Ақпараттық портал

Жарқырап тұрған жарнамаға сене бермеңіз…

Қазіргі елге танымал болып қалған әртіс, актер, хит әншілердің барлығы ғылым мен білім жаңалығын емес, шетелдің дәрі-дәрмегін жарнамалап, табыс табуға көшкен сыңайлы. Олай деуімізге өнерпаздарымыздың қазіргі хит болып тұрған «Тик-Ток», «Инстаграмм», «Фейсбук» тағы басқа әлеуметтік желілерден түспей, өзінікі болса бір сәрі, өзге елдің өнімдері мен жетістіктерін жарнамалап әлекке түсіп жатқандарының куәсі болып жүрміз.

Қытайдың, Ресейдің, кәрістің, тағы да басқа шетелдердің түрлі бұйымдары мен тұрмыстық техникаларын жарнамалап, «керек десеңіз, есігіңіздің алдына дейін тегін апарып береміз. Бүгін 30-50 пайыз жеңілдікпен беріледі. Тез алдыруға қам жасаңыз, әйтпесе кешігіп қаласыз» деп, бар өнерін салып, қара сөздің сорпасын сапырады. Әсіресе, дәрі-дәрмектердің жарнамасы сұмдық. Кемпірді қыз қылатын, шалдан жігіт жасап шығаратын түрлі дәрілердің жарнамасы жетерлік. «Дәрігерге барып уақытыңызды құртып, әуреленбей-ақ, бірден осы дәріні ішсеңіз, құлан таза айығып, тәтті сезімге беріліп жазылғаныңызды білмей қаласыз…..» деп үстемелеткенде шынымен ойланып қалады екенсің. Жап-жас әртіс, әншінің осы аурумен ауырып түзеліп кеткеніне сендіре сөйлеп, келесі әртіс те өз қолына ұстаған дәрісінің қуатын тура алдындағысындай қайталап отырады. Адам ағзасына пайдалы деп жарнамалап жатқан дәрілердің арнайы дәрігерлік тексеруден өткен-өтпегенін кім біледі? Әжептеуір елге танымал болып қалған әртіс, актерлардың ер мен әйелдің қарым-қатынасына қатысты түрлі өнімдерді жарнамалап тұрғандарына қарап қарадай жаның күйзеледі екен.
Одан бөлек, қазір әлеуметтік желіні ұтыс ойынын ұйымдастырушылар мен жарнама жасаушылар жайлап алды десек болады. Соңғы кезде өздерін «қайраткермін», «ғылым адамымын» деушілер де жарнамаға жармасып шыға бастады. Атақты ғалым, қайраткер, спортшыларды да жарнамадан жиі көретін болдық. Әлеуметтік желіні, оның ішінде жарнаманы бас пайдасына тиімді пайдаланатын пысықтар өз бұйымдары мен пәтерін немесе көлік ұтысына лоторея ойнату арқылы пайда табатын әдіс етіп алды. Тер төкпей, ойын арқылы баюды ойлайтын аңғал қазақ ұтысқа жету үшін мүмкіндік көбірек болса деген оймен бір емес, бірнеше билет алып әлеуметтік желінің құйтырқы шырмауына түсіп, өз-өздерін алдап жүргендер көбейді. Мені ойландыратыны, өзіміздің қазақ азаматтарының кейбір тұрмыстық, өндірістік, өнертапқыштық жаңалықтарын насихаттауға неге құлқымыз жоқ? Өзіміздің ізденімпаз, өнерлі азаматтарымыздың ойлап тапқан сумен жанатын пеш, қимен өндірілетін газ, гомусты қимен өндіріп тыңайтқыш құрттарын өсіретін тағы да басқа түрлі жаңалықтарды неге насихаттамаймыз?
Қазақ жастарында өнерлі, білімділер аз емес. Өнеріне қолдау таппағаннан кейін, өзінің біліміне сенген азаматтарымыз шетел асып жатыр. Алысқа бармай-ақ іргеміздегі Мойынқұм ауданындағы сұңғыла шөптен жасалып жатқан дәрілік қуаты көш ілгері шай шөптің емдік қасиеті Индияның, Ауғанстан, Түркияның дәрілерінен оқ бойы озық екенін неге айтпаймыз? Тоқсанға келген бір қарияның керемет деп жарнамалаған шетелдік дәрілерді ішіп: «бәрібір өзіміздің жантақ шәйға жетпейді екен» дегенінде де бір гәп бар.
Елімізге инвестициялық жоба қуаты орасан зор зауыттар салып беріп жатқан қытайлықтар біздің даламыздағы емдік қасиеті бар өсімдіктерді көріп, кез келген шөптің дәрілік қасиетін білмей, сырттан ем іздеп дәрі алдыратынымызға таңқалады екен. Тіпті, даламыздың тұнып тұрған дәрілік өсімдігіне қарап «сендер кен өндіретін завод салмай-ақ, дүние жүзін бағындыратын дәрі шығарып байитын елсіңдер ғой» деп те ақыл айтыпты.
Осындайда ойға оралатыны, жергілікті табиғи шөптердің құрамын зерттеп, неге дәрілік өнім жасайтын өндіріс орындарын ашып халық игілігіне жаратпасқа?.. Ғылым жаңалығына қажетті шикізатымыз жеткілікті. «Теңіз түбіндегі балдыр шөптен, акуланың жүрегінен, мұхитта өмір сүретін өрмекші балықтың сығындысынан жасалған, кез келген ауруға ем болады» деп рас-өтірігі белгісіз сарнап, қақсаған жарнамашылардың азғыруымен алып қолданған дәрі–дәрмектерінен ауруына ауру қосып жатқан ағайындарымыздың да өкпе-реніші жетерлік. Әйтеуір, сөзге тез елітетін ағайындарымыз дәрігерге қаралмай-ақ, жарнамалық үгітке имандай сеніп, өз-өзіне дәрігер болып емделіп жатқан сыңайлы.
Әлеуметтік желінің «кереметтерін» басқа халықтардан көрі біздің ағайындар көп көріп жатыр десек, өтірік айтқандық емес. Телеарналардан да еліміздегі күнделікті болып жатқан жаңалықтарды көре бастағаннан кез келген хабардың арасына кіріктірілген жарнамалардан не көріп, не ұққаныңды білмей қаласың. Жарты сағаттық жаңалық хабарды ту-талақай қылған жарнама құдіретіне таңқалғаннан басқа амал жоқ. Дүниежүзілік зерттеу ұйымдарының сараптамасы бойынша Қазақстан Республикасының тұрғындары әлеуметтік желіні пайдалану жөнінен алдыңғы қатарда екен. Ал, желіні ең аз пайдаланатын неміс халқы екендігі анықталған. Бірақ бұл сараптау нәтижесі дәл анықталғанын да біз кейде мойындамаймыз-ау…

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.