауіпсіздігінің іргетасы болса, екіншіден патриоттық тәрбиенің берік негізі»-деп өз пікірін білдірген Мойынқұм орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі, аға лейтенант Сержанов Құрманғали Шүкірбайұлының өз ісінің озық ойлы азаматы екендігіне куә болдық.
Сынып бөлмесінің қабырғасы мектеп оқушыларының түрлі Мақтау грамоталары, Алғыс хаттарымен әрленген. Оқушылардың жетістігіне көз сала отырып, ұстаз еңбегінің елеусіз қалмағанын аңғардық.
Енді, солардың бірқатарын атап өтейік. 2013 жылы Ұлы Жеңістің 68 жылдығы құрметіне өткен аймақтық «Сапта жүріп ән айту» байқауында бас жүлде иегері, 2015 жылы Тараз қаласында өткен әскери патриоттық тәрбие беру ісі жөніндегі іс-шараның жеңімпазы, 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне өткізілген «Бейбіт күн жасасын әлемде» атты фестивальдің лауреаты атанған. 2022 жылы далалық оқу-жиынында командалық жарыста бас жүлдені иеленген Мойынқұм орта мектебі оқушыларына берілген марапат, өзге де ауданаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген мектеп оқушыларының жетістіктерінің барлығы әрине ең бірінші ұстаз еңбегінің жемісі екені даусыз.
Бұл тұста осындай еңбектің елеусіз қалмай, ұлағатты ұстаз Қ.Сержановтың да бірнеше марапатқа ие болғанын айта кету қажет. Ол 2017 жылы Отан қорғаушылар күніне орай, әскери-патриоттық білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан үлесі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2020 жылы әскери-патриоттық білім берудегі жетістіктері үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
-Мойынқұм орта мектебінің директоры Ғ.Жанпейісов те от пен оқтың исін жұтқан, Ауған соғысының ардагері. Алғашқы әскери дайындық жұмыстарына үнемі қатаң қадағалау жүргізіп отырады. Мектепке басшы болып келгелі есімі Кеңес Одағына танымал қаһарман тұлғалар С.Нұрмағанбетов, Р.Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы сынды ерлердің ерлік істері туралы үнемі баяндап, оқушылар арасында кездесулер ұйымдастырып, әскери-патриоттық тәрбиеге зор мән беруде. Нәтижесінде, батыр аталарының жолын қуып, соларға ұқсағысы келетін түлектер көбеюде. Патриоттық рухта, ұлтымыздың болмысына лайық тәлім-тәрбие алған шәкірттеріміз қазір мемлекетіміздің әр өңірлерінде қызмет етіп жүр,-деген Құрманғали Шүкірбайұлы мектеп түлектерінің есімдерін мақтаныш сезіммен жатқа айтып берді. Олардың қатарынан Ақтау қаласындағы әскери теңіз күштерінің командирі, полковник Жаннұр Сатқынов, ҚР қорғаныс министрлігінің радиоэлектроника және байланыс институтының түлегі, Астана қаласындағы ҚРҚК ВИИРЭ әскери бөлімінің аға лейтенанты Мүтәліп Алишер, Щучинск кадет корпусының түлегі, Тараз қаласындағы құрлық әскери күштерінің лейтенанты Талғат Исмайлов, Щучинск кадет корпусының түлегі, Алматы қаласындағы бітімгершілік операциялар әскери орталығында взвод командирі Нұрсұлтан Сержанов, Щучинск кадет корпусының түлегі, Отар әскери кентіндегі Қарасай батыр атындағы әскери мектепте инструктор, аға сержант Тоймырза Нұрғалы, Астана қаласында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің полковнигі Қайсар Есбергенов, Қарағанды қаласындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебін бітіріп, қазіргі кезде Алматы қаласындағы Құрлық әскери институтының 2-курсында білім алып жүрген Алмас Мұхитұлы сынды азаматтардың есімін атауға болады.
Осындай азаматтардың болашағына оң бағыт нұсқап, он алты жыл педагогикалық жұмыстың, оның ішінде әскери дайындықтың қыр-сырын меңгерген кейіпкеріміз қазіргі таңдағы әскери дайындық бойынша мектептердің жай-күйі туралы ой-пікірін де ашық жеткізді.
-Алғашқы әскери дайындық сабағының алғы шарттары кез келген оқушыға ұнай бермейді. Патриот болу керек дегенді құрғақ сөзбен айта бергеннен гөрі, көзге көрсетіп, қолмен ұстатып, қызығушылығын ояту маңызды. Өкінішке орай, алғашқы әскери дайындық кабинеттерінің материалдық-техникалық құралдармен жабдықталуы соңғы жылдары белгісіз себептермен назардан тыс қалуда. Заманауи үлгідегі атыс құралдары, газға қарсы қолданыс заттары, қорғану киімдері мен әдістемелік құрал-жабдықтар толыққанды жетіспейді. Мұндай жағдай аудан мектептерінің басым бөлігінде орын алған деп айтуға болады. Сарбаз болу мақсатын бала жүрегіне ұялату әр ұстаздың ықпалы мен педагогикалық іс-тәжірибесіне байланысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біліктілікті арттыру бойынша өз әріптестеріммен үнемі байланыста болып, тәжірибе алмасып отырамын»,-деген аға лейтенант Құрманғали Сержанов ізгі мамандықтардың бірі – әскери қызмет атқару ісіне жас өрендерді даярлау өте жауапты іс екендігін мәлімдеді.
Құнды қасиеттерді бойына сіңіре отырып, ұрпақ тәрбиесіне ұқыппен қараған ұстаз Құрманғалидың алдағы істеріне тек сәттілік тілейміз.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.