Біздің қауқарымыз неге жетеді?
Жақында жас тарихшы Елдес Орданың «Жас Алаш» газетінің №6 санында жарияланған мақаласындағы «Тек қана жер сілкінісіне қарап айтқым келмейді. Ел басына күн туса бізге молда да, шоумен де, тиктокер де, әнші де көмектеспейді. Бізге нақты ғылым көмектеседі. Барлық ситуациядан сабақ алып, ел ертеңі қауіпсіз болуы үшін нақты ғылымға сүйенген шешімдер керек»-деген барлық саланың мамандарына бағытталып айтылған сын пікіріне қосыла отырып, өз ойымды да білдіргім келді.
«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегенді естен шығардық. Болмашы жел тұрса ғимараттардың шатыры ұшады, электр бағаналары құлайды, сымдары үзіледі, қар жауса жол жабылып қалады, ерісе тасып, әурешілікке салады. Жарайды. Өмір болған соң тұрмыс түйткілдері де болатыны заңды. Бірақ бізде әурешілік көп. Бір істі екі рет қайталап атқару үйреншікті жағдайға айналды. Дүниежүзі елдері арасында сауатты мемлекеттер қатарынан көрініп, байлығымыз талай елді бірнеше рет орап алуға жететіндей болса да, «жұмыс жоқ» дегенді жиі айтамыз. Бірақ, жұмыс жоқ болса да, той көп.
-Тендер деген шықты. Сол пайда болғалы неше түрлі қалтырақтар дүниеге келді. Құрылыстың кез келген түрін тайсалмай істейтін құрылысшылар шықты. Иелігінде бір техникасы жоқ, оны меңгерген маманы жоқ. Нақты айтқанда, іс жүзінде жоқ, қағаз жүзінде бар компаниялар көбейді. Обалына қарай тендерді жеңіп алатындар да солар. Ал, сапа дегенді сөз қылып, әуреге түсудің керегі жоқ. Табанымыздағы теп–тегіс қара жердің үстіне жол салудың өзін игере алмай жатқанымызда, ғимарат соғу құрылысындағы кемшіліктерді айтудың өзі артық. Қазір құрылыс қарқыны жаман емес. Зәулім үйлер, қоғамдық ғимараттар көбеюде. Кімнің қандай құрылыс салып жатқанына ешкімнің басы ауырмайтын болды. Шишадан соға ма, құмнан соға ма, өзі білетін заман. Алайда, сапалы жұмыс қылатын қол мен арнайы мамандардың жоқтығынан құрылыс сапасы өте төменгі деңгейде екенін бәріміз білеміз. Тіпті, стратегиялық маңызы бар «қызыл сызықтың» үстіне соғылған ғимараттардың күндердің күнінде апатқа ұшырайтынын арнайы мамандардың білмеуі мүмкін емес. Солай бола тұра, немқұрайдылық басым. Сол себептен, құрылыс жұмыстары қатаң қадағалануы керек. Құрылыс қауіпсіздігінің қыр-сырын білетін архитектор, жобалаушылардың пәрмені бар ма, жоқ па беймәлім,-деп өз ойын жеткізген Шу қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мелс Бейсембаев қазіргі құрылыс жұмыстарына көңілі толмайтынын білдірді.
Құрылыс сапасын тыңғылықты бақылауға алып, жапондар секілді апат салдарын азайтудың амалдарын біздер жасаймыз ба? Әй, қайдам. «Құдай сақтасын» деп отыра береміз. Соңғы кезде соғылған ғимараттардың шатырлары сөгіліп, қабырға қаптамалары түсіп жатыр. Оған мән бермейін десең, құрылыстың пайдалануға берілгеніне санаулы ғана уақыт болған. «Енді жер сілкінісі қайталанбайды» деп өзімізді өзіміз жұбатып, «бір Алла біледі» деудің өзі қараңғылық. Жер қойнауындағы құбылысты күні бұрын білетін Жапония ғылымына Жаратушы алдын ала өзі хабарлап, сыбырлап отыра ма? Ғылымы мен білімі озық елдер түрлі тосын апаттардың алдын алу шараларына ғылымын қосып жатқанда біздің ағайындар ғылым-білімге бас ауыртпай, дайынды сатып алумен ғана жүр. Онда да сатып алған затының құнын білмегендіктен, өзгеге жем болуын қояр емес.
Бұдан бір жарым ғасыр бұрын қазақтың алғашқы ұстазы Ы.Алтынсарин:
«Өнер – білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызған.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзді ашып жұмғанша
Жылдам хабар алғызған»-деп өнер жолы ғылымда екендігін айтып, ғылым, білімге бетбұрыс жасауға үндегенін санамызға құйсақ та, жылжуымыз қиын боп тұр.
Күнделікті тіршілік сұранысына қажетті қара жолды сапалы қылып сала алмайтынымыздың өзі нені аңғартады? Құрылысқа деген «қаржы байғұс» өз орнына барса, ақша да рахмет айтар еді. Өкінішке орай, олай болмай тұр. Жақында болған Майқайың алтын кенішіндегі терең шұңқырға құлаған автобустағы екі адамның денесін таба алмай жатқан құтқару жұмысының дәрменсіздігіне ішің қынжылады. Осы апат Жапонияда болса адам түгілі құмырсқаны да дәл көрсететін ғарыштық жабдықтардың көмегімен әлдеқашан тауып алар еді. Міне, біздің ғылым, білім жолындағы дәрменсіздігіміз осыдан-ақ көрініп тұр.
Біздің елдің табиғи байлығынан көп төмен елдер космосқа зымыран ұшырып жатқанда, ғарыштық шикізаттың барлық түрін түгел өндіріп, сыртқа беріп, ұшан-теңіз жерімізді малға толтырғаннан не пайда? Дана Абай:
«Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,
Ант су ішер бір-бірін алдамасқа.
Көргені мал, қазақтың баққаны мал,
Ақылдассаң, не айтады малдан басқа»-дегені әрине, мал баққан қазақтың малдан басқа уайымы, айтары жоқ екеніне зығырданы қайнаса да, көз жеткізіп айтқандай.
Білім қуған қазақ баласының өзіне, еліне көмегі тиетінін алдын ала болжап білгендіктен, өнер-ғылымға жол сілтеді. Ал, ұлы педагог Ы.Алтынсарин:
«Біз надан боп өсірдік иектегі сақалды.
Білім–өнер көркі деп ескермедік мақалды.
Біз болмасақ, сіз барсыз, үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды»-деп ата-бабамыз ата кәсібіміз – мал бағып, күн көрген деген ұстанымды ұмытуға шақырып, қазақтың білімді ұлт болуын арман еткен-ді.
Біз әр күн сайын өзгеріп жатқан заман талабына сай әрекет жасай алмасақ, өркениет бәсекесіне қабілетсіз болатынымыз бесенеден белгілі. Ғылым саласының кез келген түрінде қабілетті, білімді жастарымыз баршылық. Әттеген-айы қолдау мен сана басымдылық ете алмай тұр-ау.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.